- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Әлемдегі миллионерлер саны...
Әлемдегі миллионерлер саны Қазақстан халқынан 2,5 есе көп
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында әлемде АҚШ долларымен есептегенде 46,8 миллион миллионер бар екені анықталды. Бұл туралы швейцариялық Credit Suisse банкінің Global Wealth Report 2019 жылдық есебінде айтылды.
Осылайша, миллион долларға ие адамдар саны 2018 жылдың ортасында тіркелген көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 миллионға артты.
ҚР ҰЭМ Статистика комитеті 8 қазанда ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан халқы саны – 18 571 000 екендігін жазған едік. Демек, әлемдегі миллионерлер саны Қазақстан халқы санынан 2,5 есе көп.
Банк қызметкерлері жүргізген зерттеуге сәйкес, бүкіләлемдік қаражаттың 82 пайызы бай адамдардың 10 пайызының қалтасында. Алайда, бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда біршама жақсарды: сол кезде Жер бетінің ең бай тұрғындарының 10 пайызы барлық табыстың 89 пайызына иелік еткен еді.
Сондай-ақ, сарапшылар әлем халқының жалпы байлығы 9,1 трлн долларға (2,6%) өсіп, 360,6 трлн долларға жетті деп есептейді. Орташа алғанда, бір тұрғынға 70,850 доллардан келеді, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,2 пайызға көп.
Зерттеу нәтижелері бойынша әл-ауқаттың ең жоғары деңгейі Швейцарияда, мұнда бір тұрғынға 564 650 доллардан келеді. Осы жылы бұл сан 17 790 долларға өсті. Әрі қарай тізімде АҚШ (өсу 11 980 доллар), Жапония (9180 доллар) және Нидерланды (9160 доллар деңгейінде) сынды әлемнің алпауыт елдері орналасқан.
Сонымен қатар, баяндамада “соңғы он жыл ішінде қалтасы қалыңдаған байлар Қытай мен АҚШ аумағында шоғырланған” делінген.
Сонымен қатар, Қытай тарихта тұңғыш рет ең бай адамдары бар елдер рейтингінде көш басындағы мемлекеттерді басып озды. АҚШ-та 99 миллионер болса, Қытайда 100 миллионер бар. Соған қарамастан, Америка Құрама Штаттарында биыл миллионерлер саны 675 мың адамға көбейген, яғни жалпы өсімнің 50 пайыздан астамы осы елдің еншісінде.
Т. Раушанұлы