Павлодар облысына көңіл серпілтуге арнайы келген 130 арыстық балақайдың Баянауыл ауылында орналасқан облыстық "Жас дәурен" оқу-сауықтыру орталығында демалып жүргеніне бір апта уақыт болды. Демалушылардың ең үлкені 16 жаста болса, ең кішісі 1-классты енді аяқтаған екен. Көпшілігі Арыс қаласының өзінен, жартысы қала маңайындағы ауылдардан келіпті. Оларды бастап келген топтың жетекшісі Ақжарқын Кенжебекова балалардың көңілі көтеріліп, жандары жадырай түскенін айтады.
– Баянауылда бізді өте жақсы қарсы алды. Тұрғындардың мінезі табиғаты секілді жайдары екен. Қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, жабырқау көңілімізді уатуға тырысуда. Біз де болған жағдайды ұмытып, енді қайталанбауын тілейміз, – дейді Ақжарқын.
Туған жерінде орын алған апатты жағдайдың куәгерлері осы уақыт ішінде Баянауыл ауданының тарихи орындарына, қасиетті жерлеріне саяхат жасады. Әр саяхат сайын тұмса табиғат аясында өткен әр сәт үшін өздерін бақытты һәм қуанышты сезінуде.
Балғындар қызықты саяхаттардан бөлек, демалыс орталығында түрлі шығармашылық, спорттық, қолөнер үйірмелеріне белсенді атсалысады.
Бүгін арыстық балақайлар Жасыбай демалыс орталығына барып, көлге түсті, күнге қыздырынды, жағажай волейболы мен футболын ойнады. Көңілді саяхатқа Баянауыл аудандық "Баянтау" газетінің ұжымы да барып, балғындармен бірге көңіл көтерді.
– Мен Ережеп Молдабеков атындағы мектепті биыл аяқтадым. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 111 балл жинадым. Қазір қандай оқу орнына, қандай мамандыққа тапсыратынымды ойланып жатырмын. Демалыс бітіп, үйге барған соң, ата-анаммен, туған-туыстарыммен, достарыммен қауышып, мауқымды басқаннан кейін оқуға тапсырамын. Мүмкін Павлодар қаласына оқуға келетін шығармын.
Баянауыл өңірі өте керемет жер екен. Табиғатының сұлулығына тәнті болдық. Бүгін Жасыбай көліне арнайы келдік. Су бастапқы бетте салқын болғанымен, түскеннен кейін білінбей кетеді. Осындай демалыс үшін алғыс айтамын!, – дейді Мұхтар Сәлиден есімді демалушы.
Жағажайда өткен 2-3 сағат уақыт ішінде байқағанымыз балалар бір-бірімен тату екен. Үлкені кішісіне ақыл айтып, көмектесіп жүрді. Жетекшілерінің айтқанын екі етпей орындайды. Тіпті суға да кезек-кезек түсіп, бір бірін қарап, қадағалап отырды.
Балалар туған жерлерін, үйлерін сағыныпты. Жанарларында ойнаған еркелікті мұң жеңіп кете берді. Әр баланың жүрек лүпілінен "Төбемізді қара бұлт торламаса екен!" деген үмітті тілек естілгендей. Ертең сол мұң сейіліп, ата-аналарымен қауышқан сәтте қуаныштары еселенсе екен!.
Жұлдыз ҚАТАЙ