- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Алқабилер соты –...
Алқабилер соты – халық пен мемлекет арасындағы көпір
Қазақстан Республикасының Президенті бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. 21-қадамда Алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейтіп, заңды түрде Алқабилер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажеттілігі айтылды.
Алқаби болу үшін белгілі талаптар бар:
- жасы 25-тен жоғары болуы керек;
- оның өтелмеген не алынбаған сотталғандығы болмауы керек;
- сот оны әрекетке қабілетті деп тануы керек;
- ол судья, прокурор, тергеуші қызметші, әскери қызметші, құқық қорғау органының қызметшісі болмауы керек;
- ол наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмауы керек.
Алқабилер тізімін жасау кезінде азаматтардың шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, тіліне, дініне, нанымына, тұрғылықты жеріне қандай да бір шек қойылмайды. Алқабиді сот отырысы күні жұмыс орны босатады және әрбір сотқа қатысқан күніне ақша төленеді.
Егер алқаби қылмыстық іс жүргізілетін тілді білмесе, жазбаша өтініш жазу арқылы оған қатысудан бас тарта алады. Ал ауыр қылмыстық іске алқабилердің қатысу не қатыспауын айыпталушы өзі таңдайды. Сот отырысындағы алқабилердің орындайтын нақты міндеттері мен құқықтары бар. Оны Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңынан оқи аласыздар.
Озық елдердің қатарына кіру үшін еліміздің тек экономикасын, саясатын немесе мәдениетін ғана дамытып қоймай, құқықтық саласына да үлкен мән берілу керек. Қандай жағдайда болмасын адамның құқығы қорғалу керек. Осының бәрін ескеріліп, 100 нақты қадамда бір реформа түгелдей сот жүйесіне арналып отыр. Оның 21-қадамында Алқабилер сотының аясы кеңейту көзделді. Бұрын алқабилер тек ату жазасына кесу мен өмір бойына бас бостандығынан айырылудың тағдырын шешетін істерге ғана қатысатын. Ал қазір осы 21-қадамды ескере отырып, алқабилер қатысатын соттардың аясы кеңейтілді. Енді олар адам ұрлау, ауыр халге ұшырату және жасөспірімдерді зорлау қылмыстары бойынша істерге де қатыса алады. Бұл айтылғандар да ауыр іске жататындықтан, оларға да алқабилердің қатысқаны жөн деп саналды.
Қылмыскер мен жазықсызды айыру – қазіргі кездегі өзекті мәселе. Адамды кінәлі немесе кінәсіз деп тану, өмірінен айыру оңай емес. Судья нақты деректерге көбірек мән береді. Ол тергеуші мен прокурордың ұсынған деректерін мұқият зерделейді. Ал алқабилер болса, ұсынған дәлелдемелерге қараумен қатар, ауырлықты шын сезініп, қасіретті жүректен өткізуге тырысады. Алқабилер – халықтың адамдары. Олардың қатысуымен өткен істердің көбеюі арқылы жемқорлықты азайтуға және халықтың сот төрелігіне сенімін арттыруға көмектеседі. Алқабилер – халықтық сот, олар өмірлік тәжірибесіне сүйенеді.
Алайда, алқаби болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ соңғы мәліметтерге сүйенсек, алқаби қызметіне ақша төленсе де, азаматтардың көпшілігі сот ісіне қатысудан бас тартуда. Оның басты себебі – үлкен жауапкершіліктен қорқып, адамның тағдырын шешуді мойнына алудан жүрексіну. Сонымен қатар, 1 қылмыстық іске қатысқан азамат келесісіне қатысу үшін арада 1 жыл уақыт өту керек.
Алқабилер сотының енгізілуінің басты себептерінің бірі – қатаң жаза қолданылатын істерде адамның құқықтары мен бостандығы шектен тыс бұзылуына жол бермеу. Алқабилер қарапайым халықтың мүддесін қорғауға өз үлестерін қосу үшін мемлекет өз тарапынан ескеріп, олардың қатыса алатын істер аясын кеңейтті. Ендігі кезек – халықта, әр азамат өз адамгершілігіне, ар-ожданына және тәжірибесіне сүйеніп, мойнына үлкен жауапкершілік алып, алқаби ретінде әділ соттың өтуіне өз үлесін қосуға тырысу керек.
А. Жапатова