- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Бас прокуратура қазақстандықтарға...
Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жариялады
Заңға қайшы әрекеттерге қатысы бар адамдарға қолданыстағы заңнама аясында қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатын болады. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бас прокуратура заңсыз митингілерді, шерулерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтіндігін түсіндірген болатын. Осыған қарамастан, әлеуметтік желілерде жекелеген адамдар еліміздің ірі қалаларында осындай акцияларды өткізуге арандатушы шақырулар таратуын жалғастырып жатыр. Бас прокуратура заңды сақтауға, рұқсат етілмеген жария акциялар ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырады. Осы құқыққа қайшы іс-әрекеттерге қатысы бар адамдарға құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама шеңберінде қылмыстыққа дейінгі, ең қатаң шаралар қолданатын болады. Құқықтық тәртіп органдарының қызметкерлеріне күш көрсетуге және тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiнің жұмысына кедергі келтіруге итермелеп жатыр", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Осыған дейін, Бас прокуратура елімізде заңсыз жария акцияларға жол берілмейтіндігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда, жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады.
"Бұл ретте арнайы құралдар қолданылған жоқ. Құқық бұзушылар полицияға жеткізіліп, сот тәртібінде әкімшілік жауапқа тартылды. Заңсыз акцияларға және тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқандар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына, Қылмыстық кодекстің 400 және 405-баптарына сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеміз. Құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермейтін және оларды болдырмау үшін заңмен көзделген шараларды қабылдайды", - деді Бас прокуратура өкілдері.
Massaget.kz