Ашық үкімет – ақпаратқа қол жетімділік

Ашық үкімет – ақпаратқа қол жетімділік
Фото: zhetysu.gov.kz

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған ұлт жоспары 100 қадам бағдарламасы бойынша алдымен орындалған қадамдардың бірі – "Ашық үкіметті" енгізу жоспары. Бұл қадам бағдарламада соңғы "Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру" бөліміндегі 94-ші қадамда "Ашық үкіметті" енгізу. АҚПАРАТҚА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ӘЗІРЛЕУ, ол мемлекеттік органдар иелігіндегі тек мемлекеттік құпия мен заңмен қорғалатын басқа да ақпараттардан өзге кез келген ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді деп көрсетілген.

Ұлт жоспары жөніндегі бағдарлама 2015 жылдың мамыр айында қабылданған болса, араға 7 ай салып дереу орындалған қадам ретінде осы заң шығаруды айтсақ болады, 2015 жылы 16 қарашада "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң 21 баптан тұрады. 2017 жылы 10-баптың 3-ші тармақшасына және 17-баптың 5-тармағына өзгерту енгізілді. Осы заң бойынша кез келген заңды немесе жеке тұлға мемлекеттік құпия саналмайтын кез келген ақпаратты алып пайдалануға, таратуға, жариялауға құқығы бар.

Мемлекет алға жылжып, дамуы үшін оның ашықтық бағыты болуы міндетті. Яғни ешқандай іс жасырын, назардан тыс қалыпта жүрмейді. Қарапайым халық үкіметке, ал мемлекет бұқара халыққа бір жағынан есеп беру ретінде, екінші жағынан еш ақпаратты құпия ұстамау мақсатында барлық мәліметті жариялап отырады. Мемлекет бюджеті қалай жұмсалып жатқаны, қандай жоспарды орындауға қанша қаражат бөлінгені және оның қалай орнымен пайдаланылғаны түгелдей дерлік халықтың көз алдында өтеді. Ол үшін арнайы "Ашық үкімет" сайтын да ашып, сол жерде барлық ақпарат жарияланып отыруы жоспарланған.

@. @assel_assanova