- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Аграрлық сектордың алға...
Аграрлық сектордың алға шығатын кезі алыс емес
Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары» деген тақырыпта үкімет сағаты өтті. Онда Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров баяндама жасады.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко атап өткендей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Жыл өткен сайын агроөнеркәсіп кешеніне баса назар аударылып келеді. «ҚазАгро» АҚ пен оның мекемелері ауыл шаруашылығы саласын 13 инвестициялық бағыт бойынша қаржыландыруда. «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдаудың нәтижесінде 2012-2015 жылдардың аралығында өндірілген өнім көлемі 1999 миллиард теңгеден 3307 миллиард теңгеге артты», – деді. В.Божко.
Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасында көзделген негізгі міндеттерге тоқталды. Вице-премьердің атап өтуінше, министрлік жүргізген талдау саланың дамуын тежейтін мынадай негізгі факторларды айқындады: бірінші – жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ шаруа және фермерлік қожалықтардың ресурсын пайдаланудың төмендігі.
Өйткені, өндірген өнімді дайындау және өткізу мәселелері шешілмеген, ал олар сүттің, еттің, картоптың, жемістер мен көкөністердің 70-90%-ын өндіреді. Екінші – өнімді өңдеу үлесінің төмендігі. Қазіргі уақытта еттің, сүттің, жеміс пен көкөністің
30%-ы ғана өңделеді. Үшінші – бидай өндірудің артық көлемі. Себебі, жыл сайынғы өтпелі қалдық 2-3 млн тоннаны құрайды. Ал құрама жем, арпа, жүгері, азықтық және майлы дақылдар өндірудің жетіспеушілігі өз кезегінде мал шаруашылығының дамуын тежейді.
Төртінші – импорт үлесінің жоғары, ал экспорт деңгейінің төмен болуы. Мысалы, өндіріс көлемі ішкі қажеттіліктерден асып түсетін ет, тірі мал, дәнді-бұршақты дақылдардың 5%-дан аз көлемі экспортталады екен. Сондай-ақ, елде өндіруге болатын қант, көкөніс қалбырлары, ет және сүт өнімдері, өсімдік майы, құс еті импортының үлесі жоғары. Ол – 40%-дан 90%-ға дейін барады. Бесінші – аграрлық ғылымның әлсіздігі және аграрлық технологияларды трансферттеу жүйесінің болмауы. Осы проблемалар 2015 жылы 1,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ішкі сауданың теріс сальдосына әкеп соққан.
А.Мырзахметов мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінен де хабардар етті. «Анықталған проблемалардың негізінде нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешеннің өнім өндіруін қамтамасыз ету – бағдарламаның мақсаты болып айқындалды, – деді ол. – Олар: 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа (фермер) қожалықтарына арналған ауыл шаруашылығы кооперациясы; агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді жетілдіру; агротехнологияларды трансферттеудің тиімді жүйесін қалыптастыру; мақсатқа бағытталған экспорттық саясат, органикалық өнім брендін ілгерілету; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен қолжетімділігі; мал шаруашылығының тиімділігін 40%-ға, өсімдік шаруашылығының тиімділігін 30%-ға, кәсіпорындардың өңдеу және жүктелу үлесін 1,3 есеге арттыру».
Вице-премьер өнімді өткізу мен өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы кооперациясына қатысты мәселелерді де атады. Оның айтуынша, небәрі 5 жылдың ішінде 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту жоспарланып отыр. Кооперативтер мынадай негізгі бағыттар бойынша құрылады: сүт, ет, жеміс және көкөністерді жинау. Мұндағы ерекшелік – есеп айырысу тікелей өндіруші кооператив мүшесімен жүргізіледі, ал субсидияны кооператив алатын болады. Кооперативтер, сондай-ақ ветеринария, ұрықтандыру, жемшөп өндіру, агрохимия, логистика және басқалар бойынша қызметтер көрсетеді.
Жоғарыда аталған шаралар өңдеуші кәсіпорындардың жүктелуін 30%-ға арттыруға, өндіруші мен соңғы тұтынушы арасындағы сауданың үстеме бағасын 15-20%-ға төмендетуге және ауылға ауыл шаруашылығы өнімі үшін қосымша шамамен 300 млрд теңге пайда алуға мүмкіндік береді.
«Өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету кезінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында бір мезгілде «ҚазАгроГарант» акционерлік қоғамымен және «KAZNEX» акционерлік қоғамымен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, «Азық-түлік келісімшарт компаниясы» акционерлік қоғамы базасында Агроөнеркәсіптік кешендегі экспорттық орталық құру жоспарлануда», – деді А.Мырзахметов әрі қарай. – Құрылатын орталықтың функцияларына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сыртқы нарықта сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнімдерін – сиыр, қой, шошқа етін, дәнді-бұршақты, майлы, жеміс-көкөніс дақылдарын форвардтық сатып алу және экспорттық арналар құру, сыртқы нарықтарды талдау және өткізудің перспективалы елдері – Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері үшін жол карталарын жасау, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің экспорттық келісімшарттарын саудалық қаржыландыру және сақтандыру және «КZ ORGANIC FOOD» шатырлы брендтерді ілгерілету».
Премьер-Министрдің орынбасары, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, тағы басқа да мәселелерден хабардар етті. Саланы мемлекеттік реттеуді жетілдіру аясында ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралардың жүзеге асырылатындығына да тоқталды. Сонымен қатар, ол депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты мәліметтер келтіре отырып, жауаптар қайтарды.
Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» және «Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды өзгерту тәсілдерін» әзірлеуде бірқатар мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, олардың ең бастысы – мемлекеттік реттеу тетіктерінің тұрақтылығын және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету. «Мемлекеттік префенциялар фермерлерге кепілдік болуы қажет, – деді С.Омаров. – Барлық мақсатты бағдарламалар қаржылық және материалдық ресурстармен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Өз кезегінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша бірқатар нәтижелерге қол жеткізілмеудің бірден-бір себебі, бағдарлама құралдарының толық қаржыландырылмауы салдарынан орын алғанын атап өткен жөн».
Бұған қоса, ол ауылшаруашылық саласына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мәселесіне ерекше назар аудару қажет екендігіне, субсидиялау механизмдерін автоматтандыруға, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті күшейтуге қатысты мәселелерді ортаға салды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
T. Кіршібаев