Жыл сайын Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастыратын ауқымды іс шара осымен алтыншы рет өтіп жатыр.
Форумның мақсаты – өңірдің инвестициялық әлеуетін көрсету, сондай-ақ оның инвестициялық имиджін нығайту, өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестиция ағымын тартуды ынталандыру.
Форум аясында бизнесті жүргізудегі Ақтөбе облысының артықшылқтары, келешегі бар салалар және инвестиция қажет ететін жобалар көрсетіліп, құны 300 миллиард теңге болатын меморандумдарға қол қойылды.
Форумға әлемнің 23 елінен шақырылған 400-ден астам қонақ қатысты. Олардың арасында ҚР Үкіметінің және квазимемлекеттік секторлардың, халықаралық қаржы институттарының сонмен қатар, Ресей, Түркия, Қытай, Нидерланд, Словакия, Әзербайжан, Армения және Литва мемлекеттерінің өкілдері мен Италияның Қазақстандағы елшісі бар. Форум аясында отызға жуық ірі жоба таныстырылған көрме өтті.
«Сенім. Өсу. Даму» атты негізгі пленарлық отырыста Қазақстанда жұмыс тәжірибесі бар қажырлы инвесторлар, жаңа жобалардың жетекшілері және мемлекеттік органдардың, трансұлттық компаниялардың өкілдері мен сарапшылары облыстың индустриялық-инновациялық дамуы саласындағы серіктестік мәселелерін талқылап, панельдік сессиялар да ұйымдастырылды.
Форумда қонақтар мен форум қатысушылары «Ақтөбе» индустриялық аймағына барып, біршаа ірі жобалардың қызметімен танысты. Мысалы инновациялық технологияларды қолдана отырып, жоғары сапалы қауіпсіз қаптамаларды шығаратын "Талан технолоджи" ЖШС-мен таныс болды. Форум қатысушылары италиялық технологияны пайдаланатын, керамограниттен жасалған бұйымдар мен керамикалық плиталардың өндірісіне 9,2 миллиард теңге инвестициялап, соған сәйкес 180 жұмыс орнын құрған «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС-імен танысып шықты.
Соңғы бес жылда Ақтөбе өңіріне 2,2 триллион теңге инвестиция салынған. 2018 жылдың қорытындысының өзінде Ақтөбеге 510 миллиард теңге көлеміне инвестиция салынбақ.