- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Агроөнеркәсіп кешенін инновацияны...
Агроөнеркәсіп кешенін инновацияны игерген мамандар дамытады
Қазіргі кезде Қазақстанның ауыл шаруашылығы инфрақұрылымды жаңартуға, өндіріске неғұрлым жетілдірілген технологияларды енгізуге және тиімді әрі мақсатты мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Басты мақсат – отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетті дамуын барынша қамтамасыз етіп, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін заман талаптарына сай инновациялық бағытта нақты іс-шараларды жетілдіру. Бұл ретте отандық агроөнеркәсіптік кешенінің ғылыми потенциалын көтеруге басты назар салынуда. Қазіргі кезде кәсіпорындар мен шаруашылықтардың сапасы нашар, тозығы жеткен техникалары жаңартылуда, жаңа буынды білікті мамандар қатары қалыптасып, өндіріске қазіргі заманғы технологиялар мен ноу-хау енгізіле бастады. Бұл бағыттағы саясатты мемлекет тиімді жүргізіп отыр.
Біздің университеттегі студенттердің 90 пайыздан астамы ауыл жастары. Еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыларға біз заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасап отырмыз. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге озық білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарап, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Қазақстан негізінен аграрлы мемлекет. Дегенмен, ауылдық аймақтар білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға зәру. Бұл әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына көбірек қатысты. Сондықтан, мемлекет білікті аграршы мамандардың, іскер фермерлердің, заманауи технологияны игерген жастардың ауылға тартылуын оңтайландырып келеді. Мамандар тапшылығын көріп отырған ауылдарға еліміздің жоғары оқу орындарында білім алған жастар барып қызмет етіп, орнығатын болса ұлттық экономика қарқын алып, ел еңсесі бұдан да көтеріле түсетіні сөзсіз.
Ауылға барған жас маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Сол себепті, университетімізде стратегиялық бағыт-бағдарымызды ұстана отырып, ауылдық жерлерден келген жастарды инновацияға бейімдеп, аграрлық білім мен ғылымға тереңдеп, жаңа технологияларды игеруі үшін Агротехнологиялық Хаб – Ауыл шаруашылығы зерттеулерінің Халықаралық институтын құрдық. Шетелдің озық тәжірибелерін негізге алған бұл институт отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің нақты сұраныстарына сай ғылыми-өндірістік жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде жаңаша құрылымдау нәтижесінде университеттің Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтуі – агроинновациялық бағытты жаңғырту бойынша ғылыми-зерттеулерді коммерциализациялау жүйесін тиімді құруға жол ашты. Университет базасында құрылған Ауыл шаруашылығы зерттеулерінің халықаралық институты отандық аграрлық білім мен ғылымның жаңа сатыға көтерілгендігін көрсетеді. Әлемдік стандарттарға сай агротехнологиялық хаб деңгейіндегі мұндай ауқымы кең институтты құру туралы шешім аяқасты қабылданған жоқ, бұған ұжымның көптеген жылдар бойы атқарған жемісті жұмысы себеп болды.
Бұл халықаралық институт – мемлекеттің және жекеменшік сектордың ресурстарын бір арнаға топтастырып, оларды ел үшін пайдасы мол, келешегі бар инновациялық жобаларға аударатын еліміздің аграрлық секторындағы алғашқы ірі институттың бірі. Институт құрамына университет жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, Су инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында мамандар дайындайтын Азық түлік сапасы және технологиясы орталығы, «Агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу» орталығы, Тұрақты егін шаруашылығы орталығы сияқты қолданыстағы орталықтар біріктірілген. Бұл инновациялық орталықтар мен зертханаларды ауылшаруашылық кәсіпкерлері шикізат пен дайын өнімге сараптама жасау, топырақ, су және т.б. сапасын анықтау үшін пайдаланады.
Институттың өндірістік құрылымында ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу қоры, технопарк, ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, стартап бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді. Зерттеулер қоры орталық анықтайтын келешегі бар ұзақ мерзімді жобалар мен инновацияларды қаржыландыруға арналған, сонымен қатар құрастырылып жатқан жобаларға сырттан стратегиялық инвесторлар тартумен де айналысады. Мұндағы басты мақсат – әлемдегі ең жақсы технологияларды аграрлық өндіріске алып келу. Бұл жұмыстардың барлығы Үкіметте, министрлікте, облыс деңгейінде таныстырылып, шетелдік эксперттердің жоғары бағасын алған.
Мемлекет басшысы өзінің 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында азық-түлікке жаһандық сұраныстың өсуіне байланысты отандық агроөндірістік кешенін ауқымды жаңғыртуға нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте біз Мемлекет басшысының отандық ауылшаруашылық саласының алдына қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін ғылым, білім және өндіріс интеграциясына баса мән беріп отырмыз. Өткен жылы Елбасының шешімімен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан «Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы» ашылды. Орталық құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік стансасы, коммерцияландыру мен білім беру орталығы және 3 аграрлық жоғары оқу орны кірді. Осы интеграция агроөнеркәсіп кешенінде ғылым, білім, өндіріс арасындағы ведомстволық бірікпеушілік мәселесін шешудің ең тиімді жолы болды.
Мемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында индустрияландыру бағдарламасы аясында ғылым мен экономика және маман дайындау салалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін 10 жоғары оқу орнын анықтап көрсеткен болатын. Соның ішінде біздің университет те бар. Бүгінгі күні Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті бейіндік магистратура негізінде индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандар дайындауда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібі, агрохимия, ауыл шаруашылығы техникасы, ауыл шаруашылығы салалары бойынша практикалық-бағдарланған жоғары білікті кадрлар дайындау.
Өндірістік кәсіпорындарға арналған бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа зертханалар құрылды. Бүгінгі таңда магистранттарымыз сол зертханаларда ғылыми жобаларын дайындап, практикалық дағдыларын арттыруда.
Отандық азық-түлік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлеуметтік маңызы бар тағам өнімдерін өзімізде өндіру арқылы оның импортын азайтуға жағдай жасау және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында шикізат түріндегі өнімдер шығынын азайтып, белгілі бір мақсатта өнім шығаратын тұйық циклді технологияны енгізу, шикізатты қайта өңдеу көрсеткішін арттыратын түрлі функционалдық қасиеттерге ие азық-түлік және жемшөп өндірісін дамыту, шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейту, құс және мал шаруашылығына арналған азық қорын ұлғайту, экологиялық мәселелерді шешу қажет. Жоғары білікті мамандарсыз аталған мәселелерді шешу мүмкін емес.
Бүгінде мемлекеттің жүргізіп отырған оңтайлы саясатының арқасында, атап айтқанда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға білікті жас мамандар тартыла бастады. Кейінгі кезде отандық агроөнеркәсіпке көңіл бөліне бастауынан ауылдың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыра бастады. Ауыл шаруашылығын қолдау, жаңа ауылдық жерлерді қалыптастыру үшін айтарлықтай қаржы мен материалдық ресурстар бөлінуде. Соның ішінде «Агробизнес-2020» бағдарламасының орны ерекше. Бұл бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешеніне 2020 жылға дейін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Елімізде бұдан да басқа «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Аманат» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Отбасылық сүт тауарлары фермерлерін қолдау мақсатында «Ырыс» бағдарламасы енгізілді. Мемлекет жүктеген міндеттер мен аталған бағдарламаларды негізге ала отырып, оқу орнымыз бірнеше жылдардан бері ғылыми-білім беру инфрақұрылымын құру бойынша мақсатты түрде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Жоғарыда аталған институт осы жұмыстардың нақты нәтижесі.
Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистранттар мен PhD докторанттарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 5 айға дейін ұзарттық. Осыған сай студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы саласына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі.
Университетімізде білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін және Болон үрдісін, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда келесі орталықтар: Болон үрдісін дамыту орталығы, академиялық ұтқырлықты моделдеу орталығы, үштұғырлы тіл бағдарламасын негізге алған көптілді білім беру орталығы, жаһандық класс және лингвистикалық білім беру орталығы жұмыс істейді. Сыртқы академиялық ұтқырлық жаһандық консорциум арқылы, сондай-ақ «Темпус», «Эразмус Мундус», «Болашақ», DAAD және FET, тағы да басқа бағдарламалар мен жобалар арқылы іске асырылады. Университет Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші 12 мемлекетімен қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша келісімшарттар жасады.Университетте жыл сайын Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындарынан магистранттар Еуропаның серіктес ЖОО ғалымдары мен магистрант қатысушыларымен халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылады. Халықаралық ынтымақтастық аясында әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының Жаһандық консорциумының және ТМД мемлекеттеріне қатысушы үздік Аграрлық жоғары оқу орындары кеңесінің мүшесі ретінде университет бүгінде 200-ден астам халықаралық ғылыми-зерттеу институтымен, алдыңғы қатарлы көптеген аграрлық университеттермен, агроөнеркәсіптік кешені нысандарымен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоя отырып, Қазақстанның аграрлық ғылымының халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге атсалысуда.
Университет ғалымдары жыл басынан бері Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында арнайы іссапармен шығып, ондағы ауылшаруашылық саласындағы мәселелерді шешуге атсалысып, нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Ықпалдасу бағыттары бойынша қазіргі кезде біздің ғалымдарымыз ауыл кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылығының барлық бағыттары бойынша кеңес беру қызметтерін ұсынуда.
Бүгінгі күні еліміздегі шаруашылықтарда жұмыс істейтіндердің басым көпшілігінде аграрлық білім жоқ. Біз олардың арнайы білім алуына мүмкіндік жасап отырмыз. Университетімізде жұмыс атқарып отырған еліміздегі Фермерлердің жоғары мектебі өндіріске инновациялық технологияларды енгізу және оны қолдану туралы кеңестер беріп, консалтингтік қызмет көрсетуге толық қабілетті. Бұған қоса жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетіміздің 300-ден астам студенттері мен магистранттары, докторанттары шетелдің озық оқу орындарында білім жетілдіріп, тәжірибе жинайды. Сондай-ақ, әлемнің беделді университеттерінің білікті ғалымдары біздің университетте арнайы дәріс оқиды.
Отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – 85 жылдық терең тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университеті бүгінгі күні әлемдік талаптар бойынша ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын стратегиялық бағытта жүргізуде. Белгіленген міндеттерді іске асыру үшін ең алдымен білікті мамандар қажет екені белгілі. Сондықтан да Елбасы бірінші кезекте озық білім мен инновациялық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл ретте мемлекет анықтаған талаптар бойынша интеллектуалды ұлт ретінде қалыптасқан, дамыған Қазақстан қоғамын құру үшін атқарылатын міндеттерді айқындап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға әрқайсымыздың қосар үлесіміз мол болуға тиіс.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА вице-президенті, академик
Дереккөз: egemen.kz
T. Кіршібаев