Праймериз биыл елімізде алғаш рет өткелі отырғанымен, батыс елдерінде ол бұрыннан қалыптасқан саяси құрал. Дегенмен "Nur Otan" партиясы оны елімізде алғаш болып жүзеге асырмақ. Бұл партия жасаған мәдени революция дейді белгілі журналист Айдос Жұқанұлы.
Айта кетейік, "Nur Otan" партиясы жақтастары лигасының мүшелері zoom-конференция өткізіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды талқылады.
А.Жұқанұлының айтуынша, праймериз ашық әрі әділ өтуі үшін әрбір өңірде үміткерлер арасында өтетін дебат телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетілуі керек.
"Праймериз ашық өтуі үшін барлық облыста телеарна арқылы ашық дебаттар өткізу қажет. Өңірлердегі іріктеу осылай ашық өтіп, халық та оған қатысып, өз дауыстарын айтып жатса – бұл дұрыс өткен праймериз болар еді. Осылайша мықты тұлғаларды іріктеп, депутаттық корпустарды жасақтасақ, жемқорлықты жоюға, ашықтық қалыптастыруға жол саламыз", - деді журналист.
Оның айтуынша, праймеризге жергілікті әкімдердің араласуына жол бермес үшін қоғам белсенділері оның өтуін бақылауы тиіс.
"Праймериз деген Батыста бұрыннан бар әдіс қой. Бізге енді келіп жатыр. Ештен кеш жақсы. Бұл бізге өте қажет. Мұны мен "Nur Otan" партиясының мәдени революциясы деп айтар едім. Партия есікті ашты, енді оған баруымыз керек. Партияны біз – халық пайдалануымыз керек", - деді ол.
Журналист сондай-ақ, елдегі қазіргі ахуалға да тоқталды. Оның пікірінше, өңірлердегі дәрі-дәрмек тапшылығына әкімдерді кінәлау – дұрыс емес. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі жіберген олқылық дейді ол.
"Өңірлерде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі денсаулық сақтау министрлігінің жауапсыздығынан туындап отыр. Біз коронавирус пандемиясына мүлдем дайын болмай шықтық. Пандемия қазақстандықтардың ішкі мәдениеті жоқ екенін көрсетті. Егер осы мәдениетімізбен жүре берсек, коронавирустан қазір құтыла алмаймыз. Үкімет халыққа, халық үкіметке сілтеп жүрген кезде ауру ойына келгенін істеп жатыр. Әркім өзінің ішкі мәдениетін жөндеуі керек", - деді ол.
А.Жұқанұлы әкімдерді дәрі-дәрмектің бағасын реттей алмайтынын айтады. Өйткені, бұл нарық заңына қайшы.
"Облыс әкімінің қолында не бар?! Ол биліктің өкілі. Жекеменшік дәріханаларға не айта алады? Кәсіпкерлер өнімді қаншадан сатқысы келетінін өздері біледі, оған арзан сат деп айту – нарық заңына қайшы болады", - деп қорытындылады ол өз ойын.