Латын әліпбиі туралы өзекті ой

Латын әліпбиі туралы өзекті ой
Фото: Tengrinews.kz

Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Егемен Қазақстан» газетіне берген мақаласында латын әліпбиі туралы өзекті ой айта білген. Елбасының мақаласы негізінде көтерілген мәселені жан-жақты көрсетіп берген. 

Бұл күнде латын әліпбиі Еу­ропа, Азия, Африка және Америка құр­лық-тарының көптеген мемлекетінің жазу жүйесіне негіз болып отыр. Бұл жазу жүйесі, әрі құр­лық, әрі мемлекет болып табылатын Аустралияның, әлем мұхит­тарындағы Жаңа Зеландия, Индонезия, Филиппин, Исландия секілді арал-мемлекеттердің де жазу үлгісіне айналып кеткен. 

Ал «латын графикасы әлгіндей әлем­дік үстемдікке қалай ие болды?» деген сауалға келер болсақ, оның жауабын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені олай деуге толық негіз бар. 
Біріншіден, латын графикасының тара­луына, алдымен, Рим империя­сы­ның тез нығайып, қанат жаюы түрткі болды.  

Екіншіден, христиан дінінің таралуымен байланысты бұл жазу үл­гі­сі Батыс және Солтүстік Еуропа халық­тарының байырғы руникалық таңба­ларын толықтай ығыстырып шығарды. 

Үшіншіден, әлем тарихында теңдесі болмаған Британия империясы жер бетінің бестен біріне үстемдік етуі де латын графикасының кең таралуына тікелей себеп болды.  

Төртіншіден, латын графикасының Америка континенттеріне таралуына Британия империясымен қатар, роман тілді Франция, Испания, Португалия мем­лекеттерінің ықпалы да аз болған жоқ.  

Бесіншіден, латын графикасының жер бетіне жаппай таралуына ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында, алдымен АҚШ-та, содан соң Ұлыбритания мен Францияда өріс алған компьютер технологияларының жылдам дамуы мен сол технологиялардың негізінде, алдымен АҚШ-та өркен жайып, содан соң, өте қысқа уақыт ішінде күллі әлемді орап алған Интернет байланыс технологиялары да себеп болды.  

Алтыншыдан, күллі ғаламды шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көк­жие­гін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны жасырын емес.

Осылай деп келген профессор, сөзін әрі қарай былай деп сабақтайды:

Сөз соңында арнайы жұмыс тобы­ның Парламент тыңдауына ұсы­нып, талқыға түскен және ақпарат құрал­дарында жарияланған қазақ/латын әліп­биінің жобасына қатысты жеке пі­кі­рімізді білдіре кетсек артық болмас. 

Біріншіден, ресми жұмыс тобының қазақ тілі үшін латын әліпбиінің 25 таңбасы да жеткілікті деп, клавиатурада тұрған Х таңбасын есептен шығарып тастағандарымен келісуге болмайды. Себебі Х таңбасы тек қана әріп емес, ол – математика, физика және химия саласында өте жиі қолданылатын Y, Z секілді өте маңызды халықаралық таңбалардың бірі. Сосын Х таң­басының арифметикадағы көбейту немесе белгісіздік белгісі екенін және латын санау жүйесіндегі ондықты білдіретін әрі күллі әлем қолданатын таңба екенін қалайша назардан тыс қалдыруға болады? Олай бола қалса IX, X, XXI ғасыр деген санау жүйелері қолданыстан қоса аластатыла ма? Сосын Хе таңбасының Менделеев таб­ли­цасындағы 54-элемент – Ксе­нонды білдіретін символ екенін де ұмытпаған жөн. Және бір дәйек – мынау: X таңбасы Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің атауында тұрғанын еш уақытта естен шығаруға болмайды. 

Екіншіден, ақпарат құралдарында жарияланған қазақ/латын әліпбиінің жобасындағы [ә], [ө], [ү], [ң], [ғ], [ч], [ш], [ж] дыбыстарын таңбалайтын ae, oe, ue, ng, gh, ch, sh, zh секілді (ішінде көзге қораштау көрінетіні де бар) 8 диграфтан бөлек үш таңбадан құралып, бір ғана дыбыс беретін sch сынды триграфты да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені бүгінгі тілімізде жүрген ащы, тұщы, кеще деген сөздерде кездесетін [щ] дыбысын sh диграфын екі қайтара қосақтап, ashshy, tushshy, keshshe түрінде төрт әріппен таңбалаудан гөрі ағылшын/латын графикасының ресурсы болып табылатын sch триграфын қолданып, aschy, tuschy, kesche түрінде, яғни үш әріппен таңбалау әлдеқайда үнемді. Демек, бұл ресурстың да ресми жұмыс тобының назарында болғаны ләзім. 

Үшіншіден, ағылшын графи­ка­сындағы Y таңбасының қазақ/латын нұсқасында Ыы әріпі мен [ы] ды­бысының баламасы ретінде ұсыныл­уын толық қолдай отырып, сол таң­баның, сонымен қатар дауысты дыбыстардың алды-артында [й] болып оқылатынына назар аударсақ, бұл ресурсты да пайдалануға болатынына көз жетеді. Мысалы, Ялта/Yalta; ядро/yadro; яғни/yaghnj; Ясауи/Yasawj, япыр­мау /yapyrmaw немесе қой/qoy; той/toy; тай/tay; бой/boy; жой/zhoy секілді мысалдар пікіріміздің дәлелді екенін байқатады. 

Төртіншіден, ағылшын/латын графикасында [f] дыбысы Ff таңба­сымен де, PH (ph) диграфымен де таңбаланады. Алайда PH (ph) диграфы, негізінен, ағылшын тіліне грек тілі­нен енген philosophy/философия, phe­nomen/феномен секілді сөздерді таң­балау үшін қолданылады. Бұл үрдісті біздер сақтаймыз ба, жоқ па, бұл жағын ақылдаса отырып шешу керек. 

Бесіншіден, өз тіліміздегі [у] деген дыбыс ағылшын графикасында OO (oo) диграфымен таңбаланады. Мы­салы, taboo (табу); tattoo (дене әшекейі) деген сөздер соның дәлелі. Осыны ескере отырып, қазақтың [у] дыбысын Ww таңбасымен қатар, OO(oo) диграфымен де таңбалауға болатынын назарда ұстаған артық болмас. 

Алтыншыдан, ағылшын/латын графикасының және бір ресурсын, атап айтқанда, ew диграфының [ю] болып дыбысталатынын ескерсек, Нью Йорк қаласының ағылшынша атауын қазақ/латын графикасында да ешбір өзгеріссіз New York күйінде қалдыра беруге де болатыны көрініп тұр. 

Жетіншіден, қазақ тіліне тән сингармонизм заңдылығын негізге ала отырып, бүгінгі таңда қолданыста жүрген әмеңгер, өлең, өткел, көркем, үлгі, шүйгін, тұғыр, ұлыс т.с.с. көптеген сөздерді латын әліпбиіне көшірер кезде сол күйінде дыбыстай­мыз ба, жоқ әлде тіліміздің орфоэпиялық әуезділігі мен дауысты дыбыстар үндестігіне негіздей отырып, әмәңгер, өлөң, өткөл, көркөм, үлгү, шүйгүн, тұғұр, ұлұс сипатында ұсынамыз ба? Бұл сауалдың жауабы да қазақ/латын әліпбиінің стандарт нұсқасын бекітуден бұрын, алдын ала кеңесіп, түбегейлі түйіндеп алатын мәселе. 

Демек, Елбасының қай тұрғыдан болмасын, асығыстыққа жол бермей, ресми жұмыс тобының Парла­мент­ке ұсынған қазақ/латын әліпбиі жобасынының қанатқақты нұсқасын күллі қоғамның талқысына салып отыр­ғаны бекер емес. Ендеше, еліміз­дің рухани жаңғыруының алтын арқауы – тіліміздің табиғи болмысын сақтап қалуға бағытталған және көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан өркениет көшінен еліміздің қалып қоймауын көздейтін тағдыршешті мәселенің түйінін тарқатуға белсенді атсалысайық, ағайын.

М. Ақан