Қазақстандық студент БҰҰ мінберінен сөз сөйледі

Қазақстандық студент БҰҰ мінберінен сөз сөйледі
Фото: 24.kz

Қазақстандық студент Олжас Сүлейменов БҰҰ-ның ұйымдастыруымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық жастар форумында сөз сөйледі.

Шанхайдың Тонгжи университетінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан жерлесіміз биыл БҰҰ-ның «Көп тілдер – бір әлем-2015» атты дүниежүзілік шығармашылық сайысына қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылған болатын. Ұйымдастырушылар әлемнің 130 елінен БҰҰ-ның ресми 6 тілінде жазылған 3500 студенттің шығармаларын саралап, ең лайықты деген 70 жұмысты таңдап алғаны белгілі. Олжас шығармасын қытай тілінде жазған. Осылайша, жаһандық әйгілі институттың мінберінен сөз сөйлеу мүмкіндігі бұйырған отандасымыз өзінің баяндамасын қоршаған ортаны қорғау мәселелері мен Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесі тақырыбына арнады.

«Құрметті достар, бала күнімде мен БҰҰ-ның мінберінен өз ана тілімде сөз сөйлеуді армандайтынмын. Ол арманым дәл қазір орындалды. Енді менің келесі арманым – болашақ ұрпағымыздың дені сау өмір сүруі», - деп бастады баяндамасын ол. Әлемде ядролық қарудан тұңғыш болып біржолата бас тартқан Қазақстан басшысының көрегендігін тілге тиек еткен Олжас елімізде жасыл энергетикаға айрықша басымдық беріліп отырғандығын айтты. Бұл ретте өзі білім алып жатқан Қытайдың ластанған экологиясын мысал етті. Сондай-ақ әлем халықтарының ауқатты және салауатты өмір сүруі үшін таза ауызсу, күтімді санитарлық-гигиеналық жағдай және таза қоршаған орта қажеттігін атап, күрделі мәселені шешу жолдарын келтірді. «ДДҰ-ның дерегінше, бүгінде әлемде тіркелген 33% аурулар тікелей қоршаған ортамен байланысты. Соның 2/3-cі балаларға кесірін тигізуде», - деп атап өтті қазақстандық студент. О.Сүлейменов әріптестерін жасыл энергетиканы жаңғырту ісіне жұмыла үлес қосуға үндеп, Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесін көріп қайтуға шақырды.

Н. Айдархан