Алматыда көше жарықтарының үштен бірі диодты шамдарға ауыстырылады

Алматыда көше жарықтарының үштен бірі диодты шамдарға ауыстырылады
Фото: inform.kz

Қазіргі кезде Алматыда 80 мыңға жуық жарық көзі орнатылған. «Қауіпсіз қала» бағыты бойынша жыл аяғына дейін 24 мыңнан астам жарық көздері немесе 31,5%-ы энергия жинақтаушы және диодты шамдарға ауыстырылады. 

Қаланың Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша, қазіргі кезде М.Әуезов ауданында 49,5 км көше жарығының құрылыс басталды. Жыл аяғына дейін Алатау ауданында сыртқы жарықтың 24 км желісін тарту жоспарланған. Қазірдің өзінде Бағанашыл, Алатау, Ерменсай және Нұрлытау елді мекендерінде 35,3 км сыртқы жарық көздері орнатылған. Түрксіб ауданындағы Бұқтырма, Майлин көшелері мен Құлжа трактінде 9 км сыртқы жарық көздері жұмыс істеуде. Бұлардан өзге, келер жылдан бастап тағы 266 км жарық көздерін немесе 8 896 көше шамдарын (11,5%) модернизациялаудың жобалық- сметалық құжаттары жасалған. 

Мемлекеттік - жекешелікәріптестік жобасы аясында қаланың Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы 2019 жылдан бастап тағы 1 375 км жарық желісін немесе 45 829 көше шамдары мен 42 052 жарық діңгектерін жаңартуды жоспарлаған. Қала басқармасындағылар диодты жарық шамдарының электроэнергиясын пайдалануды 30 пайызға қысқартып, қала бюджетінің шығынын азайтатынын, көше жарығының сапасын жақсартатынын мәлімдеді. Оның үстіне олардың пайдалану мерзімі де ұзақ.

Дереккөз:inform.kz

Т. Раушанұлы