- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Бастауын Алатаудан алған...
Бастауын Алатаудан алған Сарқан
Қара тасқа қашалып, қатпар-қатпар тарихы бар қазақ ауылдары қаншама. Түгін тартсаң түбінен көненің көмескіленіп қалған жақұтын көріп, неше ғасыр шаң басып жатса да, өзінің құндылығын жоймаған. Сол асылдың шаңын бір сүртіп жіберіп, жарқыраған күйінде келер ұрпақтың алдына жайып беру бүгінгі ұрпақтың парызы. Өткенін біліп, келешегін бағдарлайтын жас өрен, сан ғасырлық тарихтың тереңіне бойлап, туған жерге деген сүйіспеншілігі одан ары арта түсетіні анық. Міне, сондай берекесі мен бірлігі жарасқан, ынтымағы тасып, өрісі өркендеген, тарихы бірнеше кітапқа жүк болатын Сарқан ауданына биыл тоқсан жыл.
Сарқан ауданының тоқсан жылдық мерекесі кең көлемде аталып өтті. Аудан орталығы Сарқан қаласынан бастау алған мерекелік шара түс аумай Екіаша ауылына ауысты. Таң сәрімен ауданға ағылған қонақтардың қарасы көп. Бірі туып өскен жерінің мерекесіне келіп жатса, екіншілері осы ауданнан еңбек жолын бастап, түрлі лауазымды қызметтерді атқарған азаматтар. Келген қонақтарды аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы күтіп алып, зор құрмет көрсетуде. Қайран қазағым-ай, келген қонағына жалғыз атын сойып беретін ағайынның ықыласы мен кең пейілін көріп, біздің ұлт болып ұйысуымыздың өзі осы бірілігіміз бен қонақжайлылығымыздың арқасы ғой деп іштей ой түйесің. Ақ жарқын көңілдерімен шаттыққа бөленген қонақтар тойдың басын өткенге тағзым жасап, асылға құрмет көрсетуден бастады. Аудан активтерімен бірлесіп, ұлы тұлғамыздың бірі Сарқан ауданының тумасы М. Тынышпаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ұлы тұлғаға тағзым жасаған қонақтар тау бөктерін жағалап, Екіаша ауылына қарай жол тартты. Жүйіткіген көліктер қаз қатар тізіліп, ауылға кіргенде құдды бір көш керуен келгендей ой қалдырды.
Мұнда да аңқылдаған ағайын құдасын күткендей қоғадай жапырылып, келген кісілердің алдынан шығып, қошеметпен қарсы алды. Әжелер шашуын шашып, қадірменді ақсақалдарымызға жеті нанын ұсынып, ілтипат білдірді. Ауылдың көркі, келген жұрттың мерейін асырды. Тойға сыланған сұлудай бұрынғыдан да құлпырып кеткен. Екіаша ауылының тұрмысы келіскен, әлеуметті жағынан алға озған ауылдардың бірі екен. Ауылдық Мәдениет үйінің алдына аудандық кітапхананың көрмесі қойылыпты. Аудандық кітапхана қызметкері Айжан Сәбитова ауданнан шыққан ақын, жызушы, қоғам қайраткерлерінің туындылары мен суреттері ілінген көрмені келген қонақтарға таныстырды. Одан кейін Мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференциямен жалғасты. Конференцияның ауқымы өте кең. Ежелден тарихи құндылықтарға бай Сарқан ауданы жайлы ауыз толтырып айтатын деректер көп болды. Бірінші болып ортаға аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игман шығып, баяндама жасады.
Тоқсанның сеңгіріне шыққан Сарқан ауданның өткені кеудеңді мақтанышқа бөлесе, бүгінгісі жаныңды жадыратады. Ауданның топырағынан елдің қошеметіне бөленген тұлғалар көп шыққан. Олардың көш басында қазақтың шежіресін тізбектеген М. Тынышпаев, әлем музыкасына үн қосқан Мұқан Төлеубаев пен Еркеғали Рахмадиев, кино өнерінің майталманы Құман Тастанбеков, жауырыны жер искемеген Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаевтің өмір жолынан қысқаша деректер келтіріп, бүгінгі ауданның жетістігіне де кеңінен тоқталды. Бұдан кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары Сайлау Қожағұлов, Қарлығаш Сарыбасова, өлкетанушы Еркін Тоқпанов сөз алып, нақты деректерді келтіре отырып, аудан жайлы сөз қозғады.
Бірі өлкенің тарихи құндылықтарын тізбектесе, Қарлығаш Сарыбасова тарихи атауларға тоқталды. Ғылыми-ториялық конференциясының баяндамашыларынан кейін ортаға аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков шығып, мерекеге жиылған қонақтарды ауданның тоқсан жылдық мерекесімен құттықтады. Сөзінің соңында конференцияда тағылымды деректерді келтіріп, ғылыми зерттеу жасаған жоғары оқу орындарының мұғалімдеріне естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар асылдың сынығы, аудан ғана емес күллі Алаштың мақтанышына айналған М. Тынышпаевтің немересі Елена Тынышпаева, Кәкімжан Қазыбаевтің зайыбы Орынша Қарабалина, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Райхан Қапышқызының ыйықтарына шапан мен камзол жауып, аудан әкімдігінің атына ыстық ықыласын білдірді.
Қошеметке ие болған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жүрекжарды тілегін білдіріп, ауданға естелік ретінде қанатты қыраның мүсіншесін сыйға тартты. Одан кейін Орынша Қарабалина мен Елена Тынышпаева сөз сөйлеп, жерлестерін бүгінгі мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар өз ұлдарын ұлықтап, асыл тұлғаларын кейінгі жастарға үлгі етіп, үнемі қолдап жүрген Сарқан ауданының басшыларына алғысын білдіріп, тойдың шашуы ретінде ақшалай сыйлық және кітап табыс етті. Ғылыми-теориялық конференциядан кейін айтысқа кезек берілді.
От ауызды, орақ тілді он ақын жыр додасына түсті. Талай дода да жүлденің алдын бермей жүрген облыстың он ақыны Екіаша ауылын дүбірге бөледі. Бір-бірін жыр жебесімен нысанаға алып, шынайы әзілдерімен түйреп отырды. Әсіресе Жамбыл ауданынан келген Айдана Қасабек пен қараталдық Бүркітқазы Әділбектің айтысы нағыз қыз бен жігіттің айтысы болды. Құрамды сөз, әдемі әзіл, шымыр ұйқастармен өрнектеген екі ақын көпшіліктің мерейін асырды.
Бірінші айналымда үздік деп танылған төрт ақын, екінші айналымға өтті. Сонымен бас жүлдені сарапқа салған Айдана мен ескелділік Қазыбек Жеңісқанның өнері көпке үлгі болардай. Қыз баласы болса да, жастайынан ат құлағында ойнап, саятшылық өнерді жанына серік еткен Айдана қыздың әзілдері жиылған жұртты күлкіге қарық қылып, жүректеріне жетіп жатты. Тіпті өршіл мінезімен қайраттылық танытып, қарсыласы Қазыбекті отты жырымен түйреп алған кездері де көп. Екеуара әзілді айтыс ұйымдастырған қыз бен жігіт жыр додасының үстінде бір-біріне ғашықтық сезімдерін де білдіріп, соңында Қазыбектей ержүрек жігіт айдай сұлу Айдананы үйіне келін етіп түсіруге уағдаласты. Мұндай кереметті айтыс үстінде алғаш рет көрген халық риясыз қошеметін білдіріп, тіпті әжелер жағы сахнаға шашу шашып жіберді. Кім біледі, мүмкін әзіл, мүмкін рас. Әйтеуір өнер мен өмір жолында бақтары жансын деген тілекті тіледі. Сонымен төрт сағатқа созылған жыр додасында бірінші орынды Айдана Қасабек жеңіп алса, екінші орын ескелділік Қазыбек Жеңісханға бұйырды. Үшінші орынды ақсулық Қанат Боқан алды. Айтысқа қатысқан барлық ақындарға сый сяпат табысталды. Жеңімпаздарды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат құттықтап, марапаттады. Осылайша Екіаша ауылындағы ауданның тоқсан жылдық мерекесінің бірінші күні айтыс өнерімен түйінделсе, кешқұрым Аманбөктер ауылында өнер жұлдыздарының ән-кешімен жалғасты.
Мерей шалқыған күн
Саялы Сарқанның мерейтойы екінші күні Аманбөктер ауылынан басталды. Шараның негізгі бөлігі осы жерде ұйымдастырылды. Екі таудың ортасына орналасқан Аманбөктер аулы келген қонақтарды шуағын шашқан арайлы күнмен қарсы алды. Бір күн бұрын таудың қатқыл мінезіндей үскірігімен бір тербетіп алса, келесі күні жайдары мінезін жайып салып, көк шалғын жайлаудың үстінде мамыражай күйге бөледі. Таудың етегіне тіз қатар тігілген ақшаңқан қазақ үйлер адамның жанын серпілтіп, тынысыңды ашады. Кимешегін киген аналар қазан көтеріп, ақ жаулықты жеңгелер жағы шәй құйып мәре-сәре болып жүр.
Сұлулығына сымбаты жарасқан арулар, жайлау үстін әуезді әнмен бірге билетіп жібергендей күй қалдырады. Рас, қазақтың күмбірлеген күйімен өлең шөбі ырғалып, құдды бір дала билеп тұрғандай әсер қалдырады. Осындай әдемі көріністің шырайын одан ары ашқан салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты. Лаззат Мақатұлы салтанатты жиын басталмас бұрын ауданның әлеуметтік-экономикалық өсу деңгейін көрсететін көрмені аралап өтті. Ауданның жетістігімен даму деңгейі жайлы аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков таныстырып өтті. Онда мал шаруашылығын дамыту жұмыстары бойынша ауданда өсіріп жатқан сүтті, етті бағыттағы асыл тұқымды сиырлар мен қойларды көрді. Одан кейін ауданда қызмет істеген басшылар мен Сарқан ауданынан түлеп ұшқан тұлғалардың өмірі жайлы қойылған көрмені аралады. Сонымен қатар, аудандағы көрікті жерлер мекен ететін ақ-құстар жайлы қойылған көрмені және ауданда өндірілетін өнімдерді де аралап көріп, жақсы баға берді. Осыдан кейін салтанатты жиынды бастады.
Бірінші болып ортаға шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз сөйлеп, облыста атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Облыс экономикасының дамуына Сарқан ауданының қосып отырған үлесі көп екенін де тілге тиек етті. Сонай-ақ, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына байланысты ауданда көптеген істің атқарылғанын да айта келе облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. Одан кейін аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков аудан тұрғындарын торқалы 90 жылдығымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Одан кейін ең мерекенің шырайын кіргізетін кезеңге ауысты. Талай жыл ауданның дамуына қажырлы еңбектерімен үлес қосқан он сегіз адамға Сарқан ауданының Құрметті азаматы атағын табыс етті.
Марапатқа ие болғандардың арасында ардагер ұстаз Мырзахан Қабасов, өнер қайраткері Саят Мерекеұлы, ғалым-академик Аманкелді Бекбаев, ауылшаруашылығының ардагері Жангелді Заманбеков, генерал Аманкелді Құрманғалиев, ардагер журналист Руфина Ғабайдулина бар. Құрмет пен қошеметке бөленген аудан тұрғындары өздерінің ыстық ықыласын білдіріп, облыс, аудан басшылығына алғысын білдірсе, жерлестерін мерекелерімен құттықтады. Осыдан кейін аудандық мәдениет үйінің әнші-күйші қызметкерлерінің концерттік бағдарламасы жалғасты. Бірінші болып, өткен тарихымызға шолу жасап, ауданның тумасы ұлы тұлғаларымыздың өмірінен естелік ретінде ұйымдастырылған арнайы қойылым қойылды.
Онда М. Тынышпаевтан бастап, өнер жұлдыздары Құман Тастанбеков, Мұқан Төлеубаев, Еркеғали Рахмадиев, Сара Тыныштығұлованың жүріп өткен жолдары мен Кеңестік империяның саясатымен қабыстырылып және бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің тарихынан сыр шертетін қысқа қойылым жиылған жұртшылықтың жүрегінен орын тапты.
Артынша күміс көмей әнші Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева әннен шашу шашып, ұлы даланы қайта жаңғыртқандай болды. Әсерлі ән кешінен кейін ұлы даланың ұлттық ойындарымен жалғасын тауып, тойға келген қонақтар мен аудан тұрғындары қуанышқа бөленді.
Осылайша екі күн бойы тоқсан жылдық мерекесін атап өткен Сарқан ауданы көпке дейін елдің есінен әсерлі де жағымды жаңалығымен кетпейтіні анық. Той тойға ұлассын, сарқындық ағайын!
Massaget.kz