Әлібек Әлмадиев: "Жеңіс – бірнеше фактордың нәтижесі"

Әлібек Әлмадиев: "Жеңіс – бірнеше фактордың нәтижесі"
Фото: @alibekalmadiyev

1992 жылы алғаш рет ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасының бастамасымен тағайындалған "Дарын" сыйлығының иегерлері белгілі болған еді. Бұл марапат ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызметте адал еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады. Байқау "Әдебиет", "Ғылым", "Дизайн және бейнелеу өнер", "Журналистика", "Классикалық музыка", "Қоғамдық қызмет", "Спорт", "Театр және кино", "Эстрада", "Халық шығармашылығы" атты 10 номинациядан тұрады. Massaget.kz сайты биыл "Эстрада" номинациясының жеңімпазы Әлібек Әлмадиевпен тілдескен болатын.

— Бүгінде қандай жаңалықтарыңыз бар? Қандай жобалармен айналысып жүрсіз?
— Ең басты жаңалығым және қуанышым – мен үйлендім. Ал бақытты отбасы – ол өмірдегі ең маңызды жоба. Әрине, жүрегімнің бұйрығымен тандап, бүгінде сүйіп істейтін жұмысымда да қуанышты жаңалықтар көп. Шетелде оқуымды бітіріп, әлемдік үлкен сахналарда өнер көрсетіп үлгердім.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрімен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларда сахнаға шықтым. 

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартетімен бірге Мәскеуде концерт бердік. 

Әлібек Мұсаұлы Дінішев және Роза Құанышқызы Рымбаеваның Санкт-Петербургтың Мемлекеттік капеллада өткен концертке қатыстым. 

"Хор Турецкого" атты ресейлік танымал ұйымда жұмыс істеп, әлемдік 50-ден астам қалаларда іссапарда болдым. 

Бүгінде мен – отандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұйым, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетінің Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының әртісімін. Бір қызығы бала кезімде аңызға айналған әнші Роза Бағлановамен бір сахнаға шыққан болатынмын. 

Еліміздің Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблімен де өнер көрсетемін. "Жастар" Сарайының "Астана" эстрадалық-симфониялық оркестрімен бірлесе отырып, концерттік бағдарламалар дайындалуда. 

— "Дарын" сыйлығын иемдендіңіз. Құттықтаймыз! Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
— Құттықтауларыңызға рахмет! Жоспарларды құпия сақтау жөн деп ойлаймын. Жалпы болашаққа жоспарларым: әрі қарай еңбек етіп, жаңа жетістіктеріммен туған елімді қуанту, әлемдік үлкен сахналарда өнер көрсету. Нақты нәтижелермен сіздермен бөлісуді жалғастырамын деп үміттенемін. 

— Жастар жан-жақты болу керек. Музыканы мамандық етуге болмайды деген пікірлер де бар. Бұл туралы ойыңыз қандай?
— Жастар неғұрлым жан-жақты болып, түрлі салада бағын сынап, өзіңе сай таңдау жасаса ғана биік белестерді бағыныдрады. "Музыканы мамандық ету болмайды" деген пікірлерді мен жақсы білемін, бірақ онымен келіспеймін. Бұл да қызмет түрі. Еңбек етсе, еңбегінің жемісін де көреді және жаны да рахатқа бөленеді.

— Отандық оқу орындарымен қатар, шетелде білім алдыңыз. Бұл сізге не берді? Не алды?
— Шетелде оқып жүргенде туған жерімді сағындым. Сол кезде өзіңе көп сұрақ қойып, соның жауабын іздей бастайды екенсің. Әртүрлі көңіл-күйді, сезімді бастан кешірдім. Көп тәжірибе алдым. Қазіргі уақытта адам шынымен білім алуға ұмтылса, оны үйден де алу мүмкіндігі бар. Кім шын қаласа, сол қандай жолмен болмасын үйренеді. 

— Музыкант үшін бірнеше тіл білудің артықшылығы қандай?
— Әр тіл – жаңа әлем. Оны үйрену барысында сол елдің мәдениетін де, мінезін де біле аласыз. Әлемге деген көзқарасыңыз өзгереді. Кең ойлы болу әр мамандықта пайдалы болады. Ал музыкант үшін жаңа тілді үйрену шабыт алуға мүмкіндік береді. 

— "100 жаңа есім" жеңімпазы болдыңыз. Жетістіктеріңіз көп. Сіз үшін жеңіс деген не?
— Мен үшін жеңіс – бірнеше факторлардың нәтижесі. Олар: еңбек, сенім, үміт, махаббат, табандылық, сабыршылық.

— Cұхбатыңызға рақмет!

Т. Есқали