26 тамыз – исі қазақ баласы үшін айтулы даталардың бірі болуы тиіс еді. Алайда, ол күннің маңызын дәл қазір бірі білсе, бірі білмейді.
Осыдан 96 жыл бұрын бір топ алаш азаматы қазақ елінің жер көлемін белгілеу үшін жан беріп, жан алысты. Ақыры, дегендеріне жетті. Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасы сол алаштың арда ұлдарының қажырлы еңбегінің арқасында белгіленген. Айтар әңгімеміздің әлқиссасын бүгінгі күннен бастап, кешегі өткен тарихқа барлау жасауды жөн көрдік...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің шекарасын тас-түйін етіп бекіткен соң, «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді» деп, ақжарма сөзін халқына арнағаны бар.
Рас, ТМД кеңістігінде халықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекараға Қазақстан ғана ие. Тіпті осы ТМД кеңістігінде шекара сызығын айқындамаған кейбір республикалар біраз территориясынан айырылып қалған жайы бар... Құдайға шүкір, Қазақстан шекарасына селкем түсірмей, уақытында шегендей алды. Рас, түйткілді мәселелер болмай қалған жоқ. Өйткені, 13400 шақырымға созылған шекараны бекіту оңай емес. Көршілермен келісе отырып, бейбіт жолмен шешу, халықаралық деңгейге сай делимитациялау, демеркациялау бір пәрменмен шешілетін дүние емес. Тіпті кезінде КСРО шеше алмаған Қытаймен шекарадағы даулы аймақ мәселесін шешу Қазақстанға оңай тимеді. Сондай-ақ, 7591 шақырымға созылып жатқан Ресеймен екі арадағы шекараны делимитациялау да қажырлы еңбектің арқасында келді. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен де бейбіт келісімдер жүргізе отырып, шекара мәселесін ши шығармай шешіп алған жайымыз бар. Әрине, бұл жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Мемлекет басшысының бет-беделі болмағанда, әлі де шекара мәселесін өзгелер секілді шеше алмай жүрер ме едік, кім білсін?! Құдайға шүкір, қазір еліміз халықаралық құқық нормаларымен заңды түрде бекітілген мемлекеттік шекараға ие. Бұл жерде еске сала кететін бір жайт, тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз тарихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ КСР-інің аумағы мен шекарасына иелік еткені белгілі. Ал ол шекараны бекіту үшін үлкен айқас болғанын тарихтан білеміз. Ең бастысы, алаш арыстары иісі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін жан беріп, жан алысты. Енді, осы мәселеге келейік.
1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.
Ол баяндамада Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені, ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.
12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.
Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды. Бұл – олардың халық алдындағы аса үлкен еңбегі болды. Ал осы айтулы дата бүгінде көптің назарынан тыс қалды. Ескерілмеді. Сондықтан мұны біз айтып, халықтың есіне түсіріп қою – парызымыз.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы ғалым, жазушы:
Бұл күн ұлттық мерекеміз болуға тиіс
– Әлімхан Ермеков өз сөзінде мынадай пікір айтыпты: «Қазақстан шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, онда бұл облыстардың өзара тығыз байланысы көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады.
Бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени, экономикалық және аралас облыстық орталықтарда талап етіп отырған территорияның құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық, мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, Қазақ автономиясының шекарасын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қарастырылуы керек».
Ермековтің айтқаны шындық еді. Егер де Сібірревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды. Егер сол астрахандық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кетуі керек болатын. Тұрар Рысқұловтың өтініші өтіп кетіп, Түркістан мемлекеті құрыла қалған жағдайда, онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, яғни қазіргі Өзбекстанның құрамында қалып қоятын еді.
Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау Әлихан Бөкейханның кеңесімен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады.
Мәжілісте Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді, осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті. Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмыс ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті».
Сонымен, жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты.
Біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Соның бекітілгеніне тоқсан алты жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек. Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы – Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақ жерін жинақтаған құрылтай
– Қазіргі Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің тарихи дәстүрлері XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығынан басталады. Ал, оның қазіргі шекараларының нақты белгіленуі Кеңестік дәуірдегі саяси өзгерістерге байланысты қалыптасқаны ақиқат. Азамат соғысы аяқтала салысымен, Алаш партиясының көсемдері және ұлтшыл зиялылар Кеңес Одағы құрамында жүргізілген ұлттық-аймақтық межелеу жұмыстарына белсене атсалысты. Қазақ халқының тарихи қалыптасқан жерлерін оның иелігінде алып қалуға күш салды. Ресей Федерациясы құрамында қазақ автономиясын құру жолында құрамында Алаш қайраткерлері мен большевиктер кірген Қазревком жұмыс істеді. Кеңестер мен большевиктік партияның көсемі В.И.Лениннің декретімен құрылған Қазревком 15 айдай қызмет етіп, Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру мақсатын бірінші орынға қойды. Себебі, қазақ жерінің оңтүстік аймақтары Түркістан автономиясы құрамында қалып қоюы, ал солтүстік аймақтары Башқұрт-қазақ автономиясы құрамында қалуы, солтүстік-шығыс аймағының Ресей Федерациясының құрамына еніп бөлшектенуі қаупі тұрды. Сондықтан, Қазревком мүшелері қатарындағы ұлтшылдар патша өкіметі бөлшектеп тастаған қазақ жерлерін біріктіру жолында Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін өткізуді қолға алды. Құрылтайға дайындық барысында болашақ Қазақ республикасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссия Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен зор қызмет атқарды.
Империялық пиғылдағы большевиктік басшылар ұлтжанды қайраткерлердің қазақ жерін біріктіру жолындағы қызметіне бөгет жасап бақты. Тарихи әділеттілік үшін айтуға керек шындық бұл істе Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленин қазақ халқының өкілдерін қолдады. Қазақ жерінің біртұтас автономия құрамына жиналуына А.Байтұрсыновпен бірге Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Сейітқали Меңдешев, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Әліби Жанкелдин, Халел Ғаббасов т.б. қайраткерлер үлес қосты. Сонымен бірге, бұл жұмыстар саяси-таптық тартыстар және қайшылықтар жағдайында жүрді. Жетісу, Сырдария, Орал, Торғай, Семей, Ақмола, Бөкей ордасы, Түркістан, Астрахан қазақтары бір автономия құрамына енуге ниет етті. Қазақ халқының мақсатына орай 1920 жылы 26 тамызда В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған Кеңестік федерациялық социалистік мемлекет РКФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы Декреті шықты. Астанасы болып Орынбор қаласы бекітілді. Қазревком құрамы қайтадан қаралып, оған В.А.Радус-Зеньковия, И.Д.Мартынов, В.Покровский, С.Авдеев, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Х.Ғаббасов т.б. енді.
Ең бастысы, қазақ ұлтының тарихи иелік етіп келген жерлерінің басым бөлшегі ҚазАКСР құрамына енгізілгені жария етілді. Қырғыз (Қазақ) АКСР қарамағына 1917 жылға дейінгі шекара белгісіндегі Ақмола облысының Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл уездері және Омбы уезінің бір бөлігі, Семей облысының Зайсан, Семей, Павлодар, Өскемен, Қарқаралы уездері, Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездері, Орал облысының Гурьев, Лбішін, Темір, Орал уездері енді. Сонымен қатар, Маңғыстау уезі, Бөкей ордасы, Астрахан губерниясының Синеморье облысы, бірінші, екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған уездері де кіргізілді. 1920 жылы күзде ел аумағы 1 млн 871 мың шаршы версті қамтып, халқының саны 5 млн 46 мың адам болды. Бұл халықтың 46 пайыздан астамы қазақтар болатын.
Айта кететін жағдай, Жетісу мен Сырдария облыстары ҚазАКСР құрамына тек 1924 жылы Түркістан КАСР құрамынан шығарылып қайтарылды. Ал, Ақмола мен Семей облыстары Сібір ревкомының құрамынан тек 1921 жылдың басында қайтарылды. 1925 жылға дейін ҚазКАСР астанасы Орынбор қаласы болып, 1920-1925 жылдар аралығында Қазақстандағы ұлттық-аумақтық межелеу жұмыстары аяқталады. Қазақ жерінің Қазақ КАСР құрамына қосылуы қазақ халқының пайдасына шешілгенін атаған жоқ. Азамат соғысы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін жағдайындағы алапат қиыншылықтарға, қырылуға қарамастан, қазақ ұлтшыл қайраткерлері қазақ жерін жинақтау мақсатында зор тарихи маңызы бар жұмыс жасады. Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік территориясын 8 губернияның құрамында болған 41 уезд жасады. Олар: Бөкей губерниясынан Таловка, Орда, Жаңақала, Теңіз уездері; Орал губерниясынан Орал, Елек, Жымпиты, Камыков, Гурьев, Азат уездері; Ақтөбе губерниясынан Ақбұлақ, Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Шалқар уездері; Қостанай губерниясынан Федоров, Боровский, Қостанай, Урицкий, Денисов, Торғай уездері; Ақмола губерниясынан Петропавл, Черлакский, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездері; Семей губерниясынан Семей, Павлодар, Өскемен, Бұқтарма, Зайсан, Қарқаралы уездері; Сырдария губерниясынан Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент уездері; Жетісу губерниясынан Алматы, Талдықорған, Лепсі, Жаркент уездері енді.
Губерниялар мен уездер атауларына қарап отырсақ, Қазақ КАСР құрылуымен басталған тарихи маңызы бар үрдіс бүгінгі Қазақстанның территориялық-аумақтық және мемлекеттік шекарасын жасап берген үрдіс екендігін анық байқаймыз. 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ КАСР құрылуының қазақ халқының дамуына тигізген ең басты тарихи ықпалы – осында.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:
Алғысты алаш қайраткерлеріне айтайық
– Қазір кейбір ғалымдар, зиялы қауым өкілдері істің байыбына бармай, тарихтың ұңғыл-шұңғылына үңілмей жатып, «Қазақтың шекарасын Ленин сызып берген, алғысты соған айтайық» деп жатады. Шындығы солай ма еді? Жоқ. Ең бірінші, рақметті алаш қайраткерлеріне, большевиктердің арасында жүрсе де, «ұлтым, елім, жерім» деген қаракөз азаматтарымызға айтуға тиіспіз. Алғаш қабылданған декретке Орынбор губерниясы енбей қалды. Қазір көп ешкім біле бермейтін сол кезде Ахмет Байтұрсыновтың Ленинге жазған хаты бар. Хат Елбасының мұрағатында сақтаулы. Ол хатта Ахмет Ленинге Орынборды Қазақ автономисының құрамына беруді сұраған. Неге десең, ол аймақта қазақтар аса көп шоғырланған еді. Осындай ұсыныс болғандықтан, Ахаңның бұл хатын әлі күнге жариялай алған жоқпыз. Өйткені, ел арасында түсініспеушілік туындап кетуі мүмкін. Тіпті тәуелсіздікке ие болған соң, кейбір орыс тарихшылары «сіздердің Байтұрсыновтарыңыз Солтүстік Қазақстанның біраз жерін Ресейге берейік деп ұсыныс жасаған» дегенді шығарып алып, іріткі салуға дейін барды емес пе? Шындығында, Ахаң «Орынборды бізге бер» деп, оның өтеуіне Петропавлдің маңайындағы кейбір жерді алуын өтінгені рас. Бұл – жеке Ахмет Байтұрсыновтың пікірі емес, сол кездегі алаш қайраткерлерінің ортақ пікірі еді. Егер де Орынбор қазақ еліне қараса, сол өңірдегі түркі тектес елдермен тығыз байланыс орнайтын еді. Ортада шекара болмайды. Түркі тектес елдер (башқұрт, татар т.б.) қарым-қатынасы күшейеді. Салмағы артар еді. Осы Ахметтің хатының әсері болды ма, әлде өзге де алаш қайраткерлерінің пікірі ықпал етті ме, арада ай өтпей жатып, сол 1920 жылдың қыркүйегінде Қазақ автономиясы мен оның аймақтық-территориялық межесіне өзгерту енгізіліп, оған Орынбор кіргізілді. Тіпті Орынбор Қазақ автономиясының астанасы болып бекітілді. Алайда, қазақ автономиясымен Еділ бойында жатқан өзге түркі жұртының ынтымағы артып бара жатқанын көрген әрі болшақта бұл өте қауіпті екенін сезген большевиктік билік 1925 жылы Орынборды қайтадан Ресей құрамына енгізіп жібергені белгілі. Жалпы, қазақ автономиясын құруда, оның аймақтық-территориясын белгілеуде қазақ зиялыларының орны ерекше. Өзге мәселеде олардың пікірі қақ жарылғанымен, жер мәселесіне келгенде, ортақ көзқарасқа тоқтады. Сондай ауызбіршіліктің арқасында қазақтар мекендеген жерлердің бәрі Қазақ елінің құрамына енгізілді. Ал енді «осы мәселелер бүгінгі күнге дейін неге ашық айтылмады?» дегенге келсек, сол кездегі хаттамалардың көбі құпия болып келді. Алашорда басшыларының айтқандарын, жазысқан хаттарын жариялауға тыйым салынды. Сондықтан тарихшыларымыз ойларын ашық айта алмады. Енді ғана құпия хаттамаларға қол жеткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта 1920 жылдың шілде-тамыз айларында Қазақ елін құруға талпыныс жасап, басын қатерге тіккен алаш қайраткерлерінің еңбектері талай айтылады деп ойлаймын.
Дереккөз: aikyn.kz