- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Рухани жаңғыру: Прагматизм...
Рухани жаңғыру: Прагматизм деген не?
Елдің басшысы өз мақаласында ұлттық салт-сананы сақтай отырып, сананың заманға сай саңылауы бар, тозығы жеткен үлгілерінен бас тартуды тілге тиек етеді. Яғни, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Дәстүрдің озығы да, тозығы да болғаны сықылды сананың да кертартпа тозығы болады.
Сананы өзгертудің бір жолы – бұл прагматикалық ойлау жүзінде іс жасау. Яғни, кез келген істе белгілі бір мақсатқа жетуді көздеу әрі мақсатқа жету жолында барлық мүмкіндіктерді пайдала отырып, қандай да бір пайдалы нәтиже шығару. Шынайы прагматика асып таспайды. Қолда барын оңды-солды құр шашып, күн көрмейді. Керсінше, қолында бар қаржысы мен мүмкіндігін пайдалы істерге жұмсайды. Мәселен, жастардың арасында шектен тыс мақтанқұмарлықты, кердең мінез, келіссіз істерді байқаймыз. Қарапайым ғана, қазақтың тойының өзінде ысырапшылдыққа салып, оның құт-берекесін қашырамыз. Өзін прагматик санайтын тұлға мұндай шектен тыс әуесқойлыққа бармайды. Дәстүрдің де, сананың да тозығы осы емес пе?!
Еуропалық таным бойынша қолда бар ресурс жаңа бастамаларды мен идеяларды жүзеге асырушы құрал болатын болса, біздің ТМД-лық санада бұл өз мәртебесі мен мүмкіндіктерін көрсетудің қарабайыр, дүрсін тәсілі болып кетті. Бұдан арылатын сәт келді.
Кез келген бастаманың қалай жасалатындығына емес, нәтижесіне көп мән береді. Мұны Елбасы сөзімен былай жеткізуге болады: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Прагматик тұлға үйренуден жалықпайды, зейін-түйсігін тәрбиелеумен болады. Кез келген істі ақылға салып, ұтымды жолын ойластырады. Қолда бар ресурсты жұмсауда минимализм мен табыс тауып жетістікке жетуде максимализм қатар көрініс табатын тұлға шынайы прагматик десек болады.
Экономика мен нарық көрсеткіші тәрбиелеген келешек тұлғаның барлығы прагматик боларына сенімдіміз.
М. Ақан