Алашты адамзатқа танытқан айшықты істер

Алашты адамзатқа танытқан айшықты істер
Фото: qazaqadebieti.kz

Ел егемендiгiнiң ширек ғасырлық мерейтойында барымызды бағамдап, жеткен жетiстiктерiмiздi дәрiптеу өте орынды iс. Осы орайда тәуелсiздiктiң тағы бiр негiзi болған Қазақстанның ғаламдық бастамалары туралы айтуды жөн санап отырмыз. Олай дейтiнiмiз, негiзiнен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен көтерiлген бұл бастамалар әлемнiң саяси картасында жаңадан пайда болған жас мемлекеттiң елеусiз қалмай, Алаш атының шартарапқа танылуына сеп болды. Қала бердi, осындай батыл бастамаларды көтеру арқылы Қазақстанның дербес сыртқы саясат жүргiзiп отырғаны көрiндi. Түптеп келгенде осының барлығы бүкiл адамзаттың, соның iшiнде өз елiмiздiң де қауiпсiздiгi, тыныштығы мен бейбiтшiлiгi және халықтың игiлiгi үшiн көтерiлген бастамалар, жасалған игi қадамдар екенi талассыз.

Қазақстанның ғаламдық бастамалары дегенде ойға, ең алдымен, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы оралады. Егер өз уақытында Семейдегi ядролық полигонды жаппағанда, өкпе тұсымыздағы Қытайдың Лобнор,  АҚШ-тағы Невада және Франция мен Ұлыбританияның Тынық мұхит аралдарындағы сынақ алаңдары да жарылысын әлi тоқтатпаған болар ма едi?! Мұның соңы неге әкелiп соғатынын болжаудың өзi қорқынышты.

Қазақстанның тағы бiр ғаламдық бастамасы ретiнде елiмiздiң бiрiншi болып ядролық қарудан өз еркiмен бас тартуын айтуға болады.  Осы батыл әрi көреген шешiмiнiң арқасында елiмiз әлемге өзiн бейбiтшiлiк сүйгiш ел ретiнде танытты. Халықаралық қоғамдастықтың көз алдында елiмiздiң абыройы асқақтады. Бiздiң Президентiмiздiң рейтингi ғаламдық деңгейге көтерiлдi. Территориялық тұтастық пен шекарамыздың мызғымастығына төнетiн қауiп сейiлдi.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлемнiң қауiпсiздiгi мен тыныштығы үшiн тың бастамалар көтерiп, оны алға жылжытудан талған емес. Елбасының Ядролық қарусыз әлем құру жөнiндегi нақты қадамдарының арқасында Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ ретiнде танылса, 2009 жылы БҰҰ Семей ядролық полигоны жабылған күн, яғни 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық iс-қимыл күнi деп жариялады. Мұның өзi Елбасының ерен еңбегiн бағалауды ғана емес, сонымен қатар, елiмiздi ядролық қарусыз әлем құрудағы Көшбасшы ел деп танудың белгiсi. Сондай-ақ, атомды бейбiт мақсатта пайдаланудың қауiпсiздiгiн арттыру үшiн Ядролық отын банкiн құру жөнiндегi бастама да Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы орны мен рөлiн арттыра түстi.

Ал, биыл Мемлекет басшысы осы бағыттағы табанды күрестiң жалғасы ретiнде БҰҰ-ның мiнберiнен «ХХI ғасыр. Соғыссыз әлем» манифесiн жариялады. Аталған тарихи құжаттағы ғаламдық қауiпсiздiкке қатысты ұтымды ойлар мен нақты ұсыныстар халықаралық ұйымдар мен беделдi сарапшылар тарапынан қызу қолдауға ие болды.

Қазақстанның ғаламдық бастамалары тек ядролық қарусыз әлем құрумен ғана шектелмейдi. Мемлекет басшысы әр жылдары ғаламдық деңгейдегi мынадай бастамалар көтердi: 1992 жылы – Қазақстан Президентi Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары жөнiнде Кеңестi (АӨСШК)  шақыру бойынша бастама көтердi; сонымен қатар, барлық елдердiң әскери бюджеттерiнiң бiр пайызын аудару арқылы БҰҰ-ның бiтiмгерлiк Қорын құру туралы идеясын ұсынды;  1994 жылы – Еуразиялық одақ құру бастамасын ұсынды; 1999 жылы – «Шанхай бестiгi» қызметiн жаңа үлгiде жалғастыруын ұсынды; 2000 жылы – Еуразиялық экономикалық қоғамының жобасы; ал, 2001 жылы – Әлемдiк және дәстүрлi дiндер көшбасшыларының Құрылтайын өткiзу идеясын көтердi; 2002 жылы – әлемдiк экологиялық мәселелердiң Тiзiлiмiн құру туралы ұсыныс жасады; 2003 жылы – БЭК құру туралы және ЕЫҚҰ-да Қазақстанның төрағалығы туралы бастамалары көтерiлдi; 2004 жылы – БҰҰ қауiпсiздiк Кеңесiн кеңейту туралы және БҰҰ Бас хатшысы жанында аймақтық ұйымдардың кеңесiн құру туралы ұсыныс ортаға салынды; 2008 жылы – БҰҰ деңгейiнде ядролық сынауларға қарсы Халықаралық күндi ұйымдастыру идеясы айтылды; 2009 жылы – Астанада ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзу ұсынылды; 2010 жылы – Еуразиялық қауiпсiздiк кеңiстiгi туралы бастамасы мен ЕҚЫҰ және АӨСШК арасында өзара әрекеттестiк туралы ұсыныс сарапшылардың назарын аударды.

Аталған бастамалардың iшiнде айрықша мәнге ие екеуiне ерекше тоқталғанды жөн көрiп отырмыз. Соның бiрi – Әлемдiк және дәстүрлi дiн көшбасшыларының құрылтайын өткiзу. Елбасының 2001 жылы көтерген осынау бастамасы арада 2 жыл өткенде жүзеге асып, 2003 жылы Астанада аталған съезд ұйымдастырылды. Адамзат тарихында алғаш рет жер бетiндегi кең таралған, жетекшi дiндердiң рухани көсемдерi бiр үстелдiң басында бас қосып, өзара сыйластық пен төзiмдiлiк орнатудың жайын талқыға салды. Ал, екiншiсi Н.Назарбаевтың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының аясында Астана Саммитiн өткiзу жөнiндегi идеясы. Ол да көп ұзамай жүзеге асып, 2010 жылдың 1—2 желтоқсан күндерi Елордада өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде «Астана декларациясы» қабылданды. Бұл құжат iрi халықаралық ұйымның бойына қайта қан жүгiртiп, оның қызметiнiң белсендiлiгiн арттыруға сеп болды деп сенiммен айта аламыз.

Қазақстанның ғаламдық бастамалары мұнымен де шектелмейдi. Мемлекет басшысының пайымдауынша, ғаламдық проблемалар бойынша маңызды шешiмдер қабылданған кезде дамушы елдердiң мүддесi, пiкiрi мен ұстанымы ескерiлмейдi. Ал, бұл реформалардың тиiмдiлiгiн төмендетiп, әлемнiң эволюциялық дамуына керi әсерiн тигiзедi. Сол себептi 2011 жылы Қазақстанның бастамашылығымен «G-Global» ақпараттық-коммуникативтiк платформасы құрылды. Бұл G-8 бен G-20-ға балама емес, керiсiнше дамушы елдердiң ұстанымдарын жеткiзу арқылы оларды толықтырып отыратын ашық үнқатысу алаңы.

Айта берсек, Қазақстанның ғаламдық бастамалары өте көп және олардың денi оң нәтиже беруде. Мәселен, елiмiз жаңартылатын қуат көздерiн алға жылжыту бойынша да көшбасшылардың қатарында. Келер жылы Астанада өтетiн «ЭКСПО—2017» халықаралық көрмесiнiң негiзгi тақырыбы ретiнде «Жасыл энергетиканың» таңдалуы да сөзiмiздiң айғағы. Ал, 2017 жылы Қазақстанның БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiне мүше болуы аталған бастамалардың одан әрi алға жылжытылуына жол ашпақ.

Елбасы Н.Назарбаев «Бiз мемлекет құрдық, құрғанда да, аты бар да, заты жоқ мемлекет емес, бүкiл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтiн мемлекет құра алдық. Ендiгi жерде - тәуелсiздiк туын тiгуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деген болатын. Расында, әлемнiң Қазақ елiн тануына, мойындап, құрметтеуiне негiз болған осынау ғаламдық бастамалары едi.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ,

«Оңтүстiк Қазақстан»

T. Кіршібаев