- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "Бақытты отбасы" орталықтарында...
"Бақытты отбасы" орталықтарында қандай көмек көрсетіледі?
Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталықтары жұмыс істейді. Бүгінде олардың саны – 9. Бұл орталықтар қандай көмек көрсетеді? Қандай жағдайда қол ұшын соза алады? Осы сауалдарға Медеу ауданының "Бақытты отбасы" орталығының басшысы Саметова Толқын Төлеушайыққызы жауап бере кетті.
– Толқын ханым, сіздің (Медеу ауданының) орталығы қай уақытан бері жұмыс істеп келе жатыр? Орталығыңыз туралы жалпы ақпарат айтып кетсеңіз?
– Біздің Медеу ауданының орталығы 2019 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Орталықтың негізгі мақсаты орталыққа келушілердің әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік тұрғыдағы сұрақтарына жауап беріп, мәселелерімен толыққанды жұмыс істеу, әйелдерді өздері мен балалары үшін сапалы өмір құруға ынталандырып, кәсіпті нөлден бастауға мүмкіндік беру, қаладағы аз қамтылған отбасы егелерін бүгінгі күнде пайдалы әрі оңай бейіндік курстар жүргізіп белгілі бір салада маман иесі атануға мүмкіндік беру.
– Орталықтарыңыз айтылған көмек шараларын қалай жүзеге асырады?
– Тұтынушылармыздың әлеуметтік, психологиялық және заңдық тұрғыдағы сұрақтары мен шешімдері бойынша жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер, психолог және заңгер мамандарымыз онлайн және оффлайн форматта кеңес беру қызметін атқарады. Сондай-ақ балаларға және аналарға арналған бейіндік курстарымыз бар.
– Бейіндік курстары жайында толық мәлімет бере кетсеңіз?
– Әзірше біздің орталықта 5 түрлі курс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде: массаж, тігін, бау-бақша күтімі, бизнес жоспарлау және ұялы телефондарды және гаджеттерді жөндеу курстары бойынша мамандарымыз келушілерді оқытуда.
– Курстар ақылы түрде жүргізіледі ме?
– Жоқ, курстар ақылы емес. Біздің орталықтың барлық курстары және қызметтері, көмек ретінде тегін көрсетіледі.
– Сіздің қызметтеріңізге кімдер жазыла алады?
– Жалпы "Бақытты отбасы" орталықтарының қызметтеріне көпбалалы, аз қамтылған, толық емес немесе мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және жалпы көмекке мұқтаж жандар жазыла алады.
Сұхбатта айта кеткендей, орталықта заңнамалық, психологиялық, әлеуметтік, медициналық, білім, тұрғын үй және басқа да мәселе бойынша ақпараттық-кеңестік, түсіндіру және ресурстық қолдау көрсетіледі. Медеу ауданының "Бақытты отбасы" орталығы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын.
Мына нөмірлер арқылы хабарласа аласыздар:
8-705-110-30-38 Азалия
8-707-550-95-01 Жанар
немесе қызметтерге мына Телеграм чат-бот арқылы онлайн жазыла аласыздар: Medeu_BO_bot
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Медеу ауданы, С. Нұрмағамбетов көшесі, 412 үй.
Н. Үсенова