Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынылды. Оның 66-қадамында Халықаралық авиациялық хаб құру туралы айтылды. Ол үшін стратегиялық инвесторлар тартып, Алматы іргесінен әлемдік стандартқа сай келетін жаңа әуежай салу ұсынылды. Алматы туризм саласындағы халықаралық орталық. Сондықтан Алматыда заманауи талапқа сай салынған жаңа әуежайдың болғаны дұрыс. Сол үшін де Елбасы 100 нақты қадамда халықаралық авиациялық хаб құруды ұсынды. Жаңа аэропорттың құрылысы ұзақ мерзімді нұсқа. Қазір жолаушылар көлемінің болжамы, өткізу мүмкіндігі, қаржысы мен уақыты сияқты барлық тұстары ескеріліп, ең тиімді нұсқасын табу керек. Мүмкін тағы бір терминал керек шығар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы халықаралық әуежайының бірінші вице-президенті Қобыланды Тумышев бір сұхбатында былай деді: Әуежайдың қазіргі мүмкіндігі шектеулі. Әрі қарайғы дамуы да күмәнді. Қараша мен наурыз айлары аралығындағы қалың тұман бізге үлкен кедергі келтіреді. Ал жаңа әуежайда бұндай қиындықтан арыламыз. Сондықтан, бізге қаланың сыртында үлкенірек халықаралық әуежай керек. 2015 жылы Алматы маңындағы жаңа халықаралық авиациялық хаб пен қанаттас қаланы құру жобасының бірыңғай операторы ретінде MG Holding тағайындалды. Ол бірқатар компанияларды біріктіру нәтижесінде құрылған көп профильді холдинг. MG Holding осы жобаны жүзеге асыру үшін Сингапурмен бірлесіп, инвесторлар тартумен айналысып жатыр. Сингапур мен Қазақстан арасында келісімшарт жасалды, оның жобасы Сингапур Үкіметінде қаралып жатыр. Жобаның негізгі талабы - 22 га жер учаскесін 100 жылға қайтарымсыз басқару құқығын беру болып табылады. Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар, ерекше визалық режімді енгізу көзделген. Жеке әкімшілік территориясы бар серіктес қала тұрғызу да жоспарда бар. Онда ағылшын құқығы қолданылады. Сондықтан, бұл ратификациялауды талап етеді, - деп жауап берді министрлік өкілдері. MG Holding ұсынған халықаралық авиациялық кешен сипаттамасы мынадай: - Құрылыстың аяқталу мерзімі: 2024-2025 ж.ж; - Халықаралық оператор: Changi Airports International; - Шығыс пен Батыс арасындағы бірегей орналасу; - Кешенді 5 авиасағат радиус ішінде 2 млрд. адамнан астам, ал 6 авиасағат радиус ішінде 3,2 млрд адамнан астам жолаушылар қолдана алады; - Жоспарланған жолаушылар трафигі: жылына 15 миллион (іске қосудың үшінші жылына). MG Holding ұсынған қанаттас қаланың сипаттамасы - Коммерциялық және тұрғын үй жылжымайтын мүліктері; - Әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар; - 3, 4 , 5 жұлдызды қонақ үйлер; - Тақырыптық парктер: LEGOLAND, Су паркі, Гольф клубы; - Банктер және басқа да қаржы институттары; - Ойын-сауық және қоғамдық тамақтану мекемелері (кафелер, барлар, мейрамханалар); - А сыныпты ойын аймақтары (2-3 топ). Уақыт өте қаланың көлемі де, жолаушылар саны да артып келеді. Жаңа әуежай салу мәселесі бұрыннан қозғалып келеді. Елімізге туризмді дамытудың қаншалықты пайдалы екендігін айтып келеміз. Ендеше, өз халқымызды және туристерді жайлы әрі заманауи халықаралық әуежаймен қамтамасыз ету де сол мақсатқа жетуге тағы бір қадам болмақ.