Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды

Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды
Фото: tengrinews.kz

Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол мұның алдында Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметін атқарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновті Нұр-Сұлтан әкімі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. "Алтай Сейдірұлы Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалсын", – делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлықта.

Алтай Сейдірұлы Көлгінов 1978 жылы дүниеге келген. Ол А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет еткен.

2001-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және Бас прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда қызмет атқарады. Ал 2008-2010 жылдары - "АлашМедиаГрупп" ЖШС бас директорының орынбасары болған.  

2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарса, 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және 2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі қызметінде болды.  

2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.

Massaget