Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air авиакомпаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтатты. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air авиакомпаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығын сертификатын қолданылуынт тоқтатты. Әуе апатына ұшыраған әуе кемесінің ұшу жарамдылығы куәлігі 2019 жылдың мамырында берілген болатын. Fokker-100 борты 1996 жылдың сәуір айында шығарылған. Қазақстандық регистрда 2016 жылғы 26 тамызда тіркелді (куәлік нөмірі 940). Bek Air әуекомпаниясында барлығы 10 ұшақ тіркелген. Қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air әуе компаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтатты. Bek Air компаниясының пайдаланушы сертификаты ұшу қауіпсіздігі бойынша барлық мәселелер толық шешілгенге дейінгі мерзімге тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, кеше Bek Air әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы 2100-рейсі сағат 07:05-те ұшып, радардан жоғалып кетті. Көп өтпей бортында 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған ұшақтың апатқа ұшырағаны белгілі болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Bek Air ұшағы апаты кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, "апатқа кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады",- деді.