- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қасым-Жомарт Тоқаев Президент...
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болды
Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ел президенті болды.
Ант беру рәсімі Мәжіліс ғимаратында Қазақстан Парламенті палаталарының жалпы отырысы барысында өтіп жатыр.
- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституция мен Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқығы мен бостандығына кепіл беруге, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант беремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куәлігін табыстады.
Бұл іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, үкімет мүшелер, шетелдік елшілер, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып жатыр.
Еске салайық, 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Бұл туралы ол республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемеcінде айтты. Президент келесі сайлау мерзіміне дейін өкілеттігін Сенат төрағасына тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі (1999-2002), 2013 жылдың 16 қазанынан бастап ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарды.
О. Сансызбай