- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Алматы ПИК-тері онлайн-форматқа...
Алматы ПИК-тері онлайн-форматқа көшеді
Алматыдағы барлық пәтер иелерінің кооперативтері алдағы 2-3 жылда электронды форматқа өтуді жоспарлап отыр, деп мәлімдеді «Алматыны дамыту» АҚ басқарма басшысының орынбасары Әсет Әбдуалиев.
«Электронды ПИК тұрғын үй кешендеріндегі байланыстың ашықтығын қамтамасыз ететін жүйе. Статистика бойынша 10 пайыздан астам тұрғындар ПИК қызметін реттеуге қатысады», - деді Ә.Әбдуалиев.
Ол өз сөзінде ПИК өзін өзі басқаратын ұйым екенін және тұрғындар қажет болған жағдайды оның жетекшісін ауыстыруға құқылы екенін айта кетті.
«Біз қала тұрғындарының ПИК-пен ғаламтор арқылы байланыс орнатқанын қалаймыз. Олардың да ПИК-тің де жеке кабинеті болады. Онда кіреберісті жөндеу, үй алабын дамыту секілді ұсыныстарын қалдыра алады. ПИК тұрғындарға ыстық су мен су судың тоқтайтын кезін, тағы да басқа ескертулерді жолдай алады. Онлайн жүйе біздің қала тұрғындарының шаһарды дамытуға белсенділігін арттырады», -деді ол.
Бұл жаңашылдықтың нәтижесінде қала басшылығы ПИК белсенділігі туралы ақпараттар ала алады.
«Қалада барлығы 750 ПИК бар, қазіргі күні 20 ПИК аталған жобаға қосылды. Біз бұл жүйені сынап көреміз. Пилоттық режімде бұл жоба өз тиімділігін көрсетеді деп сенеміз. Ары қарай жұмысты жалғастырып, келесі жылы 200-300 ПИК-ті қосамыз деген жоспар бар. Алдағы 2-3 жылда Алматының барлық ПИК-терін аталған жобаға тартамыз. Егер жоба өз нәтижесін көрсетсе өзге қалаларға да пайдалануға болады», деді Ә.Әбдуалиев.
T. Кіршібаев