Air Astana әуе компаниясының халықаралық оператор ретіндегі қызметі ҚР Президенті жариялаған Ұлт жоспары бағдарламасының аясына кіреді. Атап айтқанда, еліміздің бас әуе компаниясына Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер жүктелген. 67-қадамға сәйкес, Air Astana әуе тасымалдаушы және ҚТЖ ұлттық компанияларын ірі халықаралық оператор ретінде дамыту. Air Astana халықаралық бағыттарға ыңғайластырылады және әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) жаңа бағыттар ашады делінген. Air Astana мемлекеттік жоспардың жеке бір бөлігі бола отырып, өзінің халықаралық репутациясын да дамытып келеді. Оны әуе компаниясы халықаралық сайыстарда дәлелдеп келеді. Air Astana әуе компаниясы Лондон қаласында, 17 шілде күні 4 жұлдызды компания рейтингісіне және Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания аталымындағы Skytrax World Airline Awards сыйлығына осымен жетінші рет ие болды. Халықаралық беделі бар Skytrax компаниясының жүлдесі жыл сайын жолаушылардың әуе компаниялардың қызметіне қанағаттанушылығы деңгейін өлшеу нәтижесінде анықталады. 19 миллионнан астам жолаушы 10 ай ішінде жердегі және борттағы қызмет көрсету туралы сауалнамаға қатысып, жауап берген. Сауалнамада тіркелу, отырғызу, салон тазалығы мен ыңғайлылығы, тағамдар мен сусындар, борттық қызмет көрсету мен ойын-сауық жүйесі сынды критерийлер бойыша баға берілген. Зерттеу 200 ірі халықаралық және шағын жергілікті әуе тасымалдаушыларды қамтыған. Air Astana президенті Питер Фостер: Біз үшін осы марапатты алу үлкен мәртебе. Біздің жұмысымызға осындай баға беріліп жатқаны аса маңызды. Өйткені сапа көрсеткішінің бәрі жолаушыларымыздың дербес таңдауында негізделеді. Біз оларға шын жүректен ризамыз және олармен ұшағымызда қауышуымызға қуаныштымыз. Сондай-ақ әуе компания қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар әрдайым жоғары сапалы қызмет көрсету үшін күнделікті жұмысында барын салады. Қызмет көрсетудің одан арғы жоғарғы стандарттарына жету үшін жетілдіру жұмыстарын жүргізе бермекпіз, деді. Еске сала кетейік, Air Astana әуе компаниясы Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры АҚ мен Британдық BAE Systems-тің бірлескен кәсіпорны. Оның 51 пайызы Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры АҚ, ал 49 пайызы BAE кәсіпорнына тиесілі. Air Astana 2002 жылдың 15 мамырынан бастап тұрақты рейстерді жасап келеді. Қазір компания 60-тан астам халықаралық және ішкі рейстерді орындайды. Компанияның әуе паркінде Boeing 757-200, Boeing 767-300ER, Airbus A320, A320neo және Embraer E190 32 ұшағы бар. Air Astana ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында 2012 жылы алғаш рет беделді Skytrax халықаралық рейтинг агенттігінің 4 жұлдызына және Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компания атағына ие болды. Аталған марапатқа отандық әуе компаниясы 2013, 2014, 2015, 2016, 2017 және 2018 жылдары ие болып келеді. Сондай-ақ, Air Astana TripAdvisor сайтының Travellers Choice Awards 2018 сыйлығының Аймақтық Азия тасымалдаушысы номинациясының жеңімпазы атанған. Әуе компаниясының ішкі нарықтағы басты міндеті ҚТЖ-мен (Қазақстан темір жолы ҰКАҚ) бірелесе отырып, жүк авиакомпаниясын құру. Бүгінге дейін елімізде мұндай бірлескен компаниялар жүйесі болған емес. Бұл жүйе құрылымына кіретін Қазақстан темір жолы компаниясының серіктесі KTZ Express-те мұндай қызмет түріне арналған инфрақұрылым бар. Бұл басқарма құрамына 11 әуежай кіреді. Олар Астана, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Семей және Өскемен қалаларында орналасқан.