Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді
Фото: hsto.org

Тәуелсіздік тұсындағы 25 жыл – бұл қазақстандық қоғамның алға жаңа мақсаттар қойып, өз мүмкіндіктері деңгейін сезінген, жаңа міндеттерді шешу үшін ортақ мүдде аясына топтасқан мезгілі. Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары адам капиталын дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру болып табылады. Осы мақсатта жүзеге асырылып отырған әлеуметтік бағдарламалар, ең алдымен, жұмыс орнын сақтауды, табыс деңгейін арттыруды, халықтың аса әлсіз бөлігін әлеуметтік қорғауды көздейді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары аясында қабылданған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар масылдықты болдырмайтын, бірінші кезекте атаулылыққа және тиімділікке негізделген халықтың әл-ауқатын жақсартуға және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Еңбек нарығындағы жағдай саяси, экономикалық факторлардың әсерінен ұдайы өзгеріп отырады. Кеңестік кезеңде Конституцияға сәйкес, денсаулығына байланысты шектеу жоқ барлық он алты жасқа толған азамат оқуға немесе қоғамның игілігі үшін жұмыс істеуге міндетті болған. Алда-жалда қайсыбірі жұмыстан бас тартып, масылдық пиғыл танытар болса, оларды мәжбүрлі түрде арнайы жұмыс орындарына жіберу де орын алды. Қазір олай емес, мүлде басқа кезең, басқаша жағдай. Еліміз егемендігін алысымен экономикалық реформалар басталды. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы экономикалық қиындықтардың қысымымен көптеген кәсіпорындар банкротқа ұшырап, кеңестік республикалар арасындағы өндірістік қатынастар үзілді, шығарылған өнімдерді өткізетін нарықтарды жоғалттық. Осылардың салдарынан жұмысшыларды жаппай қысқарту басталды. Азаматтарға өзін жұмыспен қамту бойынша жеке шешім қабылдауға тура келді.

Халықты жұмыспен қамту саласында сонау 1991 жылы «Жұмыспен қамтуда ықпал ету» мемлекеттік қоры құрылып, осы қорға мекемелер еңбекақы қорынан 3 пайыз мөлшерінде міндетті жарналар аударып тұрған болатын. Бірақ, Кеңес Одағы ыдырағаннан соң, көптеген мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстарында қиыншылықтар орын алып, тиісті жарналар қорға уақтылы аударылмады. Осының салдарынан сол кезеңдегі заңнамада көрсетілген жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылар төленбей, берешек қарыздар жинақталып, жұмыссыздық белең ала бастады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын және жұмыспен қамту саласын реттеуде 1991 жылдан бері негізінен халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары жүзеге асырылып келгенімен, олар да мәселені толық шеше алмады.

Осы қордаланған мәселелердің шешімі ретінде 1999 жылдың 4 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2000 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кедейшілік деңгейінен төмен тұратын жұмыссыздарға ғана атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады.

Ал басқа жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамту мақсатында облысымызда 2000 жылдың сәуір айында «2000-2002 жылдарға арналған жұмыссыздық және кедейшілікпен күрес» бағдарламасы қабылданып, жұмыспен қамту жүйесінде жоспарлы іс-шаралар қолға алынды. Жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 1999 жылғы 14,6 пайыздан 2002 жылдың қорытындысы бойынша 12,3 пайызға дейін төмендеді. Жалпы, 2000 жылдан 2010 жылға дейін жұмыссыздықты төмендету бойынша кезең-кезеңімен 4 бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдары 70 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, жыл сайын 15 мыңнан астам адам маусымдық жұмыстарға тартылып отырды.

Экономикалық және әлеуметтік факторлар өзгерістері, әлбетте, еңбек нарығының көрсеткіштерінде көрініс табады. Осылайша, 2012 жылы экономикалық белсенді халықтың саны 1999 жылғы 434,3 мың адамнан 591,9 мыңға жетіп, 36,3 пайызға өсті. 2013 жылдан бастап экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 9 пайызға азайды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 1999 жылдан 2003 жылға дейін 28,9 пайызға өсті, экономиканың даму қарқыны артумен қатар, 2004-2007 жылдар аралығында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны біршама кеміді.

Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнес саласындағыларға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, ауыл шаруашылығы субъектілеріне «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде несие беру, бизнес және ауыл шаруашылығы субъектілерін субсидиялау, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген азаматтарға қолжетімді несие беру арқылы өзінің қосалқы шаруашылығында өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандардың өзін-өзі өнімді жұмыспен қамтығандар санатына өтуіне ықпал етіліп, жеке кәсіпкерлер ретінде өз істерін заңдастыру нәтижесінде негізгі көрсеткіштердің едәуір жақсаруына қол жеткізілді.

2008 жылы басталған дағдарыс кезеңінде еңбек нарығындағы жағдайды шиеленістірмеу мақсатында жүргізілген «Жол картасы» аясында 2009-2010 жылдары барлығы 497 жобаны жүзеге асыруға 15,9 миллиард теңге қарастырылып, 21545 адам жұмыспен қамтылды. Осының нәтижесінде 2009 жылы жұмыссыздық деңгейін 2008 жылғы 6,5 пайызда тұрақтандырсақ, 2010 жылы 5,7 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік.

2011 жылдың 2-жарты жылдығынан бастап пилоттық режімде жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы халықты тұрақты жұмыспен қамтуда енгізілген ең басты бағдарламалардың бірі болып отыр. Бағдарлама басталғалы бері 36,4 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде тұрақты негізде 27,6 мың адам жұмысқа орналасты.

Осындай атқарылған жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күнге 2011 жылғы 5,5 пайыздан 4,9 пайызға төмендеді.

Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»-ны қаржыландыруға 29,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған, осы орайда ағымдағы жылға бөлінген қаржы 10,3 миллиард теңге, яғни 2011 жылмен салыстырғанда 16,4 есеге артып отыр. 2012 жылдан бастап бүгінгі кезеңге дейін бағдарламаның 1-бағыты аясында 878 жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде жолдар, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар нысандары жөндеуден өтіп, осы жобаларда құрылған 6956 жұмыс орнының 3726-сына азаматтар жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасты.

Өз бетінше жұмыспен қамтылған және жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартудағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»-ның маңызды бағыттарының бірі – «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» атты 2-бағыт.

Бағдарламаның осы бағытын іске асыру нәтижесінде 1712 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, өз бизнесін жүргізу дағдысын игерді. Барлық оқудан өткен азаматтарға үй жалдап тұруы мен жол жүруіне материалдық көмектер төленді.

Жұмыспен қамту саласында жұмыссыздармен бірге жұмыс берушілерді де мемлекеттік қолдау түрінің бірі әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру болып табылады. Аталған шара әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырушы жұмыс берушілердің жалақыға кеткен шығынын ішінара қаржыландыруды көздейді. Бұл бағдарлама кең көлемде 2009 жылдан бастап 2009-2010 жылдарға арналған жол картасы аясында іске асырыла бастады. Сол 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста барлығы 7388 әлеуметтік жұмыс орны құрылды. Уақытша сипатқа ие болғанымен, осы әлеуметтік жұмыс орындарына қатысқан 4098 адам тұрақты жұмыстармен қамтылды.

«Жастар тәжірибесі» де кәсіби білім беру ұйымдарының түлектеріне алған мамандықтары бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтаудағы маңызды құралдың біріне айналып отыр. Тиісті заңнамалық құжаттар аясында «Жастар тәжірибесі» 2009 жылдан бастап 2009-2010 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында іске асырыла бастады. Сол 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста кәсіби білім беру ұйымдарының 20933 түлегі «Жастар тәжірибесінен» өтті. Оған қатысқан 5789 түлек тұрақты жұмыспен қамтылды.

2015 жылдан бастап, облыстық халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары дайындалып, жүзеге асырылуда. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», сондай-ақ «Нұрлы жол» индустриалық-инновациялық даму және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылған жобалар арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыру қарастырылған. 2015 жылдың қорытындысы бойынша кешенді жоспар 139,5 пайызға орындалып, 26 256 адам жұмыспен қамтылды. Ал ағымдағы жылдың 1 қазанына мұндай санаттағы азаматтар саны 21900-ге жетіп отыр.

Айта кету керек, 2001 жылы 17 шілдеде қабылданған «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» Заңы әлеуметтік жәрдемақылар жүйесіне үлкен өзгерістер енгізді.

Балалы отбасыларды қолдау мақсатында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заң күшіне енгізілгелі әлеуметтік көмек жүйесінің жаңа кезеңі басталды. Аталған көмек балалы отбасыларына бала туылғанда, бала күтімімен бір жасқа дейін отырған азаматтарға және 18 жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасыларына берілетін арнаулы әлеуметтік көмектермен бірге, қосымша әлеуметтік қолдаудың бір түрі ретінде көрсетіле бастады. Облыста бүгінгі күні 21 мыңнан астам отбасы 67 мың балаға жәрдемақы алып отыр.

Елбасының кезекті Жолдауында белгіленген негізгі міндеттердің бірі – Жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыру. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 84-қадамы әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыруды көздейді.

Әлеуметтік көмек жүйесіне реформалар енгізу мақсатында облысымызда 2014 жылдан бері «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы енгізіліп, шартты ақшалай көмектер тағайындалуда.

«Өрлеу» бағдарламасы іске асырылған уақыттан бастап 2014-2016 жылдар аралығында облыста шартты ақшалай көмекпен 29585 азамат қамтылды, оның 6796-сы әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде табысы кедейлік шегінен төмен тұратын халықтың үлесі 2001 жылдан бері 13 пайыздан 0,2 пайызға дейін төмендеді, ал күнкөріс деңгейінен төмен тұратын халықтың үлесі 2001 жылмен салыстырғанда 70,7 пайыздан 3,2 пайызға төмендегенін атап өтуіміз қажет.

Өркениетті дамудың белгілі бір кезеңіне аяқ басқан әрбір қоғам үшін өз ардагерлері мен мүгедектерін әлеуметтік қорғау маңызды мақсат болып табылады. Бүгінгі күнге облыс бойынша 43546 мүгедек бар болса, оның ішінде 16 жасқа дейінгі мүгедектер саны 5536-ны құрайды. Ұсынылып жатқан арнаулы әлеуметтік қызметтерден қиын өмірлік жағдайларға тап болған жалғызбасты азаматтар, жасы келген және мүгедектер де ескерусіз қалған емес.

Қиын өмірлік жағдайларға тап болған азаматтарға ұсынылып жатқан арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бүгінгі күнге облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну орталықтары – қарттар мен мүгедектерге арналған 3 интернат үйлерінде 415 қарт пен мүгедекке қызмет көрсетілуде.

Тараз қаласы мен аудандардағы белгілі тұрағы жоқ, құжатсыз, баспанасыз азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында 1999 жылы облыс әкімінің шешімімен 50 орындық Тараз қалалық белгілі тұрағы жоқ тұлғалардың әлеуметтік бейімделу орталығы ашылды. Қазіргі уақытта орталық 120 төсек-орынға кеңейтіліп, есепті мерзімде 4852 азамат қызметпен қамтылды.

Облыс көлеміндегі әйелдер мен балаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 2001 жылдан бастап облыс әкімінің шешімімен 15 орындық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған «Қарлығаш» дағдарыс орталығы жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, 2004 жылдың желтоқсан айында республикада бірінші болып Облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылғаны белгілі. Есепті кезеңде жартылай стационарлық жағдайдағы 40 орынды мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында 748 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген.

Соңғы үш жылда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің нәтижесінде 22 бала жалпы орта мектепке, 1 бала балабақшаға, 41 бала арнайы мектепке, 11 бала колледжге барды. Сонымен қатар, 2014 жылдың қараша айында Тараз қаласында 25 орындық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар үшін дағдарыс орталығы ашылып, бүгінгі күнге 113 адам арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылды. Орталыққа түскен тұрмыстық, эмоциялық зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған әйелдерге арнаулы әлеуметтік қызметтің 7 түрі ұсынылады. Сонымен қатар, қызмет алушылар, жағдайларының қиындығына байланысты уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі.

Басқарма бойынша соңғы жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар күшімен құрылған үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыстар жүргізу үрдіске айналып отыр.

Жорабек БАУБЕКОВ,

облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Дереккөз: www.akjolgazet.kz

Б. Қанатұлы