- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "Ашық үкімет" –...
"Ашық үкімет" – қолжетімді ақпараттар алаңы
2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін 100 нақты қадамды белгілеген болатын. Оның соңғы 10 қадамы "Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру" реформасын іске асыруға бағытталды. Жекелей тоқталсақ, 94-ші қадамда "Ашық үкіметті" енгізу, 96-шы қадамда орталық мемлекеттік органдардың статистикалық деректер базасына онлайн-қолжетімділікті жүзеге асыру міндеті қолға алынды.
"Ашық үкіметтің" мақсаты – халық алдында есеп беруге міндетті мемлекет құру. Оның жемқорлыққа қарсы күресте де көмегі тиеді. Жаңа технологияны мемлекетті басқаруда қолдана білуіміз керек.
2016 жылы 1 қаңтарда "ақпаратқа қолжетімділік туралы" Заң күшіне енген болатын. Ол Заңда осы "Ашық үкімет" порталында көпшілікке қолжетімді болатын ақпаратты орналастыру ережелері белгіленген.
"Ашық үкімет" 5 құрауыштан тұрады: ашық деректер, ашық нормативтік құқықтық актілер (НҚА), ашық диалог, ашық бюджеттер және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау.
Ашық деректер (https://data.egov.kz/) – мемлекеттік органдардың жалпыға қолжетімді ақпараттарының ораналасатын жері. Көп күш жұмсалған, өңделген және пайдасы көп ақпараттар осы уақытқа дейін бір пайдаланылған соң тек сол мемлекеттік органның мұражайында сақталып тұратын. Ал ол ақпараттар жалпыға қолжетімді болса, басқа да пайдасы болып қалуы әбден мүмкін. Сол мақсатта ашық деректер порталы жүзеге асырылып отыр. Ашық деректер порталында орналасқан ақпараттарды түрлі қосымшалар мен веб-сервистерді жасауға қолдануға болады. Сонымен қатар, ол ақпараттарды әлеуметтік, экономикалық және ғылыми зерттеулер кезінде талдау жасауға да пайдалануға болады. Қазір порталдың бұл бөлімінде 3064 деректер бар. Деректер санаттар бойынша бөлінген. Онда орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және де басқа ұйымдар бар. Сонымен қатар, үздік деректер жиынтықтарын және осы деректер негізінде жасалған қосымшаларды көре аласыздар.
Ашық НҚА (https://legalacts.egov.kz/) – нормативтік құқықтық актілердің жобалары мен мемлкеттік органдардың шешімдерін талқылауға және сараптамадан өткізуге азаматтардың да қатысуын қамтамасыз ететін портал. Порталдың жұмыс істеу кезінен бастап, 30 602 НҚА жобалары тіркелген. Сіз дауыс беруге және талқылауға қатысып, НҚА қабылдауына әсер ете аласыз.
Ашық бюджеттер (https://budget.egov.kz/) – азаматтардың мемлекеттегі "бюджет" ұғымы түсінігін жеңілдетуге, түсінуге және қаражаттың жұмсалуын бақылауға көмектесетін портал. Қазіргі таңда порталда 30 013 бюджеттік бағдарламалар саны бар. Халықтың мемлекеттік бюджетті бөлуіне, оны талқылауға қатысуы арқылы азаматтар мен үкімет арасындағы байланысты нығайтуға болады. Азаматтардың қандай да бір бюджеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы есептерге байланысты өздерінің ой-пікірлерін жазуға құқығы бар.
Ашық диалог (https://dialog.egov.kz/) – азаматтарға порталдың құралдары арқылы үкіметпен өзара әрекеттесу мүмкіндігін беретін алаң. Портал ашылғаннан бері өтініштер саны 239 969-ға жеткен.
Ашық диалог порталына мыналар кіреді:
- Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының блог-платформасы. Ол арқылы мемлекет органдарының басшыларына өзіңізді мазалап жүрген сұрақтарыңызды қоюға болады.
- Интернет-конференциялар.
- Сауалнама жүйесі. Ол соңынан ашылған құрауыш. Бұл жүйе түрлі сауалнамалар жасауға, оның нәтижелерін сақтап, тұтынушыларға беруге арналған.
- "Ұялы байланыс сапасына халықтық бақылау" сервисі. Ол арқылы азаматтар ұялы байланыс жұмысындағы түрлі проблемалар туралы шағымдарды тікелей ҚР "Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне" жіберуге мүмкіндік алады.
"Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау" порталы (https://evaluation.egov.kz/) – азаматтарға МО-дың бағалау жүйесімен танысуға, сәйке рейтингін қарауға, жоспарларын іске асыру туралы есептерімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл портал әлі де жүзеге асырылуда.
"Ашық үкімет" порталы арқылы сіз толық ақпаратқа ие бола аласыз. Ол қолайлы, ең бастысы, оны пайдалануды үйрену керек. Порталда ұсынылған ақпараттарды өз керегіне пайдалануға және түрлі талқылауға белсенді қатысу арқылы маңызды жобалардың жүзеге асырылуына өз үлесімізді қоса аламыз.
А. Жапатова