Google іздеу жүйесі қазақстандықтарды дудл арқылы Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Google атаулы мерекені назардан тыс қалдырмай, жыл сайын құттықтап отырады.
Биылғы дудлда табиғат аясындағы Қазақстан туы бейнеленген. Іздеу жүйесінің дудлдар жинағының хабарламасында былай делінген:
"Бүгінгі Doodle-да 1992 жылы қабылданған Қазақстан туы бейнеленген. Дала аясындағы тудың Күн сәулелері, қыран құс пен ұлттық орнаменттері алтын түспен салынған. Ол ұждандық, адалдық, бірліктің белгісі.
Ресей және Еуропамен көршілес орналасқан Қазақстан – 130-дан аса ұлт өкілі және 17 дін конфессиясын біріктірген мемлекет. Бүгін Қазақстан 1991 жылы Совет Одағынан бөлініп, тәуелсіздік алған күнін тойлап жатыр. Бүкіл халық демалысқа шығып, Астана және Алматы сияқты қалалар мерекелік концерт, мәдени шаралар ұйымдастырып жатыр.
Тәуелсіздік күні құтты болсын, Қазақстан!"
Сондай-ақ SERP (Search engine results page – іздеу нәтижелерінің беті) логотипінде де Қазақстан туы бар.
Осыған дейін Google Тәуелсіздік күнімен бірнеше рет құттықтаған еді.
Бұған дейін Google-дың Doodle бөлімі қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен, ұстаздар күнімен құттықтаған еді.