- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Әскерге шақырту және...
Әскерге шақырту және босату туралы деректер
Қазақстан Республикасының әскери кәсібін танымал ету және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында бүгін біз сіздерге әскери қызметке шақыру тарихын және өзге де қызықты деректерді бөлісеміз.
Әскери қызмет адамның мінезі мен рухын күшейтетіні мәлім. Әскерден оралғаннан кейін адам танымастай өзгеріп келетіндер де бар: салмақты, төзімді әрі өз мақсатын айқындап та келеді. Тіпті араларынан мансап жолын Қазақстанның әскери қызметімен байланыстырғысы келетіндер де табылары анық. Мемлекеттік қызметтер әрі салмақты ұйымдардың басым бөлігі жұмысқа қабылдау барысында әскери билетті талап етеді.
Әскери қызметке дайындау тарихы:
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін әскери комиссариаттар ісі жаңа бағытқа ауысты. 1950 жылдан бастап 1990 жылға дейін түрлі кезең өтті. Мысалы 1954 жылы әскери комиссариаттар Қазақстандағы тың игеруге белсенді ат салысты. Жыл сайын егін жинауға жіберілген әскери міндеттілер мен техниканы жұмылдыру бойынша арнайы шаралар да өткізілгені анық.
Ал 1970-80 жылдар аралығында КСРО Қарулы Күштері жасақталған сәтте, Қазақстанның жеркілікті басқару органдары әскери қызметке азаматтарды шақырту туралы бұйрықты уақытында әрі артығымен орындады. Қазақстандағы әскери комиссариаттар жыл сайын 300 000-нан астам адам іріктеуден өткізіп, оларды мерзімді әскери қызметке шақырту шараларын қарастырып, оны орындаған.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдары қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерді барлық деңгейдегі офицер кадрларымен және мамандармен жасақтау үшін міндеттері орындалды. Мектеп кезінен бастап әскерге шақырылуға дейінгі дайындығына ерекше назар аударылды. Білім беру мекемелерінде "Алғашқы әскери дайындық" сабақтары қосылды. Жасөспірім арасында еліміздегі және шетелдік әскери мектептерге қабылдау жұмыстары қатаң іріктеуден өте бастады. Бүгінде әскери дайындық сабақтары жоғары сыныптардың міндетті пәніне айналды.
Әскерге шақырту қай уақытта келеді?
Әскери қызметке жарамды жасқа жеткеннен кейін, босатуға тұрарлық себеп болмаса, онда күзгі және көктемгі шақырту қолыңызға табысталады. "Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi. Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, өзге әскерлері мен әскери құрылымдарын жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады", — деп көрсетілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің арнайы ақпараттық сайтында.
Әскерге шақыртылғаннан кейін арнайы комиссиядан ретімен өту керек. Әскери қызметтен қашқан жағдайда шақыртылған азаматқа іздеу жарияланып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Медициналық комиссия:
Әскерге алыну барысында ең маңызды және шешуші бөлім – медициналық куәландыру. Бұл бөлімде азаматтың денсаулық жағдайы тексерістен өтіп, оның әскерге жарамды не жарамсыз екені анықталады. Медициналық комиссия екі бөлімнен тұрады. Біріншісі военкоматта аудандық шақырту комиссияның қарауымен өтеді. Оның нәтижесінде шақырту алған азаматты:
- Әскерге шақырылған азамат шақыруға жатады;
- Әскерге шақырылған азамат уақытша босатылады;
- Әскерге шақырылған азамат әскери қызметке шақыртудан босатылады;
- Әскерге шақырылған азамат әскери қызметтерді орындаудан босатылады.
Іріктеудің келесі бөлімі облыстық военкоматта өтеді. Ол жерде мынадай шешімдер қабылданады:
- Әскерден уақытша босату және шақыртудан босату;
- Азаматты қайтадан медициналық тексеріске жіберу;
- Аудандық комиссия мүшелерінің хабарламасын және шағымын тексеру.
Әскердегі қызметіне кедергі келтіретін ауру түрлері анықталған жағдайда азаматты медициналық тексерістен қайта өтуге жібереді. Комиссия шешімімен азаматтың әскерге жарамды не жарамсыз екені анықталады.
Азаматты әскерге іріктеу барысында мына сипаттамалар бойынша қаралады:
- денсаулық;
- отбасылық жағдайы;
- білім деңгейі.
Болашақ сарбаздар алдымен 300 психологиялық сұрақтан өтеді. Нәтижесі бойынша әскерге үміткердің психологиялық және мораль портреті жасалады. Сотталған және есірткіге тәуелділігі бар азаматтарды әскерге алмайды.
Денсаулық жағдайына сәйкес:
Азаматтар алдымен медициналық комиссияның қарауынан өтетінін айтқан болатынбыз. Олар 11 дәрігердің алдынан өтеді. Дәрігерлер әскерге жарамды не босатылатыны туралы анықтаманы 6 бөлімге жіктейді:
"А" – әскери қызметке жарамды
"Б" – аздаған шектеулерге қарамастан әскери қызметке жарамды;
"В" – әскери қызметке шектеу бар;
"Г" – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
"Д" – бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында белгілі бір шектулер бар.
"Е" – әскери қызметке мүлде жарамсыз.
Әскери қызметке келетіні не келмейтінін анықтайтын ауру түрлері бар. Мысалы туберкулез, көз ауруы, қатерлі ісік сынды дерттер кезінде азамат толығымен әскерден босатылады. Ауру түрлері жыл сайын жаңартылып отырады.
Отбасы жағдайы бойынша кімдер босатылады?
Отбасылық жағдайы бойынша азамат әскерден босатылады. Оны тек екі жағдайда береді: Біріншіден, әскерге шақырту алған азамат үйленген және кем дегенде бір баласы болуы тиіс. Екіншіден, өз туыстарының жалғыз асыраушысы ретінде танылған жағдайда босатылады. Туыстар тізімі мынадай:
- ата-анасы, әйелі;
- Зейнет жасындағы не I-II топқа жататын мүгедек ата-әжесі ғана болса;
- Ата-анасы жоқ, кәмелет жасына толмаған не I-II топқа жататын мүгедік бауырлары болған жағдайда;
- I-II топтағы мүгедек немесе кәмелет жасқа толмаған бір немесе одан көп баласы бар, жалғызбасты анасы/әкесі болған жағдайда;
- Әскерге шақыртылған үйінде жалғыз ұл болып, отбасындағы біреуде мүгедектік болған жағдайда әскери қызметтен босатылады.
Оқудағы азаматтар әскерден босатыла ма?
Оқуы жалғастаратын азамат тек оқу мерзіміне сәйкес әскерден уақытша босатылады. Олар мына жағдайда беріледі:
- Білім беру ұйымдарында ортақ орта білім алып жатқан жағдайда;
- Күндізгі оқу нысанында техникалық, кәсіби және жоғары білім алып жатқан жағдайда;
- Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсібі білім алып жатқан жағдайда азамат әскерден уақытша босатылады.
Тағы кімдер әскерден босатылады?
- Ауылдық аймақта орналасқан білім беру ұйымдарында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан мұғалімдер;
- Ауылдық аймақтарда өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан дәрігерлер;
- Қазақстан Республикасының Парламент депутаты немесе жергілікті билік өкілдері;
- Тергеу ісі жүріп жатқан не қылмыстық іс қозғалған азаматтар;
Бұндай жағдай олар қызмет мерзімі аяқталғанша жұмыстан босатылады, ал қылмыстық іс кезінде сот шешімі аяқталғанға дейін күтеді.