- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Әйгілі бүркітші қыз...
Әйгілі бүркітші қыз Айшолпан отандық фильмнің кейіпкеріне айналды
Бүгін Орталық коммуникациялар орталығында «Қазақстан» РТРК АҚ тапсырысы бойынша түсірілген «Көшпенділер» атты деректі фильмге қатысты брифинг өтті.
Шараға Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, «Білім - Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Ермаханұлы, Моңғолияда тұратын әлемге танымал қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы мен анасы Алмагүл Көксеген қатысты.
Жобаның мақсаты – әр елде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршіліктеріндегі ерекшеліктерімен таныстырып, ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеу.
«Көшпенділер» деректі фильмінің негізгі мақсаты кезінде шетелге қоныс аударып, сол жақтарда тұрақтап қалған қандастарымыздың өмірі мен тұрмыс-салтын көпшілікке көрсету. Деректі фильмдер топтамасы 12 бөлімнен тұрады. Осы жобаны жүзеге асырған отандасымыз, белгілі режиссер Қанат Бейсекеев. Фильм Моңғолия, Ауғаныстан, Қытай, Түркия, Иран және т.б елдерді мекен еткен қазақтардың тағдыры жайлы баяндайды. Яғни, әр елде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, ерекшеліктері көрсетіледі.
«Көшпенділер» деректі фильмдер топтамасы Ұлттық арнадан 14 қазаннан бастап 23 желтоқсанға дейін эфирге шығатын болады. Сол фильмдердің алғашқысының кейіпкері ортамызда отырған Моңғолияда тұратын қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға бірінші рет келіп отыр»,-деді Ерлан Қарин.
Фильмнің кейіпкерлері кадрдан тыс мәтінсіз, бастарынан өткерген оқиғаларын, ата-бабаларының тарихын баяндайтын болады. Алғашқы фильмде Моңғолияда тұратын бауырларымыз атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлерді сөз етеді. Атамекеннен жырақта жүрген қандастарымыздың шынайы өмірі кез келген көрерменнің қызығушылығын оятары сөзсіз.
Айта кетейік, 2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі шыққан болатын. Алғаш рет 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі - құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» атты Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті.
Дереккөз: qamshy.kz
Т. Раушанұлы