Қазақстанда 20 қараша күні ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Қазіргі таңда сайлау алды дайындық шаралары мен кандидаттарды ұсыну және тіркеу жұмыстары атқарылуда. Алдағы маңызды науқан алдында сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақұлы өз пікірін ортаға салды.
Біз қазір ерекше бір заманда өмір сүріп жатырмыз. Заманның аты – Жаһандану дәуірі. Мұнда қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар бетіне шығып, бұрынғы өмір сүру салтымыздың астан-кестені шығуда. Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде белең алып жатыр. Соның салдарынан адамдардың денсаулығы сыр беріп, шыдамсыздық танытып, іс-әрекеті де, сөздері де негативке басым болуда. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл әлем стресс жағдайында. Оның үстіне, ғалымдардың әлем халықтарының 70 пайызы өтірік пен жалғанның арасында өмір сүріп жатқанын анықталған. Міне, осыдан қалай шығамыз деп алас ұрып ізденудеміз, - дейді тіл маманы.
Ғалым-сыншы тіл мәселесіне ғана емес, әлемдегі және еліміздегі жағдайларға да алаңдайды. Осы бір кезеңнен «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» аман-есен шығуымыз керек деп ой түйеді.
Әр жерде ереуілдер, текетірестер, соғыс басталып жатыр. Тіпті, үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді деген қорқыныш та бар. Осы алып мемлекеттердің арасындағы кикілжіңнің әсері бар, батыс елінің байланасы бар, ақыр соңында тұран бірлігінің ортасында өмір сүріп жатқан жағдайымыз бар. Егер біз осылардың біреуімен жақсы болып кетсек, басқалардың қыспағына ұшыраймыз. Сондықтан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» аман-есен шығуымыз керек. Ол үшін тіпті көршілеріміз, әлемдік алпауыт елдермен тіл табысып, еліміздің болашағына жол ашып, ұлт ретінде жойылудың алдын алуымыз тиіс. Біздің елдегі ішкі жағдай бәріне белгілі. Сондықтан елдегі ішкі жағдайға сыртқы ахуал қатты әсер ететіні белгілі. Оған қоса, бұрынғыдай қам-қарекетсіз мемлекеттің, халықтың қалыпты өмір сүру жоқ. Сол себепті өзіміздің жауапты кезеңде тұрғанымызды ұмытпайық.
Дандай Ысқақұлы қазіргі саяси ахуал мен әлемдік аренадағы жай-күйімізді де бағдарлайды. Ол үшін маңыздысы – елдің амандығы, жұрттың саулығы. Қазіргі Мемлекет басшысының саясатын дұрыс бағытта деп санайды.
Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі Президентіміз көп жұмыс атқарып жатыр. Тіпті, қабылдаған шешімдеріне таңданасың. Мысалы, Украина мен Ресейдің қақтығысында біздің мемлекет екі елмен де жақсы қарым-қатынаста. Қытай мен де, Америкамен де тіл табысып, санкцияға ұшырамай жатқан жағдайымыз бар. Міне, осы бір саясат – бірден-бір Қазақстанға қажетті саясат. Сондықтан осындай жұмыстар тек қана Президенттің қолынан келетін секілді. Кезінде Уистон Черчель «Мен идеология дегенді білмеймін. Менің идеологиям – Англияның мүддесі. Барлық уақытта осыған қызмет етемін» деген жақсы сөзі бар. Міне, біздің елдің әрбір қоғам қайраткерінің, әрбір азаматының алдында тұрған басты мәселе – Қазақстанды сақтап қалу. Бәріміз бір болып, елімізді, жерімізді сақтап қалайық! – дейді ғалым-сыншы.