Елде Төтенше жағдай кезінде кірістен айырылған 4 миллион 293 мың адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалды.
Әлеуметтік төлемді алуға жалпы саны 8 миллион 24 мың адам өтініш білдірген. Оның тең жартысынан астамына әлеуметтік төлем тағайындалған. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 733 мың, екінші айда – 560 мың.
Бірегей өтініш беру саны бойынша көш бастаған аймақтар: Алматы облысы – 1 млн 45 мың, Түркістан облысы – 999,7 мың, Алматы қ. – 896,7 мың, Нұр-Сұлтан қ. – 594,6 мың және Шымкент қ. – 534,5 мың.
Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: Алматы облысы – 625,6 мың, Түркістан облысы – 511,9 мың, Алматы қ. – 416 мың.
Төтенше жағдай кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген өтініш берген 3 миллион 554 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалмады.
Оған мына фактілер себеп болып отыр:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Telegram-бот арқылы беруге болады. Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.
1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.