26 жастағы астаналық Әйгерім Қағарманова маңызы жоғары жобаның негізін қалады. Ол ауыл балаларына тегін кітап таратады. Осыған дейін өзі жасаған жоба аясында әр түрлі жанрда 400-ден астам кітап берілген. Tengrinews.kz тілшісі қызбен сұқбаттасып, жоба жайлы кеңінен сұрады.
Әйгерім Халықаралық ақпараттық технология университетінің түлегі. Магистратураны Назарбаев университетінде тәмамдаған. Бірнеше арнайы бағдарлама бойынша АҚШ-та білім алған.
- Барлығы 2 жыл бұрын басталды. Мені университетім ауыл мектебіне барып сабақ беруге жіберді. Ағылшын тілін үйреттім. Бұл тілді өз бетіммен үйренгенмін. Бос уақытымда кітап оқитынмын. Балалар менен қандай кітап оқуға болатынын сұрады. Мен аттарын айтқанда, тіпті естімегендерін айтып, дәптерлеріне жазып алумен болды, - дейді қыз.
Оның айтуынша, ауылды жерде оқу қиындау көрінеді.
- Біз ауылға барғанда қиындықтар көп болды. Инфраструктураны айтпағанда, қарапайым байланыс жүйесінің өзі нашар екен. Бір ғана ұялы байланыс операторы істейді екен. Күндіз тіпті электр қуатын өшіріп те тастайды, - дейді Әйгерім.
Ол көптеген ауыл балаларына қолдау, биік белеске шығу үшін демеу керек екенін айтады.
- Бұл жобада ауыл балаларымен қала балаларын бөліп-жару деген ой жоқ. Маған ұнамайды. Олар үшін қолдау маңызды, - деп атап өтті.
Books to auls клубын құру ауылдан келгеннен кейін ойға оралған. Бастапқыда Әйгерім қыздарға арналған кітап клубын құрған.
- Біз бастапқыда оқыған кітапттарды жиналып талқылап жүрдік. Одан кейін кітаптарды ауыл балаларына беру жайлы ойлай бастадым. Бізде тек көркем әдебиет қана емес, өз-өзіңді дамытатын кітаптар да болды. Олар қымбат болатын. Үш мың мен алты мыңнан асық тұратындары да бар. Ауыл балалары үшін де қымбат. Біз оны оқығаннан кейін не істейміз? Одан да көмек үшін жаратайық деп шештік, - дейді.
2018 жылы ешқандай да демеушісіз, мемлекет тарапынан қолдау болмай-ақ жоба қолға алынған. Нұр-Сұлтандағы жас мамандар ауылды жердегі мектептерге кітап апарып бере бастады. Кітап беріп қана қоймай, арнайы шеберлік сабақтарын да өткізуді қолға алған. Кез келген адам ерікті ретінде қатысуына мүмкіндік берілді. Бар болғаны кітап әкеліп, ауыл балаларына өзінің тәжірибесі, алған білімі жайлы бөліссе болғаны.
Мысал ретінде айтар болсақ, Әйгерім өзі де ауыл балаларына әр түрлі университетте оқығаны, түрлі ұйымдарда жұмыс жасағаны туралы спикер болған. Өзге де студенттер оқудағы тәжірибесі және шет елдерде білім алу жайымен бөліседі.
- Біз кітап алып барып жүріп жоғары сынып оқушыларымен көп тілдестік. Олар бізге болашақ мамандықтары, алған бағыттары жайлы көптеген сұрақтар қойды. Ерікті ретінде пайдалы ақпарат бере алатын кез келген адам бара алады. Біз бастапқыда мектеп басшылығы қарсы болады деп ойладық. Instagram желісінде парақша ашқаннан кейін балалардың өзі бізге жаза бастады. Ауылда сабақ берген қызым мені мектебіне қайта шақырды. Осылайша біздің жұмысымыз басталып кетті. Қазір мектеп басшылығымен келісіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүрміз, - дейді.
- Ауылды жерде көп адамдар өмір сүреді. Мен өзім олардың бар проблемаларын шеше алмайтыным рас. Бірақ өз тәжірибеммен бөліскім келеді, - дейді Әйгерім.
Уақыт өте келе Books to auls жобасына өзге де ұйымдар атсалыса бастады. Соның бірі – Ротаракт-клуб (жастарға бағытталған халықаралық бағдарлама). Олар акция өткізіп, 250 кітап жинап, СҚО-да мектепке табыстады.
- Бәрінің де оқып болған кітаптары бар. Бірнеше сағат уақытты қиып, ауыл мектептеріне апарып беріп, оқушылармен неге тілдесіп қайтпасқа?, - дейді жоба иесі.
Әйгерім ауыл балаларының Жоғары оқу орнына түсуіне көмектескісі келеді.
- Қазіргі таңда бір мектеппен тәжірибе өткізудеміз. Оларға біздің еріктілер барып, шеберлік сабақтары мен воркшоптар ұйымдастыруда. Мақсат – қаладағы ЖОО түскен оқушылар санын арттыру. Қала мектептерінің тәжірибесімен де бөлісуде, - дейді Әйгерім.
Бүгінге дейін жоба аясында 7 ауыл мектебі ат бастарын бұрған. 400-ден астам әртүрлі жанрдағы кітаптарды сыйлаған.
- Барлық балалар оқығысы келеді. Тек оларға қолдау мен мүмкіндік сыйлау керек. Осы үшін біз оқушылармен жұмыс жасап, тәжірибемізге бөлісуге дайынбыз, - дейді.
Бұл мақала Alash Media Group холдингі және ERG компаниясы қолдауымен қолға алынған жаңа "Бірге оқимыз" жобасы негізінде дайындалды.
Сайттың бұл жобасына еліміздегі танымал тұлғалар мен Әйгерім секілді білім беру жолында аянбай тер төгіп жүрген жандар кейіпкер болады. Негізгі мақсат – жастарды оқу-білімге шақыру, қазақ тіліндегі ғажайып туындылармен сусындауына жол ашу.