- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Жаһандағы заманауи қазақстандық...
Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет
Рухани жаңғырудың жолында жүріп жатқан бірнеше жоба бар. Соның бірі әрі бірегейі, елбасының «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы турасында. Бұл жоба нені меңзейді? Бұл жоба арқылы нені ұтуға болады?
Ең бірінші, Біріккен ұлттар ұйымындағы ең беделді алты тілді меңгеру. Бұл, әрине, міндеттелген үрдіс болмауы да мүмкін, бірақ аталған алты тілді меңгеру арқылы ұлттық жаһандық бәсекедегі қабілетін көрсете аламыз. Ол тілдер: ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілі.
Екіншіден, жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін өз мәдениетіміз қалыптасу керек. Біздің қалыптасқан мәдениетіміз емес, қазір жүріп жатқан, іргесі қаланып жатқан мәдениетті ұсына білуі керек.
Үшінші жағынан, мәдениетті кітап не қағаз түрінде ғана таныстыру емес, түрлі мультимедиалық тұрғысынан да көрсете білу керек. Себебі қазір заман барынша оқудан гөрі көзбен көруге ыңғайлы смарт заттарға назар аудара бастады. Сондықтан мұның атқаратын жұмысы үлкен болмақ.
Ал бұл жобаның іске асуы үшін тек мемлекет басында отырған билік өкілдері ғана емес барлық қоғамдағы азаматтар мен жазушылар, ақындар, шығармашылық адамдар және министрліктер жаппай жұмыс жасауы керек. Елбасы өз сөзінде 2017 жылды қортындылау кезінде осы уақытқа дейінгі жасалған мәдени байланыстар мен мәдени құндылықтарымызға қандай есеп беретінімізді қарастырып алуымыз керек дейді. Яғни қандай шаралар ұйымдастырылды немесе мақтана аламыз, мәдениеттің өсуі қандай, рухани жаңғырудың сатысы қандай деген сұрақтармен жұмыс жасалып болған соң, осы жоба негізінде 5-7 жыл ішінде тұрақты кірісу керек.
Тынымсыз еңбек пен күштің арқасында мыңжылдықтар қатпарында жатқан тарих пен мәдениетімізді жаһан танитын болады. Ал олардың тануы үшін жоғарыда айтылып өткен жұмыстар дұрыс жасалуы керек. Әсіресе БАҚ-тың күші басым болмақ. Медиа саласы, ІТ саласы да бұл қатардан табыла білгені абзал.
Еліміздің мақтанар мәдениеті көп. Оны өзіміз ғана біліп қойғанымыз жеткіліксіз. Себебі елді ел тану үшін оның мәдениетін тану керек. Сондықтан алдағы жылдары жасалатын жұмыстардың жауапкершілігі зор болады.
М. Ақан