Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдер

Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдер
Фото: e-history.kz

1991 жылдың желтоқсаны айы. Тайға таңба басқандай, тарих бетінде алтын әріптерпен жазылатын 16 желтоқсан – ең ұлы күн. 

Қазақ елінің өз алдына шаңырақ көтеріп, бодандық бұғауынан шығып, еркін ел болуына талпынған, алғашқы еркін құсын ұшырған бұл күнді әрбір қазақстандық естінде сақтары анық. 

Еліміздің тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындаған Түркия деп түрлі ақпараттар тарағаны белгілі. Дегенмен ең бірінші болып елдің егемендігін мойындаған және баға берген Америка Құрама Штаттары деген дерек бар.

Бұл туралы еліміздің тұңғыш сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов былай дейді: "Қазір біздің барлық елмен-дерлік тереземіз тең деп айтуға болады. АҚШ президенті Джордж Буш құттықтау телеграммасын жіберді. Қытай министрі келіп, хаттамаға қол қойдық. Сонан соң Монғолия, Түркиямен байланыс орнаттық". 

Ал Түркияның бірінші болып мойындауы мүмкін деген пікірге: "Жоқ, ол дұрыс емес. Түркиямен 1992 жылдың 2 наурызында қарым-қатынас орнаттық. Дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымына кірдік. Мұндай алпауыт ұйым әлемнің көптеген елін жинаған тәуелсіздіктің алғашқы жылында, бір жылдың ішінде ғана сол ұйымды мойындата алдық",-деп жауап берді. 

Екінші болып еліміздің тәуелсіздігін көрші Қытай Халық республикасы мойындады. Ал кейін Ұлыбритания және Моңғолия, Франция, Жапония, Корея елдері өздерінің ресми хаттарын жіберді. Ал мұсылман мемлекеті ретінде бірінші болып Иран мойындағанын растады. 

Ресей Федерациясы болса еліміздің тәуелсіздігін 1992 жылдың тамызында ғана мойындап, ресми хатын жолдады. Ал біздің елде ең бірінші болып елшілігін ашқан Түркия мемлекеті. 

М. Ақан