- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Ақтөбе облысындағы киелі...
Ақтөбе облысындағы киелі жерлер
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жолдауында: "Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған "Туған жер" бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін "Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары" немесе "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы керек", – деген еді. Осы бағдарламаны негізге ала отырып Ақтөбе облысындағы бірқатар мемлекет қорғауына алған киелі жерлер мен ескерткіштерді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Ақтөбе облысында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын жүзеге асыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғаны белгілі. Құрамында мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тарихшы ғалымдар, археологтар, өлкетанушылар, барлығы 27 адам бар. Жұмыс тобы Ақтөбе облысының үлкенді-кішілі қасиетті, киелі жерлерін анықтап, бұл жерлерді ішкі және сыртқы туризм бағытында пайдалануға қатысты жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша "Қазақстанның киелі жерлері географиясына" республикалық деңгейде енгізілген 10 нысан:
Абат-Байтақ қорымы,
Қобыланды батыр мемориалдық кешені
Исатай батыр кесенесі
Әбілқайыр хан жерленген "Хан моласы" қорымы
Кеңесары ханның қарындасы – Бопайдың моласы
Досжан ишан мешіті
Есет-Дәрібай Көтібарұлының кесенелері
Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені
Ойсылқара қорымы
Жаманшың метеорит кратері.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасы қолға алынғаны белгілі. Киелі жерлер тізіміне жалпыұлттық қасиетті нысандармен қатар, өңірлік маңызы бар ескерткіштер де енді. Ақтөбе облысы аумағындағы осы тізімге енген ескерткіштермен және киелі жерлермен таныс болыңыз:
Жаманшың метеорит кратері
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратерінің 1 миллион жылдық тарихы бар. Ғалымдардың болжамы бойынша бұдан 700 мың жыл бұрын осы Жаманшыңға алып метеорит түскен. Сол он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жарылыстан тереңдігі 700 м, диаметрі 5,5 шақырымға созылатын шұңқыр пайда болған. Жарылыс төңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, температура бірнеше мың градусқа жеткен. Осының нәтижесінде импактит, тектит (иргизит) жыныстары пайда болған. Бұл екі породаның жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Жаманшың – аяқ астынан тасқа айналған ұлулар мен кораллдарды, сонымен қатар шығу тегі жөнінде ғалымдар жүздеген жылдар бойында дауласып келе жатқан қара не қою-жасыл түсті шыны тәріздес тектиттерді кездестіруге болатын өте ерекше жер. Біреулері тектиттер – бұл жарылыс кезінде жер жынысының қайта балқытылған түрі десе, енді біреулер дәл осы заттар комета ядросының құрамдас бөлігі болып табылады деп ойлап, бұл заттардың кенеттен пайда болуымен келіседі. Дегенмен де, тектиттерді жер бетіндегі ең жұмбақ тастар деп санауға болады, себебі химиялық құрамы жағынан олар жердегі және жерден тыс жалпыға мәлім заттардың ешқайсысына ұқсамайды.
Жәлімбет батыр кесенесі
Жәлімбет батыр – Көтібар Бәсенұлының замандасы, сол тұста ел қорғау мақсатындағы жорықтарға белсене қатысқан батырлардың бірі деседі. Жұрт оны "Жалды Жәлімбет" атап кеткен. Жәлімбет батыр кесенесі төртбұрышты етіп салынған, құрылысқа күйдірілген, шикі кірпіш аралас қолданылған. Есігі арка түрінде салынған. Кей тұстарында ою-өрнектер, өсімдіктер суреттерінің іздері сақталып қалған. Күмбезі де жарына жалғас өріліп, кірпіштен қаланған. Күмбезі құлап, беріге дейін кесене 6 метр биіктікте сақталды. Кесене өлшемдері – 9,70 х 9,70 метр. Ол Жаңажол ауылынан шығыс-солтүстікке қарай 10 шақырым қашықтықта орналасқан.
Көтібар батыр кесенесі
Бұл кесене 2000 жылы тұрғызылған. Отаршылдыққа қарсы күрестің көрнекті қайраткері, халық батыры Көтібар Бәсенұлының кесенесі Ақтөбе қаласынан 100 шақырым жерде Көктөбе мекенінде орнатылған. Кесененің биіктігі 12 метр. Маңғыстау түбегінен жеткізілген ұлутастан өрілген. Сырым Датұлы, Көтібар Бәсенұлы бастаған Кіші жүз қазақтары бірлігінің белгісіндей кесене жанына үш қойтас орнатылып, оның бетіне Әлім-Шөменнің, Байұлының, Жетірудың 29 руларының таңбасы ойып жазылған. Ал құлпытас бетінде Көтібардың үзеңгілес, қарулас замандастарының есімдері бар. Кесене мемлекет қарауына алынған. 2005 жылдан бері оның қасында шырақшыға арналған үй бар.
Ор ауылы маңындағы мешіт кешені ел аузында "Көк мешіт" атанып кеткен. Бұл – мешіт, медресе, ғибадат үйі, сондай-ақ тұрғын үй мен имамның үйінен тұратын кешен. Ор өзенінің жағалауындағы тегіс, кең алаңға салынған. Мешіт — бір қабатты, ұзынша ғимарат. Ғибадат залының өлшемдері – 8,20 х 15,30 метр. Жалпы, ғимараттан он терезе мен алты есік ойықтары анықталған. Кезінде мешіттің ішкі қабырғалары көк бояумен сырланған, оның "Көк мешіт" атанып кетуінің бір себебі осында болса керек. Көнекөз қариялардан жеткен естеліктер бойынша, мешіттің сырт жағында шам ілетін тұғырлар болып, кешкілік маңайды жап-жарық қып тұратын болған. Мешіт ХХ ғасырдың басында салынған. Алғашқы имамы – Тобажан Сейітжанұлы. Оны халық "Сары ишан" атаған. Кейін орнын баласы Сәлмен басқан. Сәлмен ишан Сталин заманында қуғын-сүргінге ұшыраған.
Қандыағаш – Мұғалжар ауданындағы қала. Орынбор – Ташкент – Орск – Атырау теміржолы бойындағы ірі станса. Орынбор –Ташкент теміржолының құрылысы кезінде (1905 жылы) салынған қала. Ақтөбеден 95 шақырым жерде. Қандыағаш арқылы Ақтөбе – Атырау, Ақтөбе – Шалқар жолдары өтіп жатыр.
Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтер
Төлеубұлақ үңгірі Егіндібұлақ ауылдық округі аумағындағы Төлеубұлақ қыстағынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы петроглифтерді 2000 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен экспедициясы ашты. Экспедиция құрамында Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог А.П. Деревянко (жетекші), профессорлар – Ж.К. Таймағамбетов, В.Т. Петрин, т.б. болды. Ғалымдар Мұғалжар ауданы аумағындағы тас дәуіріне тән көне қоныстарды анықтап, ғылыми айналымға енгізді. 2006 жылы мұнда белгілі археолог З. Самашев та зерттеу жүргізген.