«Алматы – мәңгілік көктем қаласы, Орталық Азияның інжу-маржаны. Бұл мегаполис – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі, республикамыздың жаңа тарихы басталған жер. Қала еліміздің мәдениет, қаржы және спорт орталығы болып саналады. Қаланың дамуы әрдайым менің жеке назарымда және мемлекеттің басымдығы болып саналады».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Рухани көне шаһар Түркістанның – 1500, Тараздың 2000 жылдығын ел болып атап өткеніміз күні кеше ғана еді. Енді, міне, әсем де ару Алматы өзінің 1000 жылдығын тойламақ.
Алматы – еліміздегі ең ірі қала. Алматы – Қазақстан Тәуелсіздігінің төл бесігі. Дәл осы Алматыда Қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы декларация, Ата Заңымыз – Конституция қабылданды және Мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, елдің маңызды тағдырлық шешімдері іске асырылды.
Бүгінгі таңда Алматы Қазақстанның аса ірі экономикалық орталығы саналады. Тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан мегаполис бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала беретіні және айғақ.
Еліміз көлемінде Алматы елдегі ІЖӨ-нің 20,9%-ын, барлық салық және салықтық емес түсімнің 32%-ын, барлық сауда операцияларының 41%-ын құрап, еліміздегі жұмыс істейтін халықтың шамамен 15%-ын жұмыспен қамтамасыз етеді. Қаланың үлесіне бөлшек және көтерме сауда тауар айналымының барлық депозиттер көлемі мен несиелерінің 40% тиесілі екенін де еске салғанды жөн санап отырмын.
2015 жылдың қорытындысы бойынша қала халқының жан басына шаққандағы тиесілі жалпы өңірлік өнім 29 мың АҚШ долларын құрады. Бұл Орталық және Шығыс Еуропаның астаналары мен ірі қалаларының деңгейімен шамалас деген сөз. Жыл сайын адамдардың өмір сүру көрсеткіші жақсаруда, Алматы бойынша адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жасты құрады.
Орталық Азия өңірінің ірі және барынша дамыған мегаполисіне айналған Алматы халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен ірі компаниялар өкілдерінің бас қосқан орталығына айналды. Халықаралық ынтымақтастық үшін Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық үшін едәуір мүмкіндік беріліп келетіні де бүгінгі күннің шындығы.
Халықаралық зерттеулер көрсеткеніндей, планета тұрғындарының тең жартысы қалада тұрады. 2030 жылға қарай қала халқының үлесі 60% немесе 5 млрд адамды құрайды. Қала әлемдік экономикалық өсудің және өнімділіктің негізгі қозғаушы күші болып саналады. Нақ осы қалалар ірі ресурстарды тұтынушылар және ауаға бөлініп шығатын артық газ көздері болмақ. Демек, планета тұрғындарының көпшілігінің әл-ауқатының жақсаруы қалалардың дамуына тікелей байланысты.
Осы орайдағы Алматының негізгі міндеті – қалалықтар үшін өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, алдағы уақытта да Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі болып қала беру. Алматы қаласы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған 2050 жылға таяу әлемнің айрықша бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөніндегі ауқымды мақсаттарына қол жеткізудің өзекті факторы болуы тиіс.
Белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің құралы еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес әзірленген «Алматы-2020» бесжылдық даму бағдарламасы екенінде дау жоқ. Бағдарламаны іске асырудың негізі – Бес институттық реформа және Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары. Бағдарламада негізгі көрсеткіштер, қағидалар және басымдықтар, сондай-ақ мақсаттарға қол жеткізу құралдарының тетіктері тұжырымдалған.
Таяуда Алматы әкімдігінде өткен «Алматы-2020» даму бағдарламасын талқылау жөнінде жұмысшы тобының қорытынды жиынында бағдарлама жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылып, қала тұрғындарының толықтырулары, ұсыныстары мен тілектері ескерілді.
Мысалы, бір ай көлемі ішінде бағдарлама жобасын талқылауға байланысты азаматтық қоғам, кәсіподақтар мен салалық ұйымдар өкілдерімен, екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары, білім мен денсаулық сақтау салалары, БАҚ басшыларымен, блогерлермен, «Болашақ» бағдарламасы түлектерімен, мәдениет, спорттық қоғамдастықтар қайраткерлерімен, сарапшылармен, ірі өндіріс орындарының басшыларымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен, зейнеткерлермен және басқа да қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Мысалы, бүгінгі күнге дейін 90-нан астам тақырыптық кездесу өтіп, оған 12,5 мыңнан аса адам қатысқан. Жалпы, жобаны талқылауға қала тұрғындарының арасынан 417 мың адам қамтылған. Бұдан өзге қала әкімдігі жанынан құрамына қоғамдық пікірдің жетекшілері, ҮЕҰ басшылары, мәслихат депутаттары, бизнес қоғамдастығының, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік органдардың өкілдері енген Қоғамдық кеңес жұмыс істейді.
Сараптама көрсеткендей, жанашыр азаматтар қаладағы экологиялық ахуалды, қоғамдық көліктің жұмысын, көшені жарықтандыру жүйесін жақсарту, заңсыз көлік тұрақтарын, арықтар желілерін ретке келтіру, бұрын облыс құрамында болған аудандар мәселелерін шешу жолдарын іздестіру, жемқорлық пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету, белсенді азаматтық позициясы бар тұрғындарды қатыстыра отырып, әкімдік жанынан қоғамдық комиссиялар құру жөнінде нақтылы ұсыныстарын білдірген. Бұл ұсыныс-пікірлердің барлығы жаңа Бағдарламаның тиісті тармақтарына енгізілді және олар жүзеге асырылатын болады. Концептуалды емес, нақтылы сипатқа ие ұсыныстардың барлығы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жоспарды жасау барысында толық ескеріледі.
Мерейтой қарсаңында «Алматының 1000 жылдығы – 1000 қайырымды іс» жоспары аясында мегаполистегі G38 жастар ұйымы бизнес-қауымдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен және жәй ғана алматылықтармен ұдайы қарым-қатынаста болып, көмекке мұқтаж жандарға мың түрлі қайырымдылық көрсетті.
Осынау акция ҰОС ардагерлерін, қарттарды, тұрмысы нашар отбасылар мен көпбалалы үйлерді қамтыды. Қайырымды жастар балалар үйлеріне де барып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласады.
Мың мейірімге толы тірліктің ішіне үй жинап беру, азық-түлік сатып әперу, шипажайларға жолдама ұйымдастыру, денсаулық сақтау мекемелерінде емделуге септесуден бастап, бәрі-бәрі кірді.Акцияны ұйымдастырушылар осынау сауапты іске қаладағы ЖОО-лардың студенттерін тартып, оларды жұмыспен қамтамасыз етті.
Мың жылдық тарихы бар алып шаһардың мұндай халыққа жақын жасаған қадамы болашақта да жалғасын таба беретін болады.
Бауыржан БАЙБЕК,
Алматы қаласының әкімі