Батырларға қойылған ескерткіштер

Батырларға қойылған ескерткіштер
Фото: massaget.kz

Қала ішінде тұрған тарихи ескерткіштер – бұл бір жағынан бүгінгі ұрпақтың бабаларға, өткенге деген құрметінің белгісі десек, екінші жағынан көшелердің сәнін келтіріп тұратын дүние. Дегенмен, ескерткіштердің негізгі миссиясы басқада болар. Бұл өнер туындылары жас ұрпақты білуге, ізденуге шақырып, сол арқылы ерлікке баулитын құрал десек, қателеспеспіз. Бүгін біз Алматыны бір аралап, қаладағы батырларға қойылған мүсіндерді суретке түсіріп қайттық. Назарларыңызға сол ескерткіштер туралы қысқаша мәлімет ұсынбақпыз.

Абылай хан ескерткіші

Қазақ-жоңғар соғысында ерлігімен көзге түскен, Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі болған Абылайға қойылған бұл ескерткіш даңқты тұлғаның атымен аталатын көшенің солтүстігіндегі Алматы-2 вокзалының алдында орналасқан. 2000 жылдың 16 желтоқсанында қойылған бұл мүсінді жасау жұмыстарына бірнеше адам қатысқан: авторлық ұжым жетекшісі – С.К.Баймағамбетов, мүсінші – К.К.Сатыбалдин, архитекторлар – Т.Е.Ералиев, З.С.Баймағамбетов, В.И.Сидоров, құрастырушы – М.Е.Еркінов, құю жұмыстары – А.В.Волков. Мүсін үстіне шапан, басына қалпақ киген хан әбзелдері әдемі оюмен өрнектелген тұлпарына мініп, қолындағы қамшысымен оңтүстікті нұсқаған күйінде бейнеленген. Айта кетерлігі, қамшы көрсетіп тұрған бағытты ала жүрген адам көше соңында ҚР Ұлттық кітапханасына барып тіреледі. Мүсіншілер туындыны жасар кезде мұнда бір пәлсапалық ой салды ма, жоқ па – белгісіз.

Райымбек батыр ескерткіші

"Саяхат" автобекетінің оңтүстігінде Пушкин көшесі мен Райымбек батыр даңғылының қиылысында орналасқан бұл мүсін Жетісу мен Қаратау өңірлерін жоңғарлардан азат еткен қолбасшы, аты Ұлы жүз Албан руының ұранына айналған Райымбек батырға арналып, 2012 жылдың 7 желтоқсанында қойылған. 12 метрлік ескерткіш – мүсінші Едіге Рахмадиевтің жұмысы. Арғымаққа мініп, солтүстікке қарата найзасын көтеріп тұрған мүсіннің іргетасында батырдың өмір сүрген жылдары және ақын Мұқағали Мақатаевтың "Ұрпағыңа медет бер, Ұлы бабам!" деген сөздері жазылған. Айта кетерлігі, Райымбек батыр осы ескерткіштен үш жарым шақырым жерде, өз атымен аталатын даңғылдың бойында жерленген.

Бауыржан Момышұлы ескерткіші

Кеңестер Одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлына қойылған бұл ескерткіш 28 Панфиловшылар паркінің солтүстік кіре берісінде орналасқан. Қоладан құйылған мүсін батырдың жүз жылдығы қарсаңында 2010 жылдың 10 желтоқсанында орнатылды. Оның авторлары Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев есімді мүсіншілер. Екі жағында қос зеңбірек тұрған ескерткіштің биіктігі – 6 метр.

Әли Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіші

Ел арасында "Әлия-Мәншүк саябағы" атанып кеткен бақта тұрған бұл ескерткіш қашанда есімдері қатар аталатын қазақтың ержүрек қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүік Мәметоваға арналып қойылған. Оның ашылу салтанаты 1997 жылдың 25 қазанында өтті. Мүсінші К.К.Сатыбалдин қос қыздан бөлек, ескерткішке Жер ғаламшары мен бейбітшіліктің символы көгершіндерді ұшырып тұрған сәбилерді де қосқан. Бұл жер бетінде мәңгілік тыныштық сақталсын дегенді білдірсе керек. Әлия мен Мәншүк те сол тыныштық жолында құрбан болған жандар емес пе?!

Даңқ мемориалы

Бұл ескерткіш 4 бөліктен тұрады. Соның ең үлкені әрі ортаңғысы екінші дүниежүізілік соғыста Мәскеуді қорғап, ересен ерлік көрсеткен Панфиловшылар дивизясына арналады. Кеудесін оққа тосқан батыр мен оның жанындағы серіктері бейнеленген мүсіннің тура алдына мәңгілік алау жағылған. 1975 жылдың 8 мамырында ашылған мемориал әлі күнге дейін қала тұрғындары мен қонақтары жиі барып тұратын ескерткіштер қатарында. Жылда "Жеңіс күні" қарсаңында халық осы жерге келіп, ескерткішке гүл шоғын қоюды әдетке айналдырған. Жоба авторлары – Т.Басенов, Р.Сейдалин, В.Ким, мүсіншілер – В.Андрщенко, А.Акимович.

Ауғанстан және басқа елдер аумағында әскери іс-қимыл кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге қойылған ескерткіш

28 Панфиловшылар паркіндегі тағы бір ескерткіш "Даңқ мемориалының" шығысында орналасқан. Ол Ауғанстан және басқа елдер аумағында әскери іс-қимыл кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арнап қойылған. Мәтінде "Ауған соғысына" басымдық берілгені де бекер емес. 1979-1989 жылдары болған бұл соғысқа Қазақстаннан 22 269 адам қатысқан, соның 924-і қаза тапса, 21-і хабарсыз кеткен.

Y. Almabek