Massaget.kz сайтына 8 жыл толды

Иә, Сіз дәл қазір оқып отырған сайт осыдан 8 жыл бұрын құрылған. Нақтырақ айтсақ, 2011 жылдың 16 желтоқсанында ашылған.

Қазақ тілді жастардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Массагет порталына биыл 8 жыл толып отыр. Бұл біреу үшін аз, бәлкім көп. Десек те осынау уақыт ішінде портал біраз жұмыстарды атқарды. Сайт әкімшілігі әр түрлі тақырыптардағы тағылымды мақалалар мен жаңалықтар жазып, қолданушылар назарына ұсынса, сайт қолданушылары блог жазып сайт кеңістігін кеңейтуге септігін тигізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 60 мыңнан астам  материал, 27 мыңға жуық блог жарияланды. 

Барша жаңалыққа жаны құмар, ілімге құштар қазақ жастарының басын қосқан Massaget.kz сайты осы 8 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Атап айтсақ, "Үздік қазақ сайты– 2013", "Халықтың сүйіктісі – 2014", "Жастарға арналған үздік қазақ тілді интернет сайт – 2016",  "Қазнеттегі медиасерпіліс – 2017" және т.б.

Осы 8 жыл уақыт ішінде көптеген студент жастар мұнда келіп жұмыс жасап, тәжірибе жинады, мықты маман болып қалыптасты. Массагет көптеген оқушылардың күнде кіріп блог жазатын ордасына айналды. Қаншама оқушылар осы жерден өздеріне жақын дос, сырлас тапты. Сайтымыздың ұранында айтылғандай (Өз таңбаңды қалдыр!) әрбір жаңалыққа жаны құмар жастың өз таңбасын қалдыруға мүмкіндігі көп. Порталда еліміздің барлық аймақтағы оқушы, студент жастардың қолтаңбасы бар. Бұл 8 жыл уақыт аралығында атқарылған қыруар жұмыстың, еңбектің өтелгені деп білеміз.

Жыл сайын порталымызда түрлі жобалар қолға алынып, әртүрлі байқаулар ұйымдастырып келеді. 9 жылдыққа қадам басқан шақта да бұл үрдіс тоқтап қалмайды. Massaget.kz жастар порталы алдағы уақытта бұдан да қызықты мақалаларымен, жаңа, тың жобаларымен оқырмандарды қуантады. Бізбен бірге болыңыздар достар!

Біз бүгін порталдың өткеніне аз-кем үңілдік. Massaget.kz-пен қай кезден бері доссыз? Өз пікіріңізді білдіре отырыңыз.