"Арманымдағы Қазақстан" байқауына жұмыстарды қабылдау аяқталды, енді ұйымдастырушылар қорытындысын дайындау үстінде, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанды 20, 50, 100 жылдан кейін қалай көретіндерін бейнелеген суретшілерден 200-ден астам жұмыс келіп түсті. Олардың арасында қызық дегендері, жобаның арнайы сайтында (artdream.kz) жарияланды.
Семейлік студент Полина Горяева болашақта Қазақстанды өзінің табиғи мұрасын сақтай отырып, технологиялық тұрғыда дамыған мемлекеттердің қатарынан көреді. Оның жұмысы "На крыльях будущего" деп аталады. Еліміздің әр тұрғыны кез келген уақытта самғай алатын қанатқа ие. Ал, егер қанаты талса, оларды кең дала мен әсем табиғат күтетін болады. Ал жасыл аймақтан дамыған қаланы еш қиындықсыз тамашалуға болады.
"Мен болашақта өзім және менің ұрпақтарым өмір сүретін аймақ жайында көп толғандым. Ол жерде міндетті түрде табиғат болуы шарт, ал мен еркін әрі бақытты болуым керек. Балаларым саяхаттауға мүмкіндік алып, өздерін жайлы сезінуі тиіс. Экология да, ғылым да жоғары деңгейде болуы шарт. Болашаққа мен үмітпен әрі жылулықпен қараймын. Біз болашақта сондай қалалар тұрғызатын боламыз", – деп армандайды бойжеткен. Автор әр бөлігіне егжей-тегжейлі мән берген. Ауада қалықтаған әдімі көбелектер көз қуантады. Олар адамдардан мөлдір шар арқылы жасырулы. Ғимараттар қазақтың ұлттық ою-өрнегімен көмкерілген. Суретте тау мен жасыл желек те бейнеленген.
Алматылық дизайнер Ақмарал Шаймағамбетова "Қыз қуу" ұлттық ойынын ерекше бейнелеген. Бойжеткен мен жас жігіт ат орнына ұшатын машина қолданған. "Жағдайдың өзгерісі мен жаңа технологияның пайда болуына қарамастан мен дәстүріміздің сақтаулы қалғанын құп көремін", – дейді автор.
Ежелгі өнер петроглифтерді қайта тірілтіп жүрген суретші Санжар Жұбанов өз ойындағы болашақты күнмен байланыстырған. Ол қызыл түсті қағаз бетіне гельді қалам арқылы нүктелермен күнді белгілеген.
Суретші өз суретін былайша түсіндіріп өткен: "Мәңгілік баба жерінің көгінде күн күлімдейді! Бұл бұған дейін де солай болған. Болашағымыз жарқын! Ол жер тым жарық болмақ. Жылулық, жарық пен күннің қуаты жерді мәпелейді. Біз бұл ағынды мейірімге айналдырамыз".
Тағы бірнеше қатысушы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының болашақ сипатын әртүрлі ұсынды. Суреттерде биотек түріндегі ғимараттарды көптеп кездестіруге болады. Суретшілер бізге айқын Бәйтерек, Хан Шатыр және Экспо ғимараттарын сақтап қалуға тырысқан.
Юлия Шульгинаның киіз үй түрінде жасалған жұмысы жүрекке жылу ұялатады. "Біздің өткеніміз – болашақ тарихымыздың тұтас бөлігі. Қандай жағдай болмасын, дәстүрімізді сақтап қаламыз дегім келді. Қазақстанның болашағы жарқын” – дейді автор.
"Арманымдағы Қазақстан" байқауының тағы бір қатысушысы Асылжан Мұқанов болашақта Қазақстан астанасы жасыл технологияға толықтай көшетініне сенімді. Соған қарамастан, Хан Шатыр астананың белгісі болып қалады.
Дәл сондай пікірдегі қатысушылардың бірі Жәнібек 100 жылдан кейінгі Қазақстан астанасының көркін бейнелеген. Тек бұл жолы қала символы – "Бәйтерек" монументі.
Байқаудың келесі қатысушысы Ғалия да астананы өзінше елестеткен. Ұшатын транспортпен бірге, самокатты да бейнелеген.
Адия есімді қатысушы оңтүстік астанамыз Алматы қаласын бейнелеген. Тек жаңа ғимараттарға толысып қана қоймай, гүлденген Алматы одан да көркейе түседі.
Ал, қатысушылардың бірі болашағымыз балалар деп есептейді.
Алматылық Абай Битлеуов болашақта теңге кұны долларға теңесетінін көрсеткен. Суретте 2039, 2069 және 2119 жылдардың 22 маусымындағы валюта курсы көрсетілген. Автордың ойынша, 2039 жылы доллар 10 теңге болса, 2069 жылы қазақстадық валюта нығайып, небәрі 1 теңге болады. Ал 2119 жылы доллар құны тиын болмақ.
Вероника Морскаяның жұмысында терезеге қараған бикеш бейнеленген. Ал, терезеден болашақ Қазақстан қаласының сұлбасын байқауға болады. Ғимараттар ұшып жүргендей әсер қалдырады, одан бөлек аспанда қалықтаған машиналар суреттелген.
Ал "Сандық өнер" бойынша қатысқан Дамир болса, әр аймақтың болашақта қандай бағытта өзгеретінін көрсеткен.
"Сандық өнер" бөлімінің тағы бір қатысушысы Ержан Нұр-Сұлтан қаласының болашағын салған. Қала жасыл желекке толып, ғимараттар саны арта түседі. Ал Бәтеректің жанына шағын киіз үй салынады.
Alash Media Group холдингі ұйымдастырған байқау еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастарды біріқтірді. Мақсаты – қазақстандық қоғамның жан-жақтылығы мен дамығанын көрсету. Байқауға Қазақстанның 18 жастан жоғары кез келген азаматы қатысты.