Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау 9 маусымда өтетінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұл туралы республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемеcінде хабарлады.
- Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын.
Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.
Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым.
Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім.
Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім.
Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.
Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам" - деді мемлекет басшысы.
Соңғы рет кезектен тыс сайлау 2015 жылы 26 сәуірде өтті. Ол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайызын жинаған еді. Сайланған Мемлекет басшысының өкілеттілігі 2020 жылдың сәуір айына дейін белгіленген. Алайда Елбасы 19 наурызда өз өкілеттігін тоқтатқаны туралы шешім қабылдаған еді.
20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Қазақстан Президенті міндетіне кірісті.