Жас гроссмейстер Жансаяның жанкүйерлер білмейтін қырлары

Жас гроссмейстер Жансаяның жанкүйерлер білмейтін қырлары

Елімізде шахмат спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарда да отандастарымыз жүлделі орындардан көрінуде. Соның айқын бір дәлелі ретінде, 14 жасында гроссмейстер атанған қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлікті айта аламыз. Оның шахматтағы жетістігі – отбасын ғана емес, отандастарымызды да қуантып келеді. Осыған орай, бүгінде жас шәкірттерді тәрбилеп отырған Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының вице-президенті, спортшының анасы Алма Әшіровамен сұхбаттасқан болатынбыз. Біздің жаңадан ашылған «Беткеұстар» айдарының бірінші кейіпкері де Жансая болмақ. 

Басы

- Әлем таныған қазақ шахматшы аруының есімін кім қойды? 

- Жансая дүниеге келуі туралы бәрі білетін шығар... Есімін атасы қойған. Атасы Әбдімәлік Манапұлына түсінде ақсақалды бір қария келіп «Немерең қыз болады. Оның есімін Жансая деп қойғаның жөн. Сосын тегін өзіңнің атыңа жаздыр. Осы қыз түбінде сені төрткүл дүниеге мәшһүр етеді» деген. Содан атасы тегін өзіне жаздырды. Ал біз бұл қыз кім болады? - деп сұрағанымызда, атасы «ол жағын айтпады» деп жауап берді. Біз қыз бала болғасын мүмкін биші болар, мүмкін әнші болар деп ойладық. Кейін бұл аян ұмыт қалды. Кейіннен Жансая үлкен ағасымен шахмат ойнағанда ғана барып, бұл қыздан үлкен шахматшы шығатынына көзімізді жеткізгендей болдық. Себебі, ол енді шахмат әліппесін біліп жүрген уақыттың өзінде үлкен адамдар ойлай білмейтін жүрістерді жүріп, таң қалдырды. Әкесіне түсіндіріп те бере алды. Сонда барып, атасының аяны осы екен ғой деп біз бір-бірімізге қарадық.

- Жаңа айтып қалдыңыз, «қызымыз әнші, болмаса биші бола ма деп ойладық» - деп. Жалпы Жансая ән мен биге әуестеніп, өлең жазуға құмартып, сахнаға шығып өнер көрсеткен кезі болды ма?

- Сіз айтқандай сахнаға шығып өнер көрсеткен жоқ. Музыка тыңдағанды жақсы көреді. Бірақ, өзі ән айтып, өлең шығарып, сахнаға шықпаған.

- Жансаяның ең есте қалған жеңісі есіңізде ме?

- Біздің бәріміз уайымдап, қобалжыған, ең есте қалған жарысымыз – ол Жансаяның бірінші әлем чемпионаты.. 2008 жылы Вьетнамда өтті. Ол кезде Жансая 11 ойын ойнады. Біз сол чемпионатқа көп дайындалдық. Жансая да жеңіске жететініне сеніммен аттанды. Бірақ, бірінші ойында ортаңқол ирандық шахматшыға есе жіберіп алды. Біз қобалжығандықтан, ол да қобалжыды ма, әйтеуір жолы болмады. Біз де қатты уайымдай бастадық. Алда әлі мықтылар бар. Олармен ойын қалай болар екен деп ойладық. Сосын Жансаяға еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқан ақпараттарды көрсетіп, ел үміт артып отырғанын нықтап айттым. Жансая да әлі жеңемін деп сеніммен айтты. Нәтижесінде кейінгі 10 ойынында да жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Ал бірінші ойынында жеңіп кеткен Иран қызы қорытындысында 44-46-шы орындардан көрінді. Бұл жарыс – біздің жүрегімізде қалып қойды. Ұйымдастыру деңгейі де жоғары болатын. Одан кейінгі әлем чемпионаттары дәл солай ұйымдастырылғанын байқаған жоқпын.

- Шахматтан өзге қандай спорт түрлеріне құмартады? Зияткерлік ойындар қатарында ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ та бар. Жансая тоғызқұмалақ ойнай ала ма?

- Жансая тоғызқұмалақ ойнап көрген жоқ. Бапкерлері Жансаяға тоғызқұмалақ үйретейік дейді. Бірақ, уақыт табылмай жүр. Үйренгісі келеді. Өзге спорт түрлері болғанда, физикалық тұрғыдан дайындалу үшін ғана жаттығулар жасап тұрады. Әсіресе, жүзуді өте жақсы көреді. Сонымен қатар, өте мықты жүзе де алады. Мысалы, ғаламтордан су астындағы түсірілген камералардың видеосын көріп, соны қайталап үйренеді. Майкл Фелпстің өнерін өте жоғары бағалайды. Жүзу стильдерін де жақсы меңгерген. Қалай дем алу, қалай қолды сермеп жүзу, оның барлығын жақсы біледі. Одан кейін судокуді керемет шығарады. Біз оған оны ойда-жоқта көрсеткен едік, қазір ол бізден қайда жақсы ойнайды. Біз әкесі екеуміз де ол ойынды жақсы көреміз. Бірақ, бізден кейін үйренген Жансая мықты меңгеріп алған. Қиын-қиын деңгейлерін көбіне ұшақта, болмаса ойын уақытын күткенде шығарып отырамыз. Барлығын оңай шешетін Жансая әкесін әлі таңдандырып келеді. Қалай шештің деп сұрағанда, «оңай ғой» деп жауап береді.

- Біздің сайттың бір оқырманы қызықты сұрақ қойған екен. Жансаяның IQ деңгейі қандай екен? - дейді.

- Біз Жансаяның IQ деңгейін анықтайтын сынаққа қатысып көрген жоқпыз. Қатысқанда біз сізге бірінші болып айтатын боламыз.

- Жансаяның бапкері туралы айта кетсеңіз?

- Жансаяның қазіргі бапкері – Владимир Чучелов (Бельгия). Халықаралық гроссмейстер. 2014 жылғы ФИДЕ қорытындысы бойынша ең үздік бапкерлер санатына енеді. Ол кісі үш-ақ шахматшыны жаттықтырады. Оның бірі – Фабиано Каруана (Италия, гроссмейстер). Ол әлемдік рейтингте екінші орында. Одан кейін Әзірбайжан елінің гроссмейстері Тимур Раджабовты жаттықтырады. Ол әлемде алғашқы ондыққа кірсе керек-ті. Одан кейін – Жансая. Владимир Чучелов алғаш рет қыз баланы жаттықтырып жатыр. Жансаяға дейін қыз балаларды жаттықтырмаған.

- Бельгиялық бапкер қашаннан бері жаттықтырып келеді?

- Біз ол кісімен 2012 жылы таныстық. Ол бізбен жұмыс жасауға ұсыныс жасады. Бірақ, ол кезде Жансаяның басқа бапкері болды. Біраз ойлануға тура келді. Оның үстіне әлемдегі мықты бапкерлердің бірі болғандықтан оқытатын бағасы да жоғары болды. Кейіннен Жансаямен ақылдаса келе сессияларына қатыстық. Ал негізгі бапкері ретінде халықаралық гроссмейстер Давид Арутанян жұмыс жасап жүрді. Ол қазір де біздің академияда сабақ береді. Жансая Қазақстанда болса, сонымен бірге жаттығу жасайды.

- Ал қазіргі бапкерімен қалай жаттығу жұмыстарын өткізіп жүр? Ғаламтор арқылы ма?

- Иә, ғаламтор арқылы. Таңертең Еуропадағы бапкерімен, түс ауа академияда, болмаса керісінше таңертең осында, кешкісін Еуропадағы бапкерімен жаттығады. Бельгияда сессияға барып тұрады. Алдағы командалық әлем чемпионатынан кейін, 1 мамыр күні Бельгияға аттанады.

- Жансая күніне қанша уақытын шахматтағы шеберлігін арттыруға арнайды? Бос уақытын қалай өткізеді?

- Жансая бос уақытында сабағын оқиды, кітап оқиды, сурет салады. Сурет салғанды қазір өте жақсы көреді. Ешкім үйретпесе де, суреттері керемет деп айтуға болады. Дарыны бары байқалады. Жүзуге апарамыз. Көп уақытын жаттығуға арнайды.

- Қазір Жансая мектеп қабырғасында білім алуда. Болашақта қызыңыздың қайда білім алғанын қалайсыз?

- Шынымызды айтсақ, ол туралы әлі ойланбаппыз. Себебі, әлі уақыт бар. Біздің қазіргі мақсатымыз – шахматтағы шеберлікті арттырып, жоғары деңгейге көтерілу. Жансая нағыз кәсіби шахматшы боламын дейді. Біз оған 18 жасқа дейінгі уақытыңды дұрыс пайдалан деп ақыл айтамыз. Сол уақытқа дейін өзіңді барынша танытуға тырыс дейміз. Одан кейін оқисың, жұмыс жасайсың, уақыт табу қиынырақ болады деп айтып отырамыз. Оған дейін өзі де бір таңдау жасар.

- Кітап оқиды деп айтып қалдыңыз. Қандай кітаптарды ұнатады? Қандай жанрлардағы киноларды көп көреді?

- 15 жаста болған соң, балаға бәрі де қызық. Жансая барлығына қызығады. Шахматшы болса да, бәрібір бала ғой әлі. Сондықтан оған бәрі қызық. Тек публицистиканы оқиды десем, ол дұрыс болмайды. Кітаптардан көбіне шетел әдебиетін оқиды.

- Бүгінде Алматы мен Шымкент қалаларында Жансая Әбдімәлік атындағы академиялар жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта өзге қалаларда да академиялар ашу жоспарларыңызда бар ма?

- Әрине, жоспарымыз көп. Соңғы жылдары шахматқа сұраныс артып келеді. Ата-аналар өзге қалалардан хабарласып сұрап жатады. Бірақ, ең басты мәселе – мамандардың жетіспеуі. Академиялар ашқанмен, онда білікті мамандар болмаса, одан не пайда? Осыған келгенде аздап ақсап тұрмыз. Алғашында Алматыда академия ашылғанда қанша оқушы келер екен деп уайымдадық. Бірақ, қазір сол кезде үлкен болып көрінген академия қазір кішірейіп қалғандай. Себебі, қазір мұнда 300-дей бала білім алуда. Бапкерлер жан-тәнімен бар білгенін үйретіп келеді. Біз ата-ана алдында баланың нәтижелерімен бөлісіп отырамыз. Себебі, олар алтын уақытын бөліп бізбен дайындалуда. Оған біз жауаптымыз. Көптеп филиалдар ашып тастауға болады. Бірақ, білікті бапкерлерсіз жасалған құр дүние зая кетеді. Алдағы уақытта Алматыдан тағы бір академия ашуды жоспарлап отырмыз. Бапкерлермен де келіссөздер жүргізіп қойдық. Жөн-жосығы қарастырылуда. Мемлекет демеушілік көрсетуге дайын екенін жеткізді. Оған ризамыз. Жаңа академияда 600-дей балаға шахмат үйретуді жоспарлап отырмыз.

- Ал Шымкенттегі шахмат үйірмесінің тыныс-тіршілігі қалай?

- Үйірме ретінде жұмысын жасап келеді. Педагогикалық университет демеушілік жасап, қолдау білдіруде. Жергілікті бапкерлер жаттықтырады. Нәтижелері де жаман емес. Өзара кездесулер де ұйымдастырып тұрамыз.

- Құпия болмаса, академияда оқу ақысы қалай?

- Оқу ақысы құпия емес. Деңгейлерге байланысты балаларды оқытамыз. Бастауыш деңгей («Е») 13 000 теңгеден басталады. Нөлден бастап аптасына үш рет оқытады. Одан кейінгі деңгей («D») бастауыштан жоғары. Ол топқа 15 000 теңге төленеді. Оның да сабақтары аптасына үш рет өтеді. «С» тобында жартылай кәсіби ойыншылар оқиды. Олар аптасына 90 минуттан үш рет оқиды. Айына 18 000 теңге төлейді. «В» деңгейіндегі шахматшылар да осы бағамен оқиды. Одан «А» деңгейінде кәсіби шахматшылар тәлім алады. Олар спорт шеберлігіне үміткерлер. Олар айына 25 000 теңге төлейді. Сонымен қатар, бұл топта басқа жерлерде сабақ беретін бапкерлер де білім алады.

- Жекелей де дайындайсыздар ма?

- Әрине, шахматшыларды жекелей де дайындаймыз. Ақысы сағатына қарай 4 000 теңгеден бастап, бапкерінің дәрежесіне байланысты төленеді. Жақында әлем чемпионатына баратын балаларды білікті бапкерлер сағатына 3 000 теңгеден дайындауда. Ал Алматыда 3 000 теңгеден спорт шеберлігіне үміткер шахматшының өзі мұндай бағамен дайындамайды. Кейде бапкерлер ренжіп, неге төмен бағамен оқытасыздар деп ренішін білдіріп те жатады. Бірақ, бағаны көтеріп талантты баланың жолын байлауға болмайды. Бізде тұрмыстық жағдайына байланысты жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, Жансаяны оқытуға кезінде өзіміздің жағдайымыз болған жоқ. Сағатына 100 $ - дан сұрады. Ондай ақша ол уақытта қайдан болсын. Жансаяның шеберлігін арттыру үшін бір сағат аз екені рас болатын. Сондықтан біз Сингапурге бардық. Ол жақта Жансаяны тегін оқытты. Бар жағдайы жасалып, күніне қанша сағат оқиды, ол жағы өз еркінде болды. Екі жыл сонда оқып, шахматтағы шеберлігін арттырды. Сондықтан біз де басымыздан өткендіктен, кез келген деңгейдегі ақыны төлейсіз деген ата-ана алдында қатып қағидамыз жоқ. Бірнеше мүгедек балаларды тегін оқытып келеміз. Бір отбасыдан бірнеше балалар қатысатын болса, оларға да жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі таңда ата-аналар балаларын бірнеше үйірмелерге береді. Негізі ол дұрыс емес. Біреуімен ғана шұғылданған дұрыс. Біз талантты баланы байқайтын болсақ, ол туралы ата-анасына айтамыз. Бір үйірмеге ғана қатысқаны дұрыс екенін ескертеміз. Бапкерлер болашағы бар балаларды бірден байқайды. Ата-аналар тұрмыстық жағдайына байланысты ақша төлей алмай жатса, кейінірек төлеуіне рұқсат береміз. Пенде болған соң, қиындықтар кездесіп жатады. Бәрін де түсінуге тырысамыз.

- Сұхбатымыз да соңына таяған секілді. Соңғы сұрағымды қоя отырайын. 2015 жылға қандай жоспарлап қойып отырсыз?

- Жансая қатысатын жарыстар көп. Біз әрқашан жоғарғы нәтижені көздейміз. Рейтингті көтеруіміз керек. Қазіргі таңда 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемде алтыншы орында, ал өз жасы бойынша (16 жасқа дейін) әлемде бірінші орында. Ендігі мақсат - 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында бірінші орынға көтерілу. Сол жолда тер төгіп, жұмыс жасайтын боламыз.

- Сұхбатыңызға рақмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз! Жансаяның жоғары жетістіктерге жетуіне тілектеспіз!

Сурет: massaget.kz, kazchess.kz

Ө. Сансызбай