- Негізгі бет
- Беткеұстар
- Бауыржан Байбектің біз...
Бауыржан Байбектің біз білмейтін қырлары
Жексенбі күні ел билігінде ауыс-түйістер болды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов "Астана ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалса, оның орнына Бауыржан Байбек келді. Жаңа әкім осыған дейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген болатын. Бүгін жаңа әкімнің біз біле бермейтін қырлары туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 1974 жылдың 19 наурызында дүниеге келген. Әкесі Байбек Қыдырғали Мұқаметәмірұлы да жоғарғы лауазымды қызметкер болған. «Алматы қаласы бойынша жолаушыларды тасымалдау» КМК бастығының орынбасары болған. Елбасымен бір сыныпта оқыған. Ал Бауыржанның өзі жұмысын Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі - ГФР-дағы ҚР Елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысынан бастады. 2002 жылы ҚР Президенті әкімшілігі жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы болды. 2003 жылы - ҚР Президенті Хаттамасының ақпарат пен талдау секторының меңгерушісі, 2004 жылы - бас инспекторы, 2006 жылы — Хаттама жетекшісі қызметтерін абыроймен атқарды. 2009 жылдың тамыз айында ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болды.
Бауыржан Байбектің біз білмейтін қырлары көп. Әкесі де, анасы да музыка өнерін жоғары бағалаған. Ал өзі болса Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің фортепиано сыныбы бойынша тәлім алған. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропадағы ең беделді өнер ордаларының бірі - Германияның Любек қаласындағы музыкалық жоғары мектепті бітірген. Он саусағынан өнер тамған Бауыржан Байбек дәстүрлі қазақ әндері мен классикалық музыкамен қатар, джазды қатты ұнатады. Әсіресе, неміс және ағылшын тілдерінде ән айтқанды жақсы көреді екен.
Бауыржан Байбек – полиглот. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған барлық қазақстандық жастардың көшбасшысы.
- Бауыржан Байбек - жоғарғы лауазымға тағайындалып отырған "Болашақ" бағдарламасының бірінші түлегі. Ол сыртқы істер министрлігі жүйесінде, Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қасымда жұмыс істей жүріп, менің қызметімді көрді, бүкіл республикамызды аралады, маңызды сайлау науқандарына қатысты. Бізді алда парламенттік сайлау күтіп тұр. Бұл - оңай сынақ емес. Оның қала алдында тұрған міндеттерді елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында сіздермен бірлесіп шеше алатынына сенімдімін, - деді.
Алматы қаласының жаңа әкімі - кәсіпқой спортшы да. Бауыржан қолынан фортепианода ойнау ғана келетін жан деп есептесеңіз, қатты қателесесіз. Кезінде шығыс жекпе-жек түрі — каратэмен шұғылданып, Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған. Суда жүзу мен атқа мінуді хобби санайды. Cондай-ақ, «Государственный протокол Республики Казахстан» (Қазақстан Республикасының мемлекеттік протоколы, авторлар құрамында) (2004), «Руководство по Государственному протоколу Республики Казахстан» (Қазақстан Республикасы мемлекеттік протоколы бойынша нұсқаулық) (2005) кітаптарының авторы, «Один год Президента» (Президенттің бір жылы) кітабының құрастырушысы. Саяси ғылымдарға қатысты бірнеше мақаланың авторы.
Бауыржан Байбек жары Жанар Рахметовамен бірге Інжу мен Жарқынай атты екі қыз тәрбиелеп отыр.
Бауыржан Байбек «Құрмет» (2008) орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен, ҚР Президентінің алғыс грамоталарымен (2001, 2010) марапатталған. Алматы қаласының әкімі қызметіне 9 тамыздан бастап кірісті.
Ақпараттар ғаламтор беттерінен алынды
О. Сансызбай