Батырлар арамызда: Tengrinews.kz-тің жаңа жобасы

Батырлар арамызда: Tengrinews.kz-тің жаңа жобасы
Фото: Tengrinews.kz

Өмірді көкжиегіңнің кеңдігіне байланысты көресің. Қазақта "не ексең соны орасың" деген қанатты сөз бар. Мысалы, ғұмыр бойы мына жалғанға риза болмауың мүмкін. Немесе мына заманда әділетті де шыншыл адамдар қалмаған деп есептеуің мүмкін. Ал керісінше адамдарға титтей де болса жақсылық жасауыңа, бір адамды аппаттан құтқаруыңа да болады. Қысқасы өзіңді, мінезіңді өзгерту өз қолыңда. Хәкім Абай: "адам мінезін өзгертіп болмайды дегендердің тілін кесер едім" деп бекерге айтпаған. Өмір бояуларын ылғи қара немесе түрлі-түсті етіп көру жүрек көзіңнің көрегендігіне байланысты. 

Tengrinews.kz "Батырлар арамызда" атты сериялы мақалаларын жариялауды бастады. Енді біз жақсы адамдардың жақсылығын айтамыз, бір адамның екінші адамды апаттан аман алып қалғандығын, адамдардың көмекке мұқтаж міскіннің қасынан жәй ғана өтіп кетпегендігі туралы, бейтаныс адамның екінші бір бейбаққа аяққа тұруға көмектескіндігі жайлы, қандай қиын белестер болса да тайсалмай бағындырғандар туралы әңгімелейтін боламыз. Құрметті оқырмандар, сіз де біздің кейіпкеріміз болуыңыз мүмкін. Ол үшін өз оқиғаларыңызды – geroi@tn.kz электронды поштамызға жолдаңыз.

– Сол қаһармандар қайда? – деген сұрақтың тууы да заңды. Ондай батырлар арамызда жүр. 

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылда болған оқиға: 

13 жастағы жасөспірім бала балық аулауға барады. Кенет шыңғырған даусқа қараса, судан сәбидің саусақтары ғана көрініп тұр екен. Асығып көмекке ұмтылған бала, суға батып бара жатқан 1,5 жастағы сәбиді құтқарады. Кішкентай сәбидің тыныс алмай жатқандығын көрген жасөспірім, жасанды тыныс алдыру арқылы оны ажалдан арашалап қалады. 

Қарағанды. Адамдар көрші үйде жылап жатқан бала даусына алаңдап, жергілікті полиция қызметкерін шақырады. Үйдің іші өрт кесірінен түтінге толып қалған болатын. Полиция қызметкері сәбиді іздей бастайды. Бір кезде әлдебір затқа сүрініп кетіп қараса, еденде төрт бірдей сәби ес-түссіз жатқанын көреді. Лапылдаған өрт құшағында жүріп, дем алу тіптен мүмкін емес жағдайда, біздің қаһарманымыз төрт баланы қауіпсіз жерге шығарады. Мұнымен тоқтап қалмай көршілерге де өрт болып жатқанын айтып, хабар береді. 

Ақтау. Аулада ойнап жүрген бала 22 жастағы азаматтың 7 жастағы қызды күштеп сүйреп бара жатқандығының куәсі болады. 10 жастағы бала бірден ұялы телеыфонындағы камерасын қосып, жігіт ағасының ерсі қылығын түсіре бастайды. Күдікті кішкентай қызды бір үйге алып келіп, бесінші қабатқа көтеріле бастайды. Мектеп жасындағы бала әлдебір жаман істің болатынын сезіп, бірден көмекке ұмтылады. Сол уақытта көмекке үлкендер де келіп, арам пиғылды азамат қызды тастап, қашып кетеді. Бірақ 10 жастағы баланың ұялы телефонындағы видео арқылы кейін күдікті ұсталған. Осындай 10 жастағы батырдың арқасында кішкентай қыз аман қалады.

Ал мына оқиға "Жеңіс күнінен" бір күн өтіп орын алған. Ел ордамыздың шеткі аудандарының бірінде кішкентай қыз итімен серуендеп жүрген. Итінің суға түскенін көріп, қыз да суға түскен. Жақын маңдағы балық аулап отырған біздің қаһарманымыз бірден көмекке ұмтылып сәбиді құтқарған. Бірақ өзі суға батып кеткен. Марқұм әскери қызметшінің артында жары мен 2 баласы қалды.

Осы оқиғаларды оқып отырған құрметті оқырман, батырлық тек біреудік өмірін құтқарумен келеді деген жаңсақ ойдан аулақ болыңыз. Өміріңізде қайғылы оқиғалар кездесіп, қиындықтарды еңсере алсаңыз ол да үлкен ерлік һәм жеңіс. 

Павладар облысы. Кезекті шағын ауылда тұратын кейіпкеріміз дәрігерлердің қателігі себепті бала кезінен көз ауруына шалдыққан. Бірақ ол өзін ешқашан мүгедек санамаған. Компьютердің, ғаламтордың қыр-сырын меңгеріп, оны өзі сияқты зағиптерге үйреткен. Кейін жаңа мүмкіндіктер іздеп Алматыға келген. Арманы өз кәсібін дөңгелету. 

Нұр-Сұлтан қаласы. Жергілікті тұрғын, карате шебері, білікті бапкер көлік апатына ұшырайды. Апаттың қатты болғаны сонша, біздің кейіпкер көп уақыт комаға түсіп қалған. Оянғасын өзінің кім екенін, атын, затын есіне түсіре алмаған. Ол қайтадан сөйлеуді, жүруді үйрене бастайды. Бапкерлікті өмірінің мәні санаған ол көлік апатынан соң каратені де оны қалай үйретуді мүлдем ұмытып қалады. Біздің кейіпкеріміз өмірінің мәнін жоғалтып, ақырындап депрессияға ұшырай бастайды. Ол бәріне қол сілтеп, тіптен үмітін үзеді.

Бірақ бір күні шәкірттерінің бірі каратеден чемпион болады. Осылай тұрғын үй мәселесі де шешіледі. Айналасына қараса көптеген жақсы достары бар екен. Осыдан соң ол үшін өмірдің бояулары өзгеріп кетеді. Денсаулығы да біртіндеп қалыпқа келе бастайды. Ең бастысы, апат оның жаңа қырын ашады. Ол өзінің бұрынғыдан да күшті және ақылды бола түскенін байқайды.

Біз әрқашан бүгінгінің батырларымен қоян-қолтық араласып жүргенімізді білмейміз. Ал кейбірі өзін батыр деп есептемейді. Біздің елде күн сайын бәрімізге үлгі болатын көптеген игі істер жасалуда. Әрине олардың барлығы журналисттің қырағы көзіне түсе бермейді. Осы жағынан сіздер бізге көмек бере аласыздар. Осы жазбамызды оқысаңыз құрметті оқырман, бізге өзіңіз білетін оқиғаларды жазып жіберіп "Батырылар арамызда" жобасының бірлескен авторы атануыңыз бек мүмкін. Біз сізден изгілікке баулитын оқиғалар жазылған хат күтеміз. Аталған жоба ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Т. Раушанұлы