Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері

 Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері
Фото: gdb.rferl.org

Деректану ғылымының талаптарына сай тарихи дерек көздерінің маңыздылығын анықтау, біріншіден, зерттеушіге маңызды дерек көздерімен жұмыс істеп, олардан ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға мұмкіндік берсе, екіншіден, дерек көздерінің немесе нақты деректің ерекшелігін анықтау зерттеушіге, сол дерек көзінің немесе нақты деректің ерекшелігінен шыға отырып, соған сай келетін тәсілдер қолдану арқылы талдау жүргізуге көмектеседі. Дегенмен, тарихи деректердің де, дерек көздерінің де маңызы мен ерекшелігі, ең алдымен, сол деректерді немесе дерек көздерін жасаушы субъекттермен тығыз байланысты. Егер, белгілі орыс деректанушысы А.С. Лаппо-Данилевскийдің сөзімен айтсақ: “ Тарихи дерек дегеніміз — адам психикасының іске асқан жемісі”

Әрине, тарихи деректің пайда болуының басты объективті алғышарты белгілі бір оқиғаның немесе қоғамдық құбылыстың болуы екендігі белгілі. Бірақ, оның әр түрлі дерек көздерінде қалайша бейнеленуі деректі жасаушы жеке субъектің қолында екендігі де анық. Олай болса, болып жатқан немесе болып өткен объективті тарихи құбылыстардың деректерде қай дәрежеде бейнеленуі, яғни объективті құбылыстар туралы субъективті мәліметтердің қай дәрежеде деректерге енуі, сол деректі жасаушы субъектің психикасына /дүниетанымы, ой өрісі, білім дәрежесі, діни наным-сенімі, қоғамдық позициясы т. т./ тікелей байланысты. Демек, Н. Назарбаев еңбектерінің ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы объективті қоғамдық құбылыс – КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы және қалыптасуы тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері, сол еңбектердің авторы, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінің үлкен бір тобын жасаушы субъект — Н.Ә. Назарбаевтің қоғамдағы орны мен өзіндік адами және тұлғалық қасиеттерімен тығыз байланысты.

Н. Назарбаев еңбектері, деректану ғылымы тұрғысынан қарағанда, өзінің пайда болуы жағынан жазба дерек көздерінің жеке адамдық тобына жатады. Ал, жеке адамдық дерек көздерінің басты ерекшелігі, оларда субъективті фактордың айрықша орын алуында. Сондықтан дерек көздерінің осы түрлерімен жұмыс істегенде олардың авторлары, яғни деректі жасаушы субъект туралы объективті мәліметтерді пайдалана білудің маңызы үлкен. Демек, біздің зерттеу жұмысымызда субъективті фактор ретінде, дерек көздерін жасаушы Н. Ә. Назарбаев туралы мәліметтерге сүйенуге тиіс боламыз.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті ретінде Н. Назарбаев туралы, жоғарыда айтқанымыздай, аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Соңғы Президенттік сайлау қарсаңында, әсіресе сайлаудан кейін, Н.Ә. Назарбаев туралы, оның айқын жеңісінің себептері туралы баспасөз беттерінде көптеген мақалар жарияланды. Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны — өмірі мен атқарған қызметінің негізгі кезеңдері жұртшылыққа жақсы таныс. Сондықтан біз бұл мәселеге, яғни Н. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, әдеттегідей, хранологиялық принципке сай өмірбаяндық тұрғыдан емес, дерек көздерін жасаушы субъект ретінде, деректанулық тұрғыдан қарауымыз қажет болады.

Егер, осы тұрғыдан келсек, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі ең алдымен, оның тәуелсіздік қарсаңындағы және тәуелсіздік жылдарындағы ресми лауазымдарына сай атқарған қызметтерімен тығыз байланысты екендігіне ерекше көңіл аударуға тиіс боламыз. Обылыс көлемінде іскерлігімен көзге түскен Н. Назарбаев, өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап республикалық деңгейдегі басшылық қызметте болса, тәуелсіздіктің дәл қарсаңында, яғни 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында Қазақстан сияқты үлкен республиканың бірінші басшысы міндетін атқарды. Ол туралы ҚР Президентінің интернет жүйесіндегі веб-сайтында: “1979-1984 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984 — 1989 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1989-1991 жылдары — Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1990 жылдың сәуірінен — Қазақстан Республикасының Президенті”- деп көрсетілген[113]. Демек, бұл, Н.Ә. Назарбаевтың дәл сол жылдары болып өткен, қорытындысында КСРО –деп аталған алып империяның тағдырын шешкен аласапыран оқиғалардың бел ортасында жүріп, ел тағдыры үшін жауапты бірінші адам ретінде, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру ісінің қайнар көзінде тұруына тура келді деген сөз.

Ол туралы Н. Назарбаевтың өзі “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында: “Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгендіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын”-деп, жазды [114, 219 б.]. Олай болса, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі басты маңызы, олардың басқа да тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінен негізгі ерекшелігі, сол жылдарығы қоғамдық құбылыстар мен түбегейлі өзгерістердің “қалың ортасында жүріп”, ел тағдырын, ұлт тағдырын шешкен “шешімдер қабылдаған” адамның дүниеге әкелгендігінде. Әрине, талай отандастарымыз, қоғам және мемлекет қайраткерлері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының куәгері болды, ол туралы өз естеліктерін жазды, яғни тарихи деректерді дүниеге әкелді. Сөз жоқ, олардың бәрі де Қазақстанның ең жаңа тарихының дерек көздерін құрайды. Және де келешекте тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде пайдаланылады. Дегенмен, жоғарыда келтірілген фактілер Н. Назарбаев еңбектерінің тарихымыздың түбегейлі өзгерістер кезеңінің бірінің орны бөлек дерек көздері екендігін толығымен дәлелдейді.

Дегенмен, деректанушы ретінде, біз ҚР Президенті веб-сайты сияқты ресми де, маңызды дерек көзінің өзінде де қарапайым қателіктің кеткендігін айтуға мәжбүрміз. Н. Ә. Назарбаев веб-сайтта көрсетілгендей: “1990 жылдың сәуірінен — Қазақстан Республикасының Президенті”- емес, КСРО-деп атлатын алып империяның құрамындағы Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Ал, Қазақсатан Республикасы деп аталған мемлекет, сол КСРО-ның күйреуі салдарында кейін пайда болды. Бұл факті дерек қандай деңгейде пайда болмасын, оны деректанулық сыннан өткізу қажеттігін тағы бір рет дәлелдейді ғой деп ойлаймыз.

Әрине, Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болуы сияқты түбегейлі тарихи өзгерістер кезінде республика басшылығында дәл Н.Ә. Назарбаевтың болуы, бір жағынан тағдырдың жазуы болғанымен, екінші жағынан, онда белгілі бір заңдылықтың барлығын да байқауға болады. Туа біткен табиғи таланты, ұйымдастырушылық қабілеті, өзін өзі сыйлай білушілік, көптің бірі болып қара көбейтіп ортада жүруді қаламауы Н. Назарбаевты жастайынан белсенділік танытып топ алдында жүруге итермеледі. Ол туралы Н. Назарбаев: “Егер өзім туралы айтар болсам, мен ешқашан қандайда бір басшылық қызметтерге айрықша құмартқан жан емеспін. Бірақ, бала кезімнен “орташа” болып қалуды ұнатпайтынмын, өз қадірімді өзім сезерліктей әлде бір ішкі сезімнің әсерінде болдым. Мәселен, мектепте әрқашан оқуда бірінші болуға талпындым. Мұндай сезім өзін құрметтейтін кез келген адамға тән деп ойлаймын. Ал егер адам өзін сыйлаудан қалса, онда одан өмірде айтарлықтай дәйекті ешнәрсе шықпайды. Маған ұдайы басшылық ету бұйырғандай-ақ, әрдайым әйтеуір бір органдарға сайланумен болдым: жоғарғы кластарда мектеп оқушылар комитетінің мүшесі болдым, әрдайым мектеп, аудан комсомол активінің қатарында жүрдім”- дейді [114, 69 б.].

Н. Назарбаевтың мектепте оқып жүргенде-ақ белсенділік танытып, қатарының алды болып жүретіндігі туралы ұстазы Сейітхан Исаев ақсақал: “Нұрсұлтан алғыр, мінезі орнықты, білімге ынталы бала болатын. Өнерлілігімен есімі аудан көлемінде белгілі болып жататын. Қоғамдық жұмыстарға, мектеп өміріндегі әр қилы істерге бел шеше араласып кететін. Комсомол ұйымы қат-қабат шаруаларының әр кез басы-қасында жүретін”- деп еске алады[11,123 б.].

Осылай, бала кезінен қалыптаса бастаған белсенділік, іскерлік қасиеттерін Н. Назарбаев өмірге енді араласа бастаған жастық жылдарында одан әрі дамыта білді. Келешек Елбасының өзінің іскерлік қасиеттерін, ұйымдастырушылық қабілетін жас кезінде-ақ көрсете бастағандығы туралы жастық шақтарын бірге өткізген досы, Қарағанды металургия комбинатының цех бастығы Қуаныш Омашев жақында “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған мақаласында жас жігіт Нұрсұлтан туралы айта келе: “Иә, адам ісінен, талабынан танылады. Ортамыздан топ жарып шыққан бұл жігіттің тегін азамат еместігі сол кездің өзінде сезілетін”-деп [10, 12 б.], оған дәлел ретінде бір мысал келтіреді.

“Мен Нұрекеңмен Қарағанды политехникалық иниститутының Теміртаудағы филиалында оқып жүргенімде таныстым”-дейді Қ. Омашев. “Кісіні баурап алатын қасиетімен курстастарымызды үйіріп әкетті. Өндірістен қол үзбей оқыдық. Күндіз жұмыстан мойын бұрылмайтынына, кешкісін сабақтан бас көтерілмейтініне қарамастан, бір уақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға да үлгертінбіз. Аралас-құраластығымыз студенттік құрылыс отрядында бірге болғанымызда тіпті беки түсті. Бұл да кімнің кім екенін көрсететін орта ғой. Соның бір жарқын көрінісі жас Нұрсұлтанның бойынан мұнда да танылып еді.

Ол уақытта, яғни алпысыншы жылдардың басында Нұра ауданындағы “Балықтыкөл” кеңшары жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан еді. Осында бірнше тұрғын үй салуға кіріскен отрядымыздың жұмысы көпке ұзамай тоқтады да, қол қусырып отырып қалуға мәжбүр болдық. Отряд жетекшісі Князев болса, бұған оншалықты қам жемей, жайбарақат уақыт өткізумен жүрді. Күзге дейін бірқатар отбасыны баспаналы етуге бізге үміт артқан жергілікті басшылардың: “Жігіттер, қапыда қалдыратын болдыңдар-ау”,-деп реніш білдіруі жанымызға батып, тығырықтан шығудың амалын қарастырдық”-дей келе, сол тығырықтан Нұрсұлтанның белсенділік таныту арқасында ғана шыққандығын айтады.

Екі аптадай жоқ болып кетіп, қажетті құрылыс материалдарын тауып келген Н. Назарбаев туралы: “Ол облыстық мекемелерден бастап, ірілі-ұсақты кәсіпорын басшыларының есіктерін тоздырып, ақыры мақсатына жетіпті. Іле жұмысымыз да қызып сала берді. Таңның атысы, күннің батысы тыным болмай, үйлерді бірінен соң бірін қаз-қатар салып шықтық. Олар пайдалануға беріліп, жұрт қуанышқа бөленген сәтте студент құрлысшыларға, соның ішінде әсіресе, командиріміз Назарбаевқа ақ алғыстарын жаудырды…Осында бой түзеген алғашқы көшедегі үй қабырғасында “Бұл үйлерді Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен студенттік құрылыс отряды салды” деп жазылған ескерткіш тақта тұр”-дейді [10, 19 б.].

Міне, осылай, саналы өмірін өз іскерлігінің арқасында қатарларының алды болып, көпшіліктің алғысын алудан бастаған Н.Ә. Назарбаевты жастайынан республика, тіптен Одақ деңгейінде де танымал болуына әсер еткен де, сол белсенділігі, табиғат берген бойындағы талабы мен таланты деп айтуға болады. Оның айқын дәлелі 1962 жылы ақпан айында, яғни 21 жасында республика комсомолының оныншы съезінде сөйлеген сөзі. ҚР Президенті мұрағатында сақтаулы тұрған сол съезде сөйлеген сөзіне, Н. Назарбаевтың саясаткер ретінде қалыптасу тарихының маңызды дерек көздерінің бірі ретінде деректанулық талдау жасау, бойында ұлттық сезімі бар, жалындаған жас саясаткердің қалыптаса бастағандығын көрсетеді.

Съезд делегаты ретінде өз сөзін: “Мыңдаған жылдар бойы біздің ата-бабаларымыз маңыратып қой, кісінетіп жылқы баққан шексіз-шетсіз далада кеңес халқының қолымен жасалған алып завод бой көтерді – ол біздің еліміздің төртінші металлургиялық базасы – ол Қазақстан магниткасы”- деп бастаған Н. Назарбаев: “Мен біздің заводтағы қазақ жігіттеріне ерекше тоқталып, олардың өмірі мен жұмыстары туралы айтқым келеді. Олар өз кәсіптерін жете меңгеріп, қәзір жақсы және үйлесімді жұмыс істеп жүр. Олар: Сүлейменов, Сәрсекенов, Мырзахметов, Салимов т.б.”- деп біраз қазақ жігіттерінің аттарын атап, оларға металлург мамандығын үйренуге көмектескен, еліміздің басқа металлургиялық заводтарынан келген өзге ұлттардың тәжерибелі аға буын өкілдеріне алғыс айтуды да ұмытпаған [115].

Сонымен қатар Н. Назарбаев өз сөзінде кемшіліктерге де тоқталған. Ол: “Өндірістік тәжірибеден өткен 800 адамның 300 заводттан кетіп қалған. Кейбіреулері қиындыққа шыдамай қашып кеткен. Әсіресе, ол, Семей, Алматы, Оңтүстік-Қазақстан облыстарынан келген жастарға тән”-деп, қазақ жастарымен дұрыс жұмыс жүргізе алмағаны үшін сол облыстардың комсомол ұйымдарының жетекшілерін сынға алған [116].

Баяндамада: “1960 жылдың 3 шілдесінде (Демек, дәл 20 жасында – С. С.) маған өз қолыммен бірінші қазақстандық шойынды құйуыма тура келді. Басқа да көптеген жолдастарым сияқты, мен де политехникалық институтта оқимын. Өткен жылдың соңында мені КОКП-ға мүшелікке кандидат етіп қабылдады. 1961 жылдың соңында маған коммунистік еңбектің екпіндісі деген атақ берілді”- деп, Н. Назарбаев өзі туралы да айтуды ұмытпаған[117].

Одан әрі баяндамашы, съезде республика басшыларының да қатысып отырғандарын пайдаланып, қала мен комбинаттың шешілмей жатқан проблемалары туралы айта келе: “Бұлардың біразын өз күшімізбен шеше аламыз, бірақ басқаларын біз өзіміз шеше алмаймыз. Олар: жастардың дұрыс демалуларына қажетті мәдениет сарайының жоқтығы, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін стадионның жоқтығы. Біздің қаланың комсомал жастарының атынан осы бір біз үшін қиын мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймын”- деп қала жастарының өтінішін де жеткізген [118].

Қала жастарының, әсіресе, қазақ жастарының тағы бір өтінішін Н. Назарбаев өз баяндамасында шебер жеткізе білген. Ол: “Тағы бір өтініш. Бірақ бізді дұрыс түсініңіздер, бізде қазақ жігіттерінің саны өте көп, ал қазақ қыздары тіптен жоқ. Сондықтан өз достарымның атынан дәрігер, мұғалім, құрлысшы қыздарға айтамын – бізге, Қазақстан Магниткасына келіңіздер, мұнда бәріңе де нағыз жұмыс табылады”- деп, съезге қатысушыларды ду күлдіреді[118]. Жалпы, жаттанды баяндамалардан жалыға бастаған съезге қатысушыларды Назарбаевтың баяндамасы бір серпілтіп тастаған сияқты. Олай дейтініміз баяндама барысында “ду қолшапалақтаудың” жиі естіліп тұрғандығы мұрағат құжатында айтылған.

Шешен өз сөзін: “Біздің ұрпақ коммунизмде өмір сүретін болады, біз оны өз қолымызбен орнатамыз, біз оған сенімдіміз”-деген жалынды сөздермен аяқтаған[119]. Бұл, жас жігіттің адал сенімінен туған сөздер екендігіне еш күмән жоқ. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өз қатарлы миллиондаған жастары сияқты, Н. Назарбаевта партияға шексіз сенді, өз қолдарымен адамзаттың жарқын болашағы – коммунистік қоғам орнатып жатқандығына сенімді болды.

Жалпы алғанда, баяндама шешендік өнердің барлық талаптарына сай дайындалған және баяндамашы өз ойын шеберлікпен жеткізе білген деп айтуға болады. Осы баяндамадан кейін оны Қазақстан ЛКЖО ОК мүшесі етіп сайласа, сол жылы өткен БЛКЖО 14 съезінде БЛКЖО ОК мүшелікке кандидат болып өтті. Н. Ә. Назарбаевтың үлкен саясатқа келуі осылай басталды деп айтуға болады.

Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлардың бірі – қандай қызмет атқармасын, қандай биік лауазымға ие болмасын, барлық уақытта оның объективті қалыптасқан реальді жағдайды толығымен анықтап алуы және содан шыға отырып нақты шешімдер қабылдауы. Мысалы, ол өзінің Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы ретінде СОКП Орталық Комитеті Секретариатында, оның алдында сол кездегі КСРО-дағы екінші адам ретінде белгілі болған М.А. Сусловпен болған әңгімесі туралы: “… бәрін қаз-қалпында түгел айттым. Адамдарға ешқандай жағдай жасалмаса да комбинатты қалай салып шыққанымызды айттым. Алып құрылыстың жүздеген ірі-ірі кем-кетіктерін, комбинаттың әлі қоршалмағанын, болат табақшаларды кім көрінгеннің қалай болса солай үйді-үйіне машинамен тасып алып кетуіне болатынын да айттым. Тұрғын үйдің, балабақшаның салынбағанын, күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері мен бұйымдардың жетіспейтінін де сөз еттім. Ауа райының аса қолайсыздығын, боранды-шашынды күндері жұмысшылардың комбинатқа жете алмай қалатыны жөнінде де айттым. Әйелдерге жұмыс табыла бермейтінін де жасырған жоқпын…

Ол менің сөзімді бөлместен ықылас қоя тыңдады. Ал сонан кейін сұрақ бере бастады, тіпті ұсақ-түйек жайларға да көңіл аударып, қойын дәптеріне түртіп алды”-дейді [114, 103-104 бб.].

Ал, ондай, сол кездегі өлшем бойынша ең жоғары деңгейде өткен бүкпесіз, боямасыз ашық әңгіменің не бергендігі туралы: “Қаламыз бой түзей бастады. Жақсы жабдықталған тұрғын үй орамдары, сегіз балабақша, 15 мың орындық стадион, елу метірлік жүзу жолақшасы бар су бассейіні салынды. Су қоймасының оң жағалауында демалыс үйі, сауықтыру-емдеу мекенжайы пайда болды. Ең бастысы, әрине, пәтерге деген кезекті жойдық. Мамандардың тұрақтамауы бұрын 32 процент болса, енді ол 9 – 10 процентке түсті”-дейді [114, 106 б].

Осылай, кезінде көркейуіне Н. Назарбаев үлес қосқан Теміртау қаласының бүгіні туралы Қуаныш Омашев: “Былтыр күзде Теміртау қаласының орнағанына 60 жыл толғаны атап өтілді. Бұл күнде ол жайнап-жарқыраған, көз қызығарлық күйге еніп, керемет құлпырып барды. Әсіресе, қоныс тойын жасаушылар көп. Пәтер бағасының қалтаға қолайлығын пайдаланып, баспанаға қолы жетіп жатқандар жеткілікті. Солардың дені жастар. Шуақты өмір құшағы ашылғанына шаттанады бәрі. Бірінен соң бірі бой түзеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қаланың өсіп-өркендеуге бет түзегенін көрсетеді. Теміртаулықтар мұны өз орталарынан шыққан Президенттерінің елі үшін ерен еңбегінің бір шапағатындай көреді”-дейді [10, 25 б.].

СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзі, тек Теміртау қаласының ғана емес, сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының өз тағдырына да әсер еткен сияқты. Ол туралы Н. Назарбаев: “Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Д.А. Қонаев көңілденіп отырған бір сәтінде менің СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзімнің әсері күшті болғанын, ондағылардың маған назар аударып, естерінде сақтап қалғанын өзіме айтқан болатын. Төрт жылдан кейін менің Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшылығына ұсынылуыма шамасы, осы жағдай көбірек ықпал етсе керек”-деп, еске алады дейді [114, 107 б.].

Ал, оның Мәскеудегі СОКП ОК секратариятына қалай барып, СОКП басшыларының көздеріне қалай түскендігі туралы Азияның бес бірдей асқар тұлғаларына арналған “Азия асқарлары” атты кітаптың Н. Назарбаевқа арналған бөлітінде: “Оның өмірі тіпті де жай емес жағдайда қалыптасты. Бірақ түпкірдегі ауылдан шығып, өз еңбек жолын зауытта түрлі жұмыстар атқарудан бастаған балаң жігіт өз қабілетіне сенімді болып, кез келген ортада айқын көшбасшылық қасиеттерімен танылады, ал ол оның, сол кездер үшін өсудің бірден-бір жолы болып табылатын, алдымен жоғары комсомолдық, онан кейін партиялық қызметтерде жоғарылауына жағдай жасады.

Дегенмен Назарбаевты қарапайым партиялық функционер деп атау қиын болатын. Жоғары өрлеген алғашқы сәтінен бастап ол өзін мемлекетшіл адам және қатаң прагматик ретінде таныта білді.

…37 мыңдай адам жұмыс істеген алып металлургия комбинатының партиялық басшысы бола жүріп, ол социалистік экономиканың олқылықтарын өз тәжерибесінде көре білді.

Елдің басқа да кәсіпорындарындағы сияқты комбинаттың өндірістік жоспары жоғары жақтың күштеп таңуымен белгіленді. Оны кез-келген жолмен орындау керек болатын. Сондықтан өнім көлемін өсіріп көрсету, қоймадағы қорлар және қосып жаза салу сияқты айла-амалдардың бәрі пайдаланылды.

Ол осылардың бәрі туралы мақала жазып, ол компартияның басты газеті – “Правдада” жарияланды. Одан жанжал туындады. Назарбаевты есеп беруге Мәскеуге шақырды. Жұрттың бәрі оның мансап жолы аяқталды деп санады. Кейін өзі: “Қызметтен алып, жазалайтынына сенімді болып бардым”, деп еске түсіреді. Егер бірбеткей парторг зауытты дағдарыстан шығарудағы өз жоспарын баяндап, қажетті шараларды ұсынбағанда ол солай болатын да еді. Оған сенді – ол сендіре білетін. Комбинатқа бөлінген қаржы жағдайды түзеді, ал Назарбаев Қазақстанда ірілердің қатарындағы Қарағанды облысының екінші басшысы болды”-деп жазылған [102, 14 б.].

Осылай, саналы өмір жолының басында-ақ өзін ақтаған жұмыс істеу тәсілі, біртіндеп Н.Ә. Назарбаевтың өмірлік позициясына айналды. Қай жерде болмасын қалыптасқан реальды шындықты айтуы, оған талай жауапты сәттерде, талай күрделі кезеңдерде дұрыс жол таба білуге және көпшіліктің сеніміне ие болуына көмектесті. Мысалы, 1986 жылдың ақпанында Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында: “Жергілікті жерлерде қалыптасқан, жекелеген табыстарды бадырайтып көрсетудің және қайдағы бір еңбегі үшін аудандық және облыстық бастықтарды мадақтаудың әлі жойылмаған стилі өзінің теріс зардаптарын тигізуде. Осының бәрінің мүмкін болуының тағы бір себебі – республика басшылығының мұндай жарамсыз жұмыс әдістерін дер кезінде және партиялық принциптілікпен тиып отырмауы… Жеп қою мен талан-таражға салудың салдарынан республика совхоздарында 5 жылдың ішінде 120 мыңға жуық ірі қара, 1,7 миллион қой, 42 мыңдай жылқы мен шошқа кем болып шықты”- деп, республика көлемінде жіберілген кемшіліктер туралы ашық айтса [114, 172-181 бб.], СОКП саяси бюросының мүшесі ретінде СОКП ХХҮІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: “Қайта құру басталғалы бес жыл өткен кезде елеулі кемшіліктерсіз жүріп жатқан сала бізде жоқ екенін адал мойындауымыз керек… Менің өзіме жоспарлы шаруашылықтан рынок стихиясына көшу жолындағы осындай дүрлікпе, асығыс әзірлік ту сыртында күні бұрын әзірленген айқындамалары жоқ армияның жанталаса шегінуін еске салады… Қайта құрудың нақты айқындамасының жоқтығы ұлтаралық қатынастарға ерекше күйзелте салқынын тигізді. Көп ұлтты мемлекет жағдайында нақ осы неғұрлым маңызды аспектінің қайта құру инициаторларының назарынан мүлдем тыс қалғанына тек қана таңдануға балады…”-десе [114, 259-267 бб.], ССРО Халық депудаттарының ІҮ съезінде жасаған баяндамасында: “Мүлдем ашық айтатын мезгіл жетті: экономикалық реформаны жүзеге асырудағы қателіктер елді оның тарихында болып көрмеген, көп ұзамай-ақ басталатын дағдарыс шегіне жеткізді…Үкіметтің нарыққа көшу жөніндегі өлі туған бағдарламасына үкіметтің беделін сақтау үшін жасанды түрде жан бітіру – тіпті де мәз боларлық мәмле емес. “Жабы ат пен сұлу құралайды бір арбаға жегуге болмайтыны” белгілі ғой! Ал біз болсақ бүкіл болмысы бір-біріне қарама-қайшы екі жақты табыстырып, енді табиғатқа қайшы некенің нәтижесінде, былайша айтқанда, қандай құбыжықтың пайда болатынын күтіп отырмыз”-дейді [114, 260 б.].

Бұл келтірілген мысалдар, біріншіден, Н. Назарбаевтың барлық деңгейде де шындықты тайсалмай айта білгендігін дәлелдесе, екіншіден, СОКП басшылығында ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден қатып-семген елді басқарудың “дәстүрлі” тәсілдерінен бас тартып, басты мақсат етіп қайтсе де “үкіметтің беделін сақтап қалу” емес, қалыптасқан реальды жағдайдан шыға отырып, қаншалықты ащы болмасын шындықты мойындай отырып, шешім қабылдауға ұмтылған жаңа типті басшы екендігін көрсетеді.Үшіншіден, мұндай принципті позиция оның еңбектеріндегі мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Н. Ә. Назарбаевтың жастық жігері, қандай істе болмасын алғырлық танытуы және бойындағы құдай берген күш-қуаты мемлекет қайраткері ретінде тез өсуіне әсер етті. Оның небәрі 44 жасында Қазақ КСР-ы сияқты үлкен республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуына да сол жеке басының табиғи қасиеттері негіз болған. Ол туралы сол кездегі республиканың бірінші басшысы Д. А. Қанаев “Ақиқаттан аттауға болмайды” деген атпен жарық көрген заманхатында: “Назарбаевтың ең басты артықшылығы оның қылшылдаған жастығы, алғырлығы мен лапылдаған қайрат-жігері еді. Өзіміздің орнымызды басатындырдың қамын біз ойламасақ, кім ойлауға тиіс. Сондықтан да Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Призидумының төрағалығына сайланған кезде мен Назарбаевты үкімет басшылығына ұсындым” деп жазды[12, 385 б.].

СОКП басшыларының өздері еш уақытта сенбеген утопиялық тәтті қияли нәрселер туралы мемлекеттік деңгейде айтуларының, өз ойларын өмір шындығы ретінде халыққа ұсынуларының іс жүзінде не бергендігі бұрынғы “кеңес халқына” жақсы белгілі. Ол туралы Н. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында”: “Соңғы жетпіс жылдағы өз тарихымызға көз жүгіртер болсақ, аса күрделі мемлекеттік, әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге утопиялық тұрғыдан келудің қаншама мысалын табар едік десеңізші!”-дейді [114,41б.]. Большевиктік-коммунистік партияның “дана басшылығының” арқасында, алдымен “социалистік” қоғам, кейіннен “кемелденген социализм” орнатқан кеңес халқы өтірікке, жалған уәдеге әбден тойып болған. Оған ащы да болса шындық қажет еді. Міне, осындай жағдайда Н.Ә. Назарбаевтың шындықты айта білетін жаңа буын басшыларының өкілі ретінде тарих сахнасына шығуы, бұрынғы Одақ көлемінде оған деген ел сенімін тудырды. Оның Тибилиси, Таулы Қарабақ оқиғаларына араласып, ара ағайындық міндетін аброймен атқарып шығуы, Одақ көлеміндегі ең жоғары орындардың біріне ұсынылуы соның дәлелі.

Н. Назарбаевтың бүкіл КСРО көлемінде елді аузына қаратқан саясаткер ретінде танымал болғандығы туралы “Азия асқарларында”: “Назарбаев КСРО Халық депутаттарының 1989 жылғы 1 съезінде, өзі бірден және сөзсіз қабылдаған горбачевтік қайта құрудың төртінші жылында, жаңа үлгідегі реформатор әрі саясаткер ретінде шынайы танылды. Дегенмен, бүкіл ел күткен реформа бір орында малтығып қалған болатын.

Қайта құру жылдарында ел халқы партия басшыларының сөздерінен тың леп естиміз бе деген үмітпен съездерден берілген телехабарларды жібермеуге тырысатын. Сол кезде реформаның кемшіліктері мен осал тұстары туралы батыл айтып, одақтық экономиканы басқаруға қатысты өз көзқарастарын бүкіл елге мәлімдеген Назарбаевтың сөзі көптеген адамдарды таңырқатты. Қазақстандағы бес жылдық премьерлік тәжерибе Назарбаев үшін жақсы мектеп болды. Оның айқын дәйектелген, сендіретін де сенімді сөздері сол кезде бүкіл ел назарын өзіне тартып, Гарбачевтың өзінен де кем түспейтін күшті, харизмалық саясаткердің пайда болғанын бүкіл елге паш етті”- деп айтылған [102, 15 б.].

Н.Ә. Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында КСРО сияқты алып держава басшылары арасында осындай үлкен беделге ие болуының тағы бір себебі, оның өз сөзіне, өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарауы, сөзі мен ісінің үнемі сай келуі, яғни ел алдындағы, халық алдындағы өз жауапкершілігіне деген терең сезімі. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылдың көктемінде, яғни ел тағдыры түбегейлі шешілер тарихи сәттің қарсаңында: “Иә, бір кезде мен болашақтағы өз тағдырымды қара металлургиясыз елестете алмаушы едім. Бірақ, өмір өзінше өктемдік жүргізді.Қазір мен үлкен саяси жолдан өтіп үлгердім. Сөйтіп, саяси жұмыс маған өзімді өзімнің көрсетуіме, өзімнің бойымдағы әлде бір жаңа мүмкіндіктерді ашуыма септігін тигізді. Бірақ, нағыз қанағаттанғандық сезімі тіпті де қазір республика мен бүкіл елімізде болып жатқан құблыстарға ықпал етуге мүмкіндігімнің бар екендігінен келмейді. Саяси және мемлекеттік қайраткердің еншісі – бұл ең алдымен оның иығына түскен орасан зор ауыр еңбек және , бұған сеніңіз, жайбарақат өмір сүруге мұрша бермейтін ғаламат күшті жауапкершілік сезімі. Бұл жерде моральдық қанағаттанғандық сезіміне бөленетін бір-ақ нәрсе бар, ол өз халқыңның мұң-мұқтажы мен талап-тілегін түсінетініңді, оны айта алатыныңды, адамдардың тарапынан қолдау табатыныңды сезіну ғана. Әлібетте, бұл ретте ешқашан да масаттынып, мәз болудың қажеті жоқ — өзіңді өзің асыра бағалаудың неге алып барып соқтыратынын біздің бәріміз де жақсы білеміз. Ал, еңбегіңнің еш кетпегенін сезінгенде, өткен жолдардың қиындығына өкінбеу керек”-деген [114, 100 б.].

Ол кезде елдің де, ердің де, әсіресе ел басшысының да “ иығына түскен орасан зор ауыр еңбектің”, жұрт болып бірігіп көтерер қиындықтардың, сыналар сәттің әлі алда екендігін, әрине ешкім де білген жоқ. КСРО сияқты алып империяның көп ұзамай-ақ түбінен шіріген кәрі емендей құлауы, бәрін де жаңа жағдайда, жаңа міндеттер шешуге мәжбүр етті. Дегенмен, бұл жағдайда республика Президенті ретінде Н.Ә. Назарбаевтың “иығына түскен орасан ауыр еңбектің” бірнеше есе артқандығы түсінікті.

КСРО-ның ыдырауынан бірнеше ай бұрын ғана: “Менде әдеттен тыс атаққұмарлық ниет атымен болған емес, оны ойлауға мұрша да жоқ еді – өмір маған қашанда өзінің, көбнесе кәдімгі қарапайым, кейде тым қатал заңдарына сәйкес талаптарын үстемдікпен ұсынып келді. Негізінен алғанда қашан да дерлік бір проблеманы: қайткенде де шыдау, төтеп беру проблемасын шешуге тура келіп отырды” — деп, айтқан [114, 48-49 бб.]. Н. Назарбаевқа, өмір тағы да шыдамдылық танытып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптастыру міндетін жүктеді. Оның еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі де осы факторлерден туындайды.

Н. Назарбаев еңбектерінің деректік маңызы мен ерекшелігін айқындайтын келесі факторлар тобын оның жеке адами және тұлғалық қасиеттері құрайды. Белгілі зиялы қауым өкілдері М. Жолдасбеков, Қ. Салғарин және А. Сейдінбектер “Елбасы қандай болу керек?-деген сұраққа:

“ — Ұлты қазақ, ұлттық дәстүрдің уызына жарыған, халқының бар қадыр-қасиетін бойына жинаған; тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін; ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіретін ұлтжанды; дені таза, ары аппақ, жұртшылықты алақанына салып аялайтын, сенімін үмітін ақтай алатын, ел тағдырына жауап бере алатын Азаматы; кек сақтамайтын, өштеспейтін, бар қазақты бауыр тұтып, басынан сипай алатын мейірімді Жанашыры; қар жауса – күрек, жел тұрса тірек бола алатын халақтың қамқоршы Қызметшісі; ағаны ағадай, ініні інідей сыйлайтын, әдептен аттамайтын, ешкімді бөліп-жармайтын, халқының мұңдасы, Тағдырласы; қорыққанда – қорған, тарыққанда – пана, зарыққанда сана бола білетін, ел таныған, көпшілік мойындаған, мінезге бай, антқа адал, сертке берік, пейілі кең, байлыққа құнықпайтын қазақ халқының шын Перзенті болуы керек;

— Ел басына күн туса ауыздықпен су ішетін, етікпен су кешетін; туған жерін, Отанын қызғыштай қорғайтын, көзінің қарашығындай сақтайтын; іске алымды, сөзге шалымды, бүгінгісін оза ойлайтын, ертеңін дұрыс болжайтын көреген Көсем болуы керек;

— Адамзат тарихын, дін тарихын, қоғамның, мемлекеттің даму заңдылықтарын, әлемдік үдерісті жетік білетін, оны жүзеге асыра алатын Іскер; Қазақстанның байлығын төгіп-шашпай халықтың игілігіне айналдыратын, Қазақстанды озық елдердің қатарына қоса алатын, нардың жүгін көтеретін Қайраткер болуы керек;

— Халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесі басатын, елдескенде мейрімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы Саясаткер болуы керек.

Мұндай ердің айтқаны ем, ісі берекелі, елі ынтымақты болады; жұртшылық заманына сай туған осындай ерге ғана сеніп, соңынан ереді”-деп жауап берген [73, 11 б.].

Бұл айтылған өлшемдердің Н. Назарбаев бойынан табылатындығы және олардың оның жазған еңбектерінің шынайылық, толықтық деңгейлерінің жоғары болуына әсер ететіндігі анық. Біріншіден, Н. Назарбаев қазақ халқының қалың ортасынан шыққан қарапайым көпшіліктің өкілі. Сондықтан ол өз халқының тұрмыс-тіршілігін, болмысын, тілі мен дінін, салт-дәстүрін ана сүтімен бойына сіңірген, еңбеке ерте араласып, соғыстан кейінгі ауыл тауқыметін жастайынан көріп өскен жан. Ол өзінің жастық шағы, яғни адами қалыптасуының негізі туралы “Әділеттің ақ жолында” және 1997 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан мен баспагер Мұхтар Құл- Мұхамедке берген және “Халықтан жасыратын ештеңе жоқ”-деген атпен жарияланған сұхбатында жан-жақты айтқан. Сондықтан ол еңбектер түпнұсқалық дерек көзі ретінде келешек Елбасының жастық шағынан мол мәліметтер береулерімен құнды.

Мысалы, ол өзінің жорналшыларға берген сұхбатында: “Иә, біреулер ойлайтын шығар мен аспаннан салбырап жерге түсіп қалды деп. Президент болғаныммен бүйрегім жерге бұрып тұрады. Мен көрген тіршілік әлі өзгере қойған жоқ. Сондықтан да өмірді көріп өскенімді жасыра алмаймын. Сиырды да бұзаулаттық, биені құлындауды да көрдік. Менімен бірге өскендердің балалығы мен жастығы екі қолдың күшімен өткен жоқ па? Мысалы, сиыр бағамыз, оған он жасымнан бастап шөп шаптым. Сиыр қораны тазалау керек, суару қажет, жылқы бағу тағы бар”-десе [120, 10 б.], “Әділеттің ақ жолында”: “Ол кезде менің бір ғана нәрсеге ықыласым қатты ауды: тезірек еңбекке араласып табыс тауып, үй ішіне түскен ауыртпалықты аз да болса жеңілдетсем дейтінмін. Өйткені балалардың үлкені мен едім”-деп, өзінің жастайынан қандай жұмыстар атқарғандығын айта келе, қарапайым ауыл мектебінің қатардағы оқушыларының бірі ретінде сабағын қалай оқығандығы туралы: “Үйге беретін тапсырманы орындайтын уақыт тек түн мезгілі ғана. Өйткені атқаратын шаруа шаш етектен: малға шөп салу, қорадағы малдың астын тазалау, су әкелу, огородтың арам шөбін отау жұмыстары тіпті таусылмайтын. Оның есесіне алтындай қымбат уақытты бағалай білуді үйрендім, сабаққа дайындалуға да, өзім қатты құмартып алған кітап оқуға да уақыт табатын болдым”- дейді [114, 20-21 бб.]. Демек, ол өзінің өмір жолының бастауында, оның өзімен қатар не өзінен кейінгі миллиондаған ауыл балаларының өмір жолдарының бастауындай ұлттық, халықтық негізден нәр алған. Президент Назарбаев саясатының ұлттық, халықтық сипатының сыры осында емес пе?

Екіншіден, Елбасы саясатының алғашқы күндерден бастап өн бойынан өтіп келе жатқан өзегі ұлттар достығын сақтау және оны нығайту екендігі белгілі. Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін бұл фактордың шешуші маңызы бар фактор екендігі түсінікті. Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері сол ұлтаралық қатнастарды дұрыс сақтай білгендіктің салдары екендігі де және бұл істе Н. Назарбаевтың қосқан үлесінің ерекше екендігі де дәлелдеп жатуды қажет етпейтін фактілер.

Өзге ұлт өкілдерімен тіл табыса білу, олармен қоян-қолтық араласып тіршілік ете білу де Н. Назарбаев өмірінде жастайынан қалыптасқан дағды. Мысалы, ол туралы Н. Назарбаев өз сұхбатында: “Кеңес өкіметі, Компартияның саясаты ұлтаралық мәселені түгел шешті деп жүрдік қой. Қазір қарап отырсақ олай емес екен. Егер ол шешілген болса Қарабақтағы, Тәжікстандағы қантөгіс, Приднестровьедегі оқиғалар болмас еді. Югославияны айтайық, құдай сақтасын, соның бәрі болар ма еді? Грузияны ше? Оу, осылай деп айтайық, доспыз деп айтпасаң құрисың деп, ұлтшыл боласың деп қорқытқаннан барлығы жым болып жүрді. Ол Кеңес өкіметі күйрегеннен кейін белгілі болды”- деп Кеңес өкіметінің, коммунистік партияның ұлттық саясатының мәні мен ұлттық мәселені “шешудің” тәсәлі және оның салдары туралы айта келе: “Бірақ та, біздің ауыл Шамалған деген қазақ пен орыс, украйындықтар аралас тұрған ауыл еді… Орыстармен, украйындармен, қазақтармен, Кавказдан келген халықтар чешендер мен ингуштер барлығы бірге болып, солармен араласып өстік. Сол кезде біз басқа ұлт деп, шынында да ойлағанымыз жоқ”- десе [120, 10 б.], “Әділеттің ақ жолында”: “Қазір сол жылдар еске түскеде көп жайға таң қаласың. Мүлде басқаша өмір болатын! Мәселен, бүгіндері Қазақстанда да, басқа көптеген республикаларда да шиеленіскен тіл мәселесін алайықшы. Ол кезде бұл мәселе ешкімнің ойына да кірмейтін. Екі немесе бірнеше тіл білу әбден үйреншікті болатын. Әкем жер ауып келген балкарлардың тілін жақсы білетін, олардың бауырындай болып кетіп еді. Иә, бұрын бірде-бір орыс сөзін естімеген алты жасар мен орыстар қазақша білмесе, олардың арасында қалайша өмір сүрген болар едім? Араға бір жыл салғанда менің де әжептеуір орысша тіл сындыруым онша қиынға соққан жоқ. Балкарлармен, түріктермен кәдімгідей сөйлесе беретінмін, чешендерді түсініп, тіпті неміс балаларымен олардың тілінде бірлі-жарым сөздерін айтып тіл қатысатын едім”- дейді [114, 14-15 бб.].

Міне, осылай, “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”-дегендей, бала кезінен көріп өскен ұлттар достығына Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы болған күннен бастап мемлекеттік саясаттың өзікті буындарының бірі ретінде қарап, ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасының бұл саясатын өз халықы түгілі өзгелерде байқап, оның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екендігін дұрыс түсініп отыр. Мысалы, “Правда” газетінің Қазақстандағы бұрынғы тілшісі Д. Валовой “Кремлевский тупик и Назарбаев” деген кітабында: “Ұлтына, партийялылығына және дініне қарамастан Қазақстан халқының идеялық бірлігі президент Назарбаевтың барлық қызметінің өзегін құрайды. Ол өзінің “Әділеттің ақ жолында…” атты кітабында айтқан ойларын табандылықпен іске асыруда, жәнеде ол қайдан шықпасын, арандатушылық әрекеттерді түбінен жойуда. Бүгінде бұл принциптер жаңа Конституцияда бекітілген. Оларды қатаң сақтау Қазақстандағы тұрақтылықтың берік кепілі болады”-дейді [101, 166 б.]

Үшіншіден, Елбасы бойындағы еркше қасиеттердің бірі, оның имандылығы. Жаратқан иеміздің қолдуына сүйеніп, мұсылманның жолына ден қойуы. Ол өзінің сұхбатында: “Қазақтар – мұсылмандар, мұсылмандардың ішіндегі сунниттерміз. Сондықтан халық Алласына, Тәңіріне сеніп, ертеңгі күннің, ар жақтағы, ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, жаңағы Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін. Хадистер бойынша адамды жазықсыз жәбірлеуге, өлтіруге болмайды. Өзіңе ғана жақсылық тілеме, басқаға да жақсылық ойла. Жақыныңа жаманшылық жасама. Еліңді сыйла, ел басқарған адамға қызмет ет деген Құранда жазылған сөздер бар. Сондықтан мұсылман дініне қарай елдің ауғаны дұрыс деп ойлаймын. Қай кездерде біз нағыз мұсылман бола аламыз ба, бола алмаймыз ба, кім біледі. Дегенмен, нағыз молдалықты, нағыз мұсылманшылықты келтіруге мен қызмет етіп жатырмын”-деуі және осы бағытта атқарған нақты істері соның дәлелі [120, 9 б.].

Н.Ә. Назарбаев тек мұсылман дінін насихаттаушы ғана емес, көп ұлтты, көп дінді елдің Президенті ретінді дінаралық түсіністік, дінаралық татулық жолында да еңбек етіп жүр. Ол тарихта тұңғыш рет Астанада әр түрлі дәстүрлі діндер жетекшілерінің басын қосып, пікір алмастыруды ұйымдастырды.

Төртіншіден, Н.Ә. Назарбаевтың ешкімге де кек сақтамайтын кешіріпаздық қасиеті де көпке аян. Елде демократияның дамуын, баспасөзге ашықтық, жариялылықтың берілуін пайдаланып кейбір мерзімді басылымдар Елбасы туралы әр түрлі алыпқашты әңгімелер айтып жүргені де белгілі. Әсіресе, 2005 жылғы сайлау қарсаңында олардың аузына, бейнелеп айтсақ, “ақ ит кіріп, көк ит шықты”. Біздің ойымызша қай басылымның не деп жазғанын айтып жатудың қажеті жоқ. Оның үстіне олардың не айтып, не қойғанына Елбасы өзінің қалай қарағандығы туралы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында толық айтқан. Ол: “Халықтың өзі де көрді, мен сайлауалды науқанды арнайы жүргізуді қажет деп таппадым. Өйткені, өткен жеті жылда атқарылған жұмысқа қарап елдің маған әділ баға беретініне сендім. Науқан барысында өзге кандидаттар туралы бір ауыз жағымсыз сөз айтқан жоқпын. Олардың кейбірінің мен туралы айтпағаны жоқ, солардың сойылын соғатын газеттердің мен туралы жазбағаны жоқ. Мен оған шыдамдылық көрсеттім, себебі бәрі де — отандастарымыз ғой. Сондай-ақ, басқа кандидаттарды қолдап дауыс бергендер де мен үшін жат емес. Неге десеңіз, олар осы шешімі арқылы менің алдымен нендей мәселелерге көңіл бөлуім керектігін көрсетіп тұр. Ел басқаратын адам кең болуы керек. Мен кең болмасам, ел кең болмайды, ел кең болмса өзгелермен тең болмайды. Жалпы, ешкімді де дұшпан тұтып керегі жоқ. Өз басымда оппазиция өкілдерінің ешқайсысына да ондай көзқарас жоқ. Болған да емес”-деді [121, 23 б.].

Президент Н. Назарбаевтың оппазиция өкілдеріне қатысты бұл ұстанымының өмір шындығымен толық сәйкестігіне барша жұрт куә. Дегенмен сол оппазициялық басылымдар арасында “Жас Алаш” газетінің де жүргені өкінішті-ақ. Қолында көп мүмкіндігі бола тұра Назарбаев осылардың ешқайыссын да қуғын-сүргінге ұшыратқан жоқ. Кімге сену, кімнің соңынан еруді таңдау құқығын Қазақстан халқының өзіне қалдырды.

Бесіншіден, Н. Назарбаевқа жинақылық, ұқыптылық, тиянақтылық, тыңғылықтылық, еңбексүйгіштік, жұмысындағы жүйелілік сияқты іскер адамдарға қажетті қасиеттер де жат емес. Мысалы, М. Қасымбеков ол туралы: “Бірден көзге түсетіні: Елбасымыз өте жинақы жан. Өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастыруға қатты мән береді. Мұның өзі бүгінде үйреншікті әдетке айналып кеткен. Үстелінің үстінде бір жапырақ артық қағаз болмайды… Президентіміздің қолтаңбасын көргеніңіз бар ма осы? Зер сала қарасаңыз, ол сиялы қаламмен тайға таңба басқандай етіп, маржандай тізіп жазады. Ең асығыс жазуларының өзін қиналмай оқи аласыз. Өз басым осыдыа-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына тән ерекше ұқыптылықты ғана емес, өзінің қабілет-қарымына, атқарып жүрген ісіне деген нық сенімді, тиянақты тыңғылықтылықты көргендей боламын…

Осыларға Елбасымыздың жанкешті еңбексүйгіштігін қосыңыз. Ол өзін аяу дегенді білмейді деседе болады. Жұмыс уақытының әр минутын ұтымды пайдаланады. Әр жылдың соңғы тоқсанында алдағы жылы Президенттің тікелей қатысуымен атқарылатын маңызды істердің ауқымы белгіленіп, арнайы жұмыс кестесі жасалады. Ол тоқсандық, айлық кестелерде ширатылып, нақтылана түседі. Елбасымыз осыларды өте мұқият жасатады да, солардың табандылықпен жүзеге асырылуын талап етеді. Жұмыстағы жүйесіздікті, бейберекеттікті ұнатпайды”-дейді [24, 25 б.].

Нұрсұлтан Әбішұлының тұлғалық және жеке адами қасиеттері туралы, тек өз отандастары ғана емес, жақын және алыс шет елдіктер де КСРО-ның күйреу қарсаңында да, одан кейін де баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жариялады. Әрине, олардың бәріне бірдей тоқталып жату мүмкін емес. Дегенмен, солардың біразына көңіл аударыу, бізге өз Елбасымызға өзгенің көзімен қарап, ол туралы объективті мағлұмат алуға мүмкіндік берері анық.

Мысалы, А. Андреев деген автор “Известия” газетінде жарияланған “Феномен Назарбаева не разгадан” деп аталған мақаласында, Назарбаевтың іскерлік қасиеттеріне ерекше көңіл бөле келе: “Тәуелсіз ойлау білу, саяси және экономикалық проблемаларды шешудегі прагматикалық ұстаным, өзін өзгелердің орнына қоя білу. Назарбаев бұрынғы КСРО республикалары мемлекет басшылары арасында ерекшелінеді. Назарбаев табыстарының сыры әлі көп жағдайда ашылған жоқ …” десе[122], “Красная звезда”газетінің тілшісі Олег Феличев “Феномен Назарбаева” атты саяси портретінде “Оның қалай болғанын маған айту қиын. Бірақ біз кенеттен Қазақстан президентінен конструктивті терең ойды, біздің жалпы мәселелерімізді шешудегі аналитикалық көзқарасты “ашып” таң қалдық. Оның көптеген саяси басшылардан жарты қадам, кейде тұтас бір қадам алда екенін түсіндік”- дейді[123].

“Российские ведомостий” газетіне берген сұхбатында Эдуард Макаревич: “Сонымен президентті кім өсірді, Назарбаев феноменін кім туғызды?”-деп өзі қойған сұраққа өзі: “- Мүмкін, төтенше жағдайларға толы уақыт шығар. Жоқ, жоқ және жоқ! Назарбаевқа ол келмейді… Назарбаевта бәрі де заңдылық” -десе, “Правда” газетінің тілшісі Д. Валовой: “ Мен Нұрсұлтан Әбішұлын он жеті жыл бойы білемін… Бұл ұзақ уақытқа созылған жақын қатынас маған оның табыстарының сырын ашатын өз формулаларымды құруыма мүмкіндік берді. Ол үшбірлікті болып шықты.

Формуланың бірінші бөлімі: ол мақсатқа ұмтылушылық, өзіне жоғары талап қоя білу және білімге деген құштарлық….. Екінші бөлімнің мәні: Назарбаев өз табиғатында сыншы – жасампаз адам. Ол нені сынамасын, түпкі мақсат – адамдардың өмірін жақсарту үшін, оданда да тиімді жолдарды ұсынады… Және, соңғы, формуланың үшінші бөлімі, Назарбаев қызмет сатысымен жоғары өрлей отырып ФЗУ оқушысынан және бетоншыдан президентке дейін өсіп, барлық сатыдан өтті. Сондықтан ол өмірдің барлық қыры мен сырын біреулердің сөзі арқылы емес, өз көзімен көріп өсті. Назарбаев өзінің бүкіл саналы өмірін еңбек адамдарымен және өндіріспен тығыз байланыста өткізді…. Георгий Константинович Жуков, екінші дүниежүзілік соғыста әлем мойындаған бірінші қолбасшы; Андрей Дмитревич Сахаров, әлемге аты әйгілі ғалым; Михаил Александрович Шолохов, әлем мойындаған жазушы; Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, қазіргі әлемдік деңгейдегі мемлекет және саяси қайраткер – бұлардың бәрі кімдер? Бейнелеп айтсақ, халықтың ең төменгі топтарынан шыққан және олардан еш уақытта қол үзбеген нағыз “аспазшының балалары” — деп, өзінің ашқан әр “формуласын” нақты мысалдармен дәлелдейді [101, 36-62, 188-189 бб.].

Нақты бір адам туралы ондаған адамдардың пікірі бір жерден шығып жатса, онда ол адамның шынында да сондай адам болғаны да. Егер, жоғарыда аттары аталған бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің сөздерімен айтсақ: “Әр бір жеке тұлға өз тағдырының ғана ұстасы емес, сонымен бірге өзі араласқан ортаға, қоғамға, керек десеңіз өзі ғұмыр кешкен уақытқа ықпал ететін қайталанбас жаралым. Егер, сол жеке тұлғаның болмыс-табиғатына Тәңірі – шебер айрықша қабілет пен қасиет дарытса, ол қабілет пен қасиет тек қана жасампаздыққа, тек қана биік мұраттарға бағышталатын болса, ондай тұлға өз өмірін ғана мазмұн-мағанаға кенелтіп қана қоймай, ең бастысы өзі ғұмыр кешкен қоғамы мен уақытын да сәулелендіріп, оның мерейін өсіріп, мәртебесін биіктететін болады. Бұған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен болмыс-бітімі жарқын айғақ” [73]. Оған қосарымыз мұндай тұлғаның дүниеге әкелген еңбектерінің шынайылық деңгейінің де, ғылыми құндылығының да жоғары болуы заңдылық. Демек, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының, оның ішінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттгі тарихының, өзіндік ерекшеліктері бар маңызды дерек көзі екендігі күмәнсіз.

Дегенмен, кез келген қарапайым жандарға тән қуану, ренжу, ашулану сияқты әр түрлі көңіл күйлер, басқа да адами қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлына да тән қасиеттер. Ол туралы біраз жылдан бері кеңесшісі болып істеуіне байланысты Президентті жақыннан байқауға мүмкіндігі болған Ермұхан Ертысбаев: “Менің барлық достарым, таныстарым, жорналшылар, шетелдіктер және тағы да басқа көптеген адамдар менен жиі сұрайды: “Айтшы, ол өзі қандай?” — деп. Мен; “Әр түрлі”-деп жауап беремін. Шынында да, ол әр түрлі. Мен оны көңілді кезінде де, көңілсіз кезінде де, көңіл күйінің көтеріңкі кезінде де, пәс кезінде де, байсалды-ойлы кезінде де және тіптен ашулы кезінде де көрдім…

Шынында, ол әр түрлі. Қаурыт кезде ол салқынқандылық, сабырлылық танытса, керісінше, тыныш қалыпты саяси жағдайда мазасыз және эмоциональды. Ол жалпы нашар актер, өйткені еш уақытта өз сезімін жасыра алмайды. Егер ол біреуді ұнатса немесе силаса, онда Назарбаевтан артық шын берілген және сенімді жолдас табу қиын. Егер ұнатпаса, онда оның жүзінде жиеркеніш белгісі пайда болады және оны өзі жасыра алмайды”-дейді [22, 15 б.] /Барлық аудармалар біздікі – С.С./ Әрине, Президенттің мұндай қасиеттерінің оның жазған еңбектеріне де әсер еткендігі белгілі. Ондай ашық мінез еңбектердегі мәліметтердің шынайылық деңгейін көтермесе, төмендетпейтіндігі анық.

Сонымен, қорыта айтсақ, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен басты ерекшелігі, біріншіден, оның тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздік жылдарында атқарған ресми қызметтерімен тікелей байланысты. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап республикалық деңгейдегі басшылық қызметте болған, дәл тәуелсіздік алдында Елбасы болып сайланған Н.Ә. Назарбаевқа сол жылдары болған барлық түбегейлі өзгерістердің ортасында жүріп, тарихи құбылыстардың куәсі болуына тура келді. Жәнеде соның бәрі туралы өз еңбектерінде жазып, маңызды дерек көздерін дүниеге әкелді. Екіншіден, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелгі, олардың Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы, оның ең бір қиын-қыстау сәттердегі тарихи шешімдер қабылдап, жаңа мемлекет қалыптастыра білу тарихы туралы мол мағлұмат сақтауында. Үшіншіден, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің деректік маңызы мен ерекшеліктері автордың жеке адами қасиеттерімен тығыз байланыстылығында. Оның ең бір ауыр жылдары қарапайым қазақ отбасында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласуына байланысты, ел өмірін жете біліп, бар саналы өмірін соған қызмет етуге арнауында. Төртіншіден, Н. Назарбаевтың бастауыш партия ұйымынан бастап биліктің барлық сатысынан өтуі, оған елдің реальді саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайын әрдайым объкетивті бағалап, өз еңбектерінде шынайы бейнелей білуге мүмкіндік берген.

1.2 Н. Назарбаев еңбектерінің пайда болу объективтілігі, тарихи жағдайы және оларды сыныптау проблемалары

Деректану ғылымының қағидасы бойынша әр бір тарихи дерек өзінің пайда болуы жағынан объективті. Өйткені ол белгілі бір тарихи оқиғаның, құбылыстың немесе қоғамдық процестің салдарында пайда болады. Дәлірек айтқанда, нақты тарихи оқиға, құбылыс немесе қоғамдық процесс нақты тарихи деректерде бейнеленеді. Сондықтан әр бір тарихи дерек өз бойында сол тарихи оқиға, қоғамдық құбылыс немесе қоғамдық процесс туралы мәлімет сақтайды. Демек, оқиға немесе құбылыс болмаса дерек те болмайды. Олай болса, кез келген деректі белгілі бір тарихи оқиғаның дерек көзі ретінде зерттеуде, оның пайда болуының объективтілігін, алғышарттарын, яғни нақты қандай оқиғаның салдарында пайда болғандығын анықтаудың маңызы үлкен. Сонымен қатар, кез келген дерек тарихилық принципіне сай белгілі бір уақытта немесе уақыт аралығында және нақты бір кеңістікте пайда болады. Уақыт ерекшелігі, дәлірек айтқанда, деректің жасалу кезеңіндегі нақты бір кеңістіктегі, яғни елдегі қалыптасқан тарихи жағдай, үстем саяси құрылыс т.б. деректің пайда болуына, оның мазмұны мен бағытына әсер етепей қоймайды. Демек, нақты дерекке немесе дерек көздеріне деректанулық талдау сол уақыт тінінде /контексінде/ жасалуы керек. Тек сонда ғана нақты деректен немесе дерек көздерінен нақты оқиға немесе құбылысқа қатысты шынайылық деңгейі жоғары мәлімет алуға болады.

Демек, Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретінде қарастыруда олардың пайда болуының себептерін, алғышарттарын, яғни объективтілігін және тарихи жағдайын анықтаудың маңызы үлкен. Жұмыстың кіріспе бөлімінде айтылғандай, Н. Назарбаев 1991 жылдың көктемінде дайындаған “Әділеттің ақ жолы” атты еңбегінен бастап, 2006 жылдың қаңтарында ҚР Президенті міндетін атқаруға қайта кіріскенге дейін бірнеше іргелі еңбектер, жинақтар, Жолдаулар және кітапшалар жариялады. Солардың бәрінде дерлік, біздің тікелей зерттеу объектіміз болып табылытын — тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің тарихына қатысты мәліметтер бар. Демек, олардың пайда болуының объективтілігі мен тарихи жағдайын анықтау зерттеушілерге тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихы туралы ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға көмектесері анық.

Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің пайда болуының объективтілігі ең алдымен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталған алып державада орын алған түбегейлі қоғамдық өзгерістермен, сол өзгерістердің нәтижесінде Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуымен және күрделі де түбегейлі қоғамдық өзгерістер салдарында пайда болған сол жылдардағы саяси ахуалмен тікелей байланысты. Атап айтқанда, Н. Назарбаев еңбектерінің пайда болуына алып келген және оның еңбектерінде бейнеленген нақты объективті оқиғалар, құбылыстар және қоғамдық процестер мыналар: КСРО-да қайта құру процесінің басталуы, елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың тереңдеуі, құрамында Қазақстан да бар КСРО сияқты алып империяның ыдырауы, Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуы, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта құру ісінің басталуы т.т.

Қазақстан Республикасының Президенті, яғни Елбасы ретінде және КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, яғни бұрынғы Одақ көлемінде жоғарғы деңгейдегі саясаткерлердің бірі ретінде, КСРО-ның соңғы жылдарындағы саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайына жан-жақты аналитикалық талдау жасаған Н. Назарбаевтің еңбегі, Мәскеу қаласында, “Моладая гвардия” баспасынан орыс тілінде “Без правых и левых” деген атпен 1991 жылы шықса, қазақ тілінде “Әділеттің ақ жолы” деген атпен “Қазақстан” баспасынан сол жылы шыққан. Кітаптың мұқабасында: “Өмірбаян өткелдері,ой-толғау, бағыт-бағдар… Баспаның сұрақтарына жауап”-деп жазылса, “Баспадан” деп аталған алғы сөзінде: “Сіздің қолыңызға тиген кітап — өмірбаяндық баяндау да емес,белгілі бір тақырып төңірегіндегі сұхбат та емес. Біз бұл кітаптың кейіпкеріне өзі туралы айтуды қажет деп санайтын нәрсенің бәрін де қамтуды ғана ұсындық”-делінген [114, 4 б.]. Тағы бір ерекше көңіл аударатын нәрсе, ол алғы сөздегі кітаптың дайындалған уақыты мен жері туралы айтылған мәліметтер. Ол туралы кітапта: “ Қоғамдық және саяси өмірде қазіргі жүріп жатқан процестердің жеделдік сипатын ескере отырып, бұл кітаптың жазылған уақытын, сонымен қатар қайда жазылғанын көрсете кетейік: 1991 жылғы наурыз-сәуір айлары, Алматы қаласы”- деп көрсетілуі [114, 5 б.]. Сонымен қатар, кітаптың орыс тіліндегі нұсқасында “Диалог с Н.А. Назарбаевым вел А.П. Житнухин”- деп жазылған.

Демек, біріншіден, кітап: естелік, өмірбаян, заманхат,сұхбат, ой-толғау, сияқты немесе т.б. дәстүрлі жанрлардың еш қайыссына да жатпайтын, бірақ осылардың бәрінің де элементтері кездесетін, өзіндік ерекшелігі бар, күрделі туынды. Мысалы, кітап “Қара нанның дәмі”- деп аталатын тараудан, шартты түрде алғанда, балалық, жастық шақ туралы естеліктерден басталғанымен, сұхбатқа ұласып, өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарын да қамтиды. Ал, әр жанырдың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар өздеріне сай келетін зерттеу тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Демек, зерттеушілер мұндай күрделі туындылармен, яғни дерек көздерімен жұмыс істегенде олардың осындай ерекшеліктерін ескерулері қажет болады.

Екіншіден, кітап орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылған, сөйтіп, екі тілде қатар шыққан. Ал, кез келген аударманың түпнұсқадан белгілі бір дәрежеде алшақтайтындығы заңдылық. Сондықтан, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланушылар оны түпнұсқамен салыстырып отырулары керек. Үшіншіден, кітап КСРО-ның да, оның жетекші саяси күші коммунистік партияның да, Мәскеулік орталық биліктің де дін аман кезінде дайындалып, жарыққа шыққан. Бұл фактінің деректану ғылымы үшін принципті маңызы өте үлкен. Ол кітапта Н. Назарбаевтың КСРО-ға, оның саяси басшылығының атына айтылған сындары, олардың артынан тас лақтыруы емес, керісінше, жіберілген кемшіліктерді түзету арқылы КСРО-ны сақтап қалу және нығайту мақсатында айтылғанын көрсетеді. Бұл кітапта айтылған ойлардың, келтірілген фактілердің, яғни тарихи деректердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейтін негізгі фактор.

Төртіншіден, кітаптың жарық көрген уақыты, тағдырдың тәлкегімен, КСРО-ның алып держава ретінде өмір сүруін тоқтатуының қарсаңы болып шықты. Демек, бұл факті зерттеушілерге кітапта СОКП басшылығы атына, Орталық билікке, басқа да басқару жүйесіндегілерге айтылған сындарды, елдің әлеуметтік-эконмикалық жағдайына аналитикалық талдау жасау арқылы көрсетілген кемшіліктерді КСРО-ның ыдырау себептері ретінде қарастыруларына мүмкіндік береді. Өйткені, дәл сол кітапта көрсетілген кемшіліктердің асқынғаны соншалықты, оларды түзету мүмкін болмай шықты. Нәтижесінде олар КСРО-ны күйреуге алып келді. Жақын және алыс шет елдік зерттеушілердің КСРО-ның күйреу себептері туралы айтқан еңбектерінде көбіне Н. Назарбаевтың осы еңбегіне жүгінулері соның дәлелі.

Бесіншіден, “Әділеттің ақ жолы” Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы мол мағлұмат беретін түпнұсқалық дерек көзі болып табылады. Онда Елбасының өмірбаян өткелдерінің әр түрлі кезеңдері, тұлғалық қалыптасу жолдары, ұлт тағдыры үшін жауаптылық деңгейіне дейін жеткен адамның іс-әректтері, ой-толғаулары сол адамның өз аузымен айтылған. Сондықтан ондағы мәліметтердің толықтық және шынайылық деңгейлерінің жоғары екендігі түсінікті.

Дегенмен, еңбектің Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызын ескере отырып, онда мүмкін қарапайым себептермен жіберілсе де, ел тарихы үшін принципті қателіктің орын алғандығын да айтуымыз керек. Өйткені, дерек көздерінде қандай да бір себептермен болмасын жіберілген айқын қателіктерді дәлелдеп, келешек зерттеушілерге ескерту деректанушының да, деректану ғылымының да тікелей міндеті. Мысалы, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасының 238 бетінде Нұрсұлтан Әбішұлы: “Қазақ республикасы Жоғары Кеңесінің 1990 жылғы 24 наурызындағы сессиясында мені жабық дауыспен республиканың тұңғыш Президентіетіп сайлады”-десе, орыс тіліндегі басылымының 215 бетінде: “24 марта1990 года на сесии Верховного Совета Казахской республики тайным голосованием меня избирали первым Президентом республики”-деген. Ал, түпнұсқалық дерек көзі болып табылатын сол жылдардағы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі мен Министрлер Советінің органы болып табылатын “Социалистік Қазақстан” газетінің 1990 жылғы 25 сәуірдегі 97 нөмірінде жарияланған информациялық хабарда: “Қазақ ССР Жоғарғы Советінің қаулысы. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті туралы.

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі қаулы етеді:

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жолдас сайлансын.

Алматы қаласы,1990 жылғы сәуірдің 24-і.”-деп жазылған.

Демек, Н.Ә. Назарбаев, “Әділеттің ақ жолында” айтылғандай, Қазақстан республикасының тұңғыш Президенті болып 1990 жылдың 24 наурызында емес сол жылдың 24 сәуірінде сайланған.

Әрине, еңбек сұхбат ретінде дайындалғандықтан Нұрсұлтан Әбішұлы ай аттарын жәй ауыстырып алуы да, немесе қарапайым техникалық қателіктің де кетуі мүмкін. Басқа жағдайда мұндай қарапайым қателіктерге көңіл аудармауға да болар еді. Бірақ біз дәл осы мәселеге ерекше көңіл аударуға тиістіміз. Себебі, бұл жерде әңгіме тек бір адамның ғана өмірбайанына байланысты болып отырған жоқ. Әңгіме қазақтардың тұңғыш Президентініңдәлқай айдың 24 күні сайланғандығы, яғни қазақ тарихының жаңа дәуірі, Президенттік басқару жүйесінің дәл қай күні дүниеге келгендігі туралы болып отыр. Мәселенің принципті маңызы да осында.

Н.Ә. Назарбаевтың “Әділеттің ақ жолынан” басқа еңбектері тәуелсіздік жылдарында, яғни тіптен басқа, түбірімен өзгеше саяси-әлеуметтік жағдайда дүниеге келді. Жәнеде Қазақстан халқының өмірінде орын алған жаңа құбылыстар мен қоғамдық процестер сол еңбектерде бейнеленді. Солардың алғашқысы 1992 жылы мамыр айында жарық көрген “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” деп аталатын еңбегі. Онда Н. Назарбаев: “Қиын толғаныстар мен шешімдер, өмірді түбегейлі қайта өзгерту уақыты тағдырдың жазуымен біздің үлесімізге тиіп отыр… Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды”-деп жазды [124, 4 б.]. Демек, еңбектің пайда болуының объективтілігі, біріншіден, қоғамда бастау алған түбегейлі қайта өзгерту уақытының келуі болса, екіншіден, қоғам алдында тұрған айқын мақсатты, дәлірек айтқанда, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясын анықтау қажеттігі болып табылады.

1993 жылы Н. Назарбаевтың “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегі жарық көрді. Онда автор өзіндік ой — түйіндерін нақты деректермен дәлелдей отырып елдегі идеялық бірлік тұғырнамасы, саяси-әлеуметтік, экономикалық үрдістер жөніндегі ұзақ жылдар бойы саралаған ой-толғамдарын, түйінді шешімдерін ортаға салған. Еңбекте Қазақстандағы сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайға талдау жасалынып, нақты тәуелсіздікке жету жолдары көрсетілген. Қазақстан мемлекеттігін қалыптастыру ісінің теориялық негіздеріне қатысты пікірлер айтылған.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қайта құру, қалыптастыру және дамыту тарихының дерек көзі ретінде Н.Ә. Назарбаевтың 1996 жылы “Өнер” баспасынан шыққан “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінің алар орны ерекше. Олай дейтініміз, еңбекте алғаш рет КСРО-ның күйреу себептеріне жан-жақты талдау жасалынып, Қазақстанның 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызы аралығында жүріп өткен жолы сараланған. Сонымен қатар еңбекте жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың жүйелі теориялық негіздемесі жасалынып, жас мемлекеттің алғашқы қадамдары туралы айтылған.

Автордың өзі жанрын “болашақ жайлы естелік” деп атаған шығармасының беташары: “Мен ол күні кабинетімде түннің бір уағына дейін отырып қаппын. Соңғы айлардың қаурыт тіршілігі бойды да, ойды да ауыр тартқызайын депті. Тек екі сағат бұрын ғана өткен референдумның алдын-ала қорытындылары қолыма тиді. Ұққаным – Қазақстан бұдан былай жаңа Конституция бойынша өмір сүретін болады.

Ойыма, неге екені белгісіз, өткен-кеткен орала береді. Ескі жазбаларым мен оқта-текте түртіп қойғандарымды қайта ақтара бастадым. Көз алдыма болған-қойғандардың егжей-тегжейлері, адамдардың бет-әлпеті, мазасыз күндер мен түндер тұра қалды. Есіме біз үшін жол басындай болған 1991 жылғы оқиғалар түсті. 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызының арасында бейбіт тарихтың әлденеше онжылдықтары өз бойына сыйғыза алмайтын оқиғалары сыйып кеткендей. Сол бір жым-жырт түнде менің басыма, азғантай “жол-жөнекей аялдама” жасап, бірауық кейінгі жылдар тап қылған драмалық ахуалдың иірімдері мен үйірімдеріне үңіліп, іштей сарапқа салған жаман болмас еді-ау деген ой келді”-деген жолдармен ашылған [126, 7 б.].

Кітапта айтылған Қазақстанның бүгінгі күні өмір сүріп отырған жаңа Конституциясы қабылданған бүкілхалықтық референдумның 1995 жылы 30 тамыз күні өткендігі белгілі. Демек, Н. Назарбаевтың өз “кабинетінде түннің бір уағына дейін отырып қалған”, оған өзінің іргелі еңбектерінің бірін жазуға әсер еткен “сол бір жым-жырт түннің” 1995 жылғы тамыз айының 30- нан 31-не қараған түні екендігі даусыз. Ал, кітаптың алғы сөзі ретінде берілген автордың жазбасы “Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы. 1996 жылдың 15 қаңтары”-деген сөздермен аяқталған. Бұл нақты мәліметтер кітапты жазу ісінің 1995 жылдың тамызының соңғы түнінен басталып, 1996 жылғы қаңтардың ортасында аяқталғанын көрсетеді.

Ал кітаптың объективтілігі, яғни оның пайда болуына әсер еткен фактор — 1991 жылғы және 1991 жылдың тамызы мен 1995 жылдың тамызының арасындағы әдеттегі онжылдықтар “өз бойына сыйғыза алмайтын” драмалық оқиғалар. Ол драмалық оқиғалардың қандай оқиғалар екендігі, олардың бұрынғы КСРО- ның және бұрынғы “кеңес халқының” тарихы мен тағдырына қалай әсер еткендігі туралы автор: “1991 жылғы драмалық оқиғаларға қолма-қол араласып, көзбе-көз бақылаған адам ретінде айтарым: ол драмаға қатысушылардың көпшілігі одақтық мемлекетті тап бұлай тез арада быт-шыт шашыратып жіберуді әдейі көздеген емес. Вильнюс, Баку, Тбилиси және ГКЧП оқиғаларына дейін, кейін эволюциалық жолмен тәуелсіздік алуға өркениетті конфедерациялық мемлекет орнату көзделген еді. Әрине, 1991 жылдың тамызынан соң /ГКЧП оқиғасынан соң — С.С/, бұл ойдың іске асуы еш мүмкін болмай қалды”-деп жазды [126, 41 б.].

Дегенмен, бұл кітап сол жылдары болып өткен драмалық оқиғалар ілеспелі /синхронды/ бейнеленген жазба дерек көзі емес. Ол Н. Назарбаевтың өзіне ғана тән қолтаңбасы бар, келешекті көздей отырып, өткенге талдау жасалынған ерекше күрделі туынды. Автор өз еңбегінің ерекшелігі туралы: “Жазып отырғаным саяси мемуар емес. Сондықтан оқиғалық жүйелілікті қадағалағаныммен, хронологиялық жүйелікті қадағалағаным жоқ”-деп жазды [126, 41 б.]. Сонымен қатар кітапта өзіндік ерекшеліктері бар дерек көздерінің үлкен бір тобын құрайтын, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектесетін фотобейнелер де көптеп келтірілген. Әрине, зерттеушілер бұл ерекшеліктерді ескерулері керек болады.

Ерекше көңіл аударатын деректанулық талдау талаптарының бірі, ол “Ғасырлар тоғысының” тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретінде пайда болуының тарихи жағдайы. Жоғарыда автордың өзі айтқандай, еңбек Қазақстанның жаңа Конституция бойынша өмір сүре бастаған алғашқы айларында дайындалған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі Қазақстан Республикасының толығымен Президенттік билік фрмасына көшуі еді. Ал Президент 1990 жылдың сәуірінен осы міндетті атқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Демек, еңбек бұрыннан билік басында болған, бірақ ендігі жерде, Ата заңымызға сәйкес, тұтас бір республика тағдыры үшін бар жауапкершілікті толығымен өз мойнына алған адамның ел басқару ісіндегі жаңа кезеңінің басында жазылған. Бұл фактордың кітаптың мазмұнына, яғни деректік ерекшелігіне әсер етпей қоймайтындығы түсінікті. Автордың: “Өз басымыз – кейбір үзілді-кесілді кесіп-пішіп сөйлеуге құмар “бір күндік қана” саясатшылардай емес, әр алуан билік ортасында көптен араласып келе жатқан адамбыз. Сол себепті де кісілерге баға бергенде мәмлегерлік әдеп ауқымынан аттай алмасақ, неге олай болатынын оқырман айтпай-ақ түсінеді ғой деп ойлаймыз”-деп жазуы соның дәлелі [126, 3 б.].

1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” деген атпен Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Өзінің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық ұсыныспен Қазақстан халқының алдына шығу себебін Н. Назарбаев: “Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті”-деп түсіндірді [127, 5 б.]. Ал, оның қалай пайда болғандығы туралы: “Осы жолдау менің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнап сөз сөйлеу жөніндегі Конституциялық міндеттерімнің шеңберінде әзірленген болтын”-деп жазды [127, 11 б.]. Демек, біріншіден, еңбек Елбысының ел болашағының қандай болатындығы туралы өз ойын, уақыт талабынан шыға отырып, халықпен бөлісу арқылы айқындап алу қажеттігінен туындаса, екіншіден, Президенттің атқаруға тиісті Коститутциялық міндетін орындау барысында пайда болған. Сондықтан еңбек біржағынан, ел басқарып отырған тұлғаның ел болашағының алыс перспективсы туралы ой-толғаныстарының жемісі болса, екінші жағынан Президенттің өз құқықтарына сай ұсынған мемлекеттің дамуының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының бағытын айқындаған бағдарлама, яғни ресми құжат болып табылады. Біздің ойымызша еңбектің басты ерекшеліктерінің бірі де осында.

2005 жылы 11 қазанда Астана қаласында Даму стратегиясының жарияланғанына сегіз жыл толуына арналған “Қазақстан-2030” Стратегиясы іс жүзінде” деген тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев Жолдаудың қандай жағдайда қабылданғандығы және оның негізгі ерекшеліктері туралы: “Еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын айқындаған осы жолдау жария етілгенде оны қолдаушылардан сынаушылар әлдеқайда басым еді. Мен сол кезде ел өміріндегі әлі шешілмеген түйінді проблемалардың көптігіне қарамастан, алған бағытымыздың анықтығына, таңдаған жолымыздың туралығына сендім. Бүгінгі Қазақстанның қол жеткізген табыстары – біздің бірден-бір дұрыс жолды таңдағанымызды айқын дәлелдеп шықты.

Біріншіден, бұл кеңестен кейінгі республикалар ішіндегі ұзақ мерзімді стратегиялық дамуға арналған алғашқы құжат болды.

Екіншіден, бағдарлама Қазақстан экономикасы дамуының бар мүмкіндігін мейлінше елеп-ескеріп, еліміздің нақты мүмкіндіктері мен айқын перспективасына құрылды.

Үшіншіден,Стратегия қоғам өмірінің: ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім, түбегейлі экономикалық реформа, денсаулық сақтау, ғылым-білім мен халықтың әл-ауқатын көтеру салаларын түгел қамтып, бүгінде шетелдік сарапшылар “қазақстандық даму жолы” деп ат қойып үлгерген дамудың қазақстандық моделі жасалды”- деп баяндады [128, 56 б.].

Жолдаудың мазмұнына деректанулық талдау жасау оның Президент Н.Ә. Назарбаев жасаған тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздері арасында өзіндік орыны бар ерекше дерек көзі екендігін көрсетеді. Мысалы, “Біз бүгін қай жерде тұрмыз”-деп аталатын Жолдаудың бірінші тарауында еліміздің 1997 жылғы, яғни тәуелсіздік тарихының алғашқы жылдарындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы айқын көрсетілсе, “Қазақстан мұраты” деп аталатын тарауда 2030 жылғы Қазақстан моделі суреттелген. Ал, “Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары” деп аталған тарауда сол моделге жету жолдары айқындалған. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеушілерге осы еңбекті дерек көзі ретінде пайдалана отырып, біздің неден бастағанымызды, алдымызға қандай мақсаттар қойғанымызды, оған қалай жеткенімізді зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір қайталанбас /уникальный – С.С./ дерек көзі екендігін көрсетеді.

Сонымен қатар 1998 жылы Н. Назарбаевтың “Қалың елім, қазағым” және “Қазақстан-Ресей қатнастары” деп аталатын екі еңбегі жарық көрді. Екі еңбекке де тән ортақ ерекшелік, екеуінің де жинақ түрінде дайындалып, жарық көруі. Бірінші кітапқа Н. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы ретінде қазақ халқының өткен тарихы, бүгіні мен болашағы және шет елдердегі қазақ диаспорасы жайлы әңгіме-сұхбаты, баяндамалары мен сөйлеген сөздері енсе, екінші кітапқа Қазақстан Республикасының ең ірі көршісі және стратегиялық серіктесі Ресей Федерациясы арасындағы қатнастар туралы айтылған баяндамалар, сөйлеген сөздер, мақалалар, сұхбаттар енген. Екі туындының дайындалу және жарық көру формалары ұқсас болғанымен, екеуі тарихымыздың екі түрлі саласынан мәлімет беретін екі бөлек дерек көздері болып табылады.

“Қалың елім, қазағым” жинағына ХХ ғасыр соңына қарай өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, өз жерінде, ата мекенінде өз мемлекетін қайта құра бастаған қазақ ұлтының тарихы мен тағдырына, бүгіні мен келешегіне арналған дүниелер енген. Демек, олардың пайда болуы, жаңа мемлекет қалыптасырушы негізгі ұлт ретінде, қазақтардың тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қалыптастыру ісіндегі ерекше орнымен айқындалады [129]. Ал, “Қазақстан-Ресей қатнастарына” енген дүниелердің пайда болуы тарихи, географиялық, әсіресе әлеуметтік және т. б. әр түрлі факторлрға байланысты Қазақстан тарихы үшін де, бүгіні мен келешегі үшінде Ресейдің алатын ерекше орнынан туындаған [130].

Н. Назарбаев еңбектері арасында басқаларынан өзінің пайда болу объективтілігі жағынан да, мақсаты мен міндеттері жағынан да, мазмұны мен мағанасы жағынан да, демек, дерек көзі ретіндегі ерекшелігі жағынан да оқшау тұрған еңбек, ол 1999 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарих толқынында” атты кітап. Елбасының, әлем мойындаған саясаткердің тарих толқынына ден қойып, елінің, ұлтының бүгіні мен келешегін сол тарих толқындары жалғастығынан іздеу себебі туралы автор кітаптың алғы сөзінде: “Кездейсоқ болмауы керек, Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағаналы нысанның өн бойында табиғат та, тарих та тоғысып жатыр. Қазақтар тарих толқынында…

Егер саясаткер бүгінмен ғана беттесер болса, онда олардың тағдыры анағұрлым жеңілдеу болар еді. Әрекет үстіндегі саясаткерлер, мейлі күйретуші немесе көркөйтуші болсын, олардың драмаға толы тірлігі қайткен күнде де тарихтың толқындарымен шендесіп жатады. Мұны саяси театр актерінің өзі сезіне ме, жоқ па, онда тұрған ештеңе жоқ. Гәп басқада – гәп жаңағы тарих толқындарымен шендестіріп жататын күштің таза практикалық немесе өткінші істерді бірде айқындап, енді бірде көлеңкелеп жататынында болса керек.

Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың “табын” сезінгендігімде деп білемін”-деп түсіндіреді [131, 4 б.]. Демек, Н. Назарбаевты тарихқа “алып келген” тарих сабақтастығы, “бүгінгі күннің оқиғалары” сырына тарих арқылы тереңірек үңілудің қажеттілігі.

Тыңдай білген адамға тарих тағылымы мол ұстаз, пайдалана білген адамға тарих теңдесі жоқ таным тәсілі. Ол бәріне де, оның ішінде саясаткерге де қажетті құрал. Сондықтан да Елбасы: “Тарихқа археологиялық зерттеулердің пәні тұрғысынан қарамай, бүгінгі өмірді танудың тәсілі тұрғысынан қарағанда “саясат” деген кінәмшіл үрдіс әрқашан алдыңнан шығып отырады.

Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-мағанасы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда “МЕН” дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де тамырласып жатыр”-деп жазды [131. 6 б.].

Сонымен қатар Н. Назарбаев: “Бүгінгі таңда, ұлттық тұтастығымызға тұғыр болатын азат мемлекеттігіміздің құрылысын беріктей түсуден мәнді мақсат та, міндетте жоқ”-деп [131, 56 б.], ұлт алдында тұрған ең басты міндетті атап көрсете келе, бұл міндетті орындаудағы тарихтың рөлі туралы: “Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс… Тарихтағы өз орныңды білу,бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!”-деп жазды [131, 56-58 бб.].

Сонымен қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабының тәуелсіз Қазақстан тарихының жеке адамдық жазба дерек көзі ретіндегі басқа еңбектерінен басты айрмашылығы, автордың тәуелсіздік тарихының тамырын тарихтан іздеушілдігі. Егер, басқа еңбектерде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің пайда болуының объективті алғышарттары туралы айтылып, нақты мемлекет құру ісі бейнеленсе, “Тарих толқынында” сол мемлекеттің тереңнен бастау алған ірге тасы туралы айтылған.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құру және нығайту тарихының маңызды дерек көздерінің бірі, Н. Назарбаевтың 2001 жылы Астана қаласындағы “Елорда” баспасынан жарық көрген “Бейбітшілік кіндігі” атты еңбегі. Кітаптың алғы сөзінде автор: “Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамға сенуден қалды, бірақ ядролық күшке сеніп алды… Адамның мұндай сенімінің ақыры немен тынады? Адамзат өзіне деген сенімге қашан оралады?

Бұл “ядролық” құндылықтарды танудың шегі мен оны қайта бағалаудың рецептері туралы кітап емес. Бұл кітап – күштің парасатқа өктемдігінің күшейе түскен қатері мен адамзаттың “ядролық” қауіпсіздік формуласын қинала іздестіруі туралы толғам-кітап”-деп жазған [132, 3 б.]. Демек, кітап еліміздің ядролық қауіпсіздігі мәселесіне арналған. Ол біздің тарихи тағдырымыздың ерекшелігінен туындаған мәселе. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында әлемге Қазақстан тек жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде ғана белгілі болып қойған жоқ, сонымен қатар ядролық қаруы бар жаңа мемлекет ретінде де белгілі болды. Тағдырдың тәлкегімен, тәуелсіздік бізге жойқын қуаты бар, көптеген елдердің қолы жетпей жүрген, ядролық қарумен қоса келді. Ел алдында, Елбасы алдында тек жаңа мемлекеттің іргесін қалау ғана емес, сол мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ядролық қарудан құтылу міндеті де тұрды.

Кітаптың пайда болуының объективтілігі ядролық қару мәселесімен тікелей байланысты. Ол туралы Н. Назарбаев “Семсерлер мен соқалар” деп атаған кітаптың прологында: “Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Уақыт біздің таңдауымыздың кемеңгерлігін қуаттады. Бұл жөнінде бүкіл адамзатқа айтып беру керек те, қажет те және мұны сөз иесінің өзінен білген абзал. Осынау ақ жарылып, сыр айтар кітап осылай туды”-деп, кітаптың дүниеге келу себебін анық айтқан [132, 12 б.]. Кітаптың бірнеше әлемдік тілдерге аударылуы әлем тарихында Қазақстанның бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел екендігін “бүкіл адамзатқа сөз иесінің өзінен білуге” мүмкіндік берді.

Н.Ә. Назарбаевтың келесі 2003 жылы Алматы қаласындағы “Атамұра” баспасынан шыққан “Сындарлы он жыл” атты кітабы да, сол қауіпсіздік мәселесіне арналған. Бірақ, онда ядролық қауіпсіздік емес, соңғы онжылдықтарда кең етек жайған халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм сияқты әлемдік дерттер және оларға қарсы күрес жолдары туралы айтылған. Мысалы, кітаптың кіріспе бөлімінде автор: “Терроризм, сепаратизм, экстремизм дегеніміз соғыс. Демек кез келген соғыстағы сияқты, біз, антитеррорлық коалиция мен ерікті елдер ынтымақтастығының мүшесі ретінде қару қолданбай отыра алмаймыз. Алайда халықтар мен мемлекеттердің мүддесіне қайшы келетін байлар мен кедейлер әлемінің арасындағы түпсіз шыңырауды, бейбітшілік декларациясына қатыса отырып, қару-жарақ сатушылықты, планетадағы миллиондаған адамдардың есірткіге кіріптарлығын пайдаланып, қыруар қаржы жасаушылықты, геосаяси өркөкректік пен өзімшіл өлермендікті жоймай тұрып, терроризмді жою да мүмкін емес”- дейді [133, 12 б.].

Бұл жолдардан кітаптың пайда болуының объективтілігі халықаралық қауіпсіздік және оған жету жолдары екендігін байқауға болады. Сонымен қатар әлем қауіпсіздігі аймақтық, ұлттық қауіпсіздігінің басты факторларының бірі екендігі де, Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы ұстанымы да, кітаптың пайда болуына әсер еткендігі даусыз. Ол туралы Н. Назарбаев: “Біздің аймақтық, ұлттық қауіпсіздігімізге деген қауіп-қатер баршылық және оның сипаты өзгермей тұр. Алайда мен бұрынғыша, тек өзара келісімге негізделген бітімгершіл саясат пен сенім ғана алдағы уақытта да, Қазақстанның осы жылдар ішінде ұстанып келгеніндей, бейбітшілік режимін орнықтыру жолында ықпалды да тиімді құрал бола алады, сонымен бірге алдағы ахуалға да қызмет етеді деп есептеймін”-дейді [133, 26 б.].

Тәуелсіз Қазақстан халқының, қазақ ұлтының, оның бүгінгі және келешекте дүниеге келер ұрпағының өз тарихындағы мақтан тұтар тұстарының, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құрудағы атқарған басты істерінің, Елбасы бастап, елі қолдап тұрғызған жасампаздық нысаны – Ел Ордасы Астана қаласы. Н. Назарбаевтың 2005 жылы жарық көрген “Еуразия жүрегінде” атты кітабы сол Астана қаласының тарихына арналған. Кітаптың алғы сөзінде Н. Назарбаев: “Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразаияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық”-деп жазса [134, 9 б.], кітаптың соңында “Нұрсұлтан Назарбаев, 1993-2005.”-деген жазу бар [134, 182 б.]. Демек, кітаптың пайда болуының объективтілігі, тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті салаларының бірі – Астана қаласының дүниеге келуі, оның көрсетілген жылдар аралығындағы, яғни сегіз жылдық тарихының кітапта бейнеленуі. Астана тарихы кітапта тек жазба түрде ғана емес,сонымен қатар қала тарихы, оның ғиамараттары көркем фотосуреттер арқылы да бейнеленген. Маңызды дерек көздері ретінде олар кітаптағы автор жеткізіп отырған мәліметтерді толықтыра түсері күмәнсіз.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері аясында дүниеге келген біздің тақырыбымызға тікелей қатысты еңбек, ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында” атты Қазақстан халқына Жолдауы. Әрине, Жолдаудың Ата заңымызда көрсетілгендей Президенттің жылдағы міндетті Жолдауы ретінде пайда болғандығы белгілі. Дегенмен, бұл Жолдауды Қазақстан халқы ерекше маңызы бар тарихи Жолдау ретінде қабылдағаны да шындық. Оның саяси-әлеуметтік маңызын айтпай-ақ, Жолдаудың бірінші тарауының “Біз неден бастадық”-деген мәселеден басталып, екінші тарауда осы жылдар аралығында жүріп өткен жолымызға, нақты қол жеткізген табыстарымызға, мемлекет құру барысында атқарылған істерге терең талдау жасалынуы, еңбектің деректік маңызын арттыра түскен.

Мемлекеттілігіміз тарихының дерек көздерінің маңызды бір бөлігін Н. Ә. Назарбаевтың әр жылдары, әр түрлі басылымдарға берген сұхбаттары құрайды. Олардың бір тобы жоғарыда аталған Жинақтарға енген, енді бір бөлігі газет не жорнал беттерінде сақталынған. Көп жағдайда Н. Назарбаев сұхбаттарында өзі туралы не мемлекет тарихына қатысты мәселелер туралы айтқан. Сондықтан олар да біздің зерттеу объектіміз болып табылады. Мысалы, солардың бірі ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы У. Қалижан мен саясаткер М. Құл-Мұхамедке берген “Халықтан жасыратын ештеңе жоқ”деген тақырыппен жарияланған сұхбаты [120].

Сонымен қатар Н. Ә. Назарбаевтың Елбасы ретінде ҚР мерейтойларына арнап 1996, 2001 және 2006 жылдары салтанатты жиындарда жасаған баяндамалары да тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздерін құрайды. Ел тәуелсіздігінің 5, 10 және 15 жылдығына орай жасаған өз баяндамаларында Елбасы тәуелсіздік кепілі ретінде жаңа мемлекеттің пайда балу, қалыптасу және даму тарихы туралы ойларын Қазақстан халқына жеткізіп отырған.

Деректанулық зерттеуде сыныптау проблемасының маңызы үлкен. Ол зерттеушіге нақты деректің немесе дерек көзінің ерекшелігін анықтауға және сол ерекшеліктен шыға отырып зерттеу тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы қағидаға сай Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретінде кезеңдік, хронологиялық, тақырыптық, мазмұндық, мақсаттық, формалық т. б. принциптерге сай сыныптауға болады. Мысалы, 1991 жылы жарық көрген “Әділеттің ақ жолы” кеңестік кезеңде дайындалып, жарияланған еңбекке жатса, басқа дерек көздері ретінде қарастырылып отырған Н. Назарбаев еңбектері тәуелсіздік кезінде жарияланған еңбектерге жатады. Ал, олардың дерек көздері ретіндегі ерекшеліктері де сол кезеңдердің ерекшеліктерінен туындайды.

Атап айтқанда, “Әділеттің ақ жолы” Қазақстанның әлі де болса КСРО-ның құрамында, саяси биліктің Орталықтың, яғни Мәскеудің және КОКП басшыларының қолында тұрған кезінде жазылған. Бұл фактордың кітаптың мазмұнына әсер еткендігі түсінікті. Сондықтан автор республика алдында тұрған проблемеларды жалпы Одақтық проблемалар контексінде қараған. Ал, басқа еңбектерде тәуелсіз мемлекет құру тарихы баяндалған. Дегенмен, олардың өздерін де тәуелсіздік тарихының даму кезеңдеріне сай сыныптау қажет болады. Мысылы, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде дүниеге келген еңбектер мен соңғы жылдары пайда болған еңбектердің арасында үлкен айырмашылықтар бар. Егер, өтен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысындағы еңбектерде негізінен елдегі саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты туындаған қиындықтар мен жаңа мемлекет құрудың теориялық негіздері мен жолдары туралы айтылса, кейінгі еңбектерде қол жеткен табыстар мен тәуелсіздікті одан әрі нығайту бағыттары туралы айтылған.

Хроналогиялық принципке сай сыныптау да Н. Назарбаев еңбектерінің әр қайсының ерекшеліктерін анықтай түсуге мүмкіндік береді. Мысылы, 1993 жылы ҚР бірінші Констиутциясының қабылдануы елде парламентік-президентік саяси билік жүйесінің қалыптасуын заң жүзінде бекітсе, 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заңымыз елде Президенттік басқару формасының орнағандығын заң жүзінде бекітті. Осыған сай еңбектердің де 1995 жылдың тамызына дейінгі еңбектер және одан кейінгі еңбектер болып сыныпталуы мүмкін.

Сонмен қатар, Н.Ә. Назарбаев еңбектерін тақырыптарына және мазмұнына қарай да сыныптау тәсілін пайдалануға болады. Оларды мазмұны жағынан: саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерге, халықаралық қатнастарға немесе сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздікке, ұлттар достығына, қазақстар қауымдастығына, ұлт тарихына, ел келешегіне т.т. арналған еңбектер деп сыныптауға болады. Әрине, оның бәрі шартты түрдегі сыныптаулар екендігі түсінікті. Өйткені Н. Назарбаев еңбектері ел өмірінің барлық саласын қамтиды, сондықтан олардан әр алуан мәселелер бойынша маңызды мәліметтер алуға болады. Дегенмен шартты сыныптаулардың өзі де зерттеушіге зертеу мақсатына сай өз керегін табуға көмектесері күмәнсіз.

Пайда болу формасы жағынан да Н. Назарбаев еңбектері әр алуан болып келеді. Олар: заманхаттық сипаттағы еңбектер, естеліктер, ой толғаулар, сұхбаттар, Жолдаулар, баяндамалар, мақалалар т.т. Кейде осылардың бірнешеуі кездесетін күрделі еңбектер де бар. Олардың әр қайысы да өздеріне сай деректанулық талдау тәсілдерін қолдануды қажет етеді. Сонымен қатар Елбасы туындыларының арасында өзінің пайда болу формасы жағынан ерекше туынды болып табылатын — өлеңдер де бар. Н. Назарбаевтың халық арасына кең тараған бірнеше ән мәтіндерінің авторы екендігі көпшілікке белгілі. Бодандық қойнауында дүниеге келіп, бүгінгі күні еліміздің ән-ұранына айналған “Менің Қазақстаным” да Назарбаев сөздерімен толықтырылып, тәуелсіз елдің ән-ұраны дәрежесіне ие болды.

Н.Ә. Назарбаев еңбектері тарихи дерек көзі ретінде сақталу формасы жағынан да әр алуан. Олар бұхаралық ақпарат құралдарының негізгі түрін құрайтын – газет не жорналдарда, жеке кітаптар мен кітапшаларда және ақпарат көздерінің ең жаңа түрі — интернетте қазақ, орыс және басқа да көптеген ұлттардың тілінде сақталуда. Жәнеде солардың көбі қазақ немесе орыс тілінде тілінде пайда болған түпнұсқалық еңбектер болып табылады. Бұл деректану ғылымы үшін маңызы аса үлкен фактор.

Қорыта айтқанда, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде пайда болуының объективтілігі, КОКП-ның 1985 жылғы сәуір Пленумынан кейін басталған КСРО-дағы қоғамдық құбылыстармен тікелей байланысты. “Қайта құру” деген атпен басталған қоғамдық процесс КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз республикалардың пайда болуымен аяқталды. Ал, ол, өз кезегінде, басқа да бұрынғы одақтас республикалардғы сияқты, Қазақстанда да жаңа мемлекет құруға алып келді. Осының бәрі Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде бейнеленді. Демек, Н. Назарбаев өзі куә болып, белсене араласқан қоғамдық құбылыстар туралы жазу арқылы, тәуелсіз Қазақстан тарихының өзіндік ерекшеліктері бар маңызды дерек көздерін жасады.

Шексіз билікке ие болған КОКП басшылығын сынаған “Әділеттің ақ жолы…” атты кітабының КСРО өмір сүріп тұрған кезде пайда болуы, ондағы тәуелсіздік қарсаңында қалыптасқан елдегі жағдай туралы мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдесе, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген еңбектерінде өз мемлекетімізді қайта қалыптастыру тарихының бейнеленуі Н. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының маңызды жазба дерек көздеріне айналдырып отыр. Сонымен қатар, Н. Назарбаев еңбектерін пайда болған уақытына, мазмұны мен мақсатына, жаныры мен формасына қарай сыныптау, әр еңбектің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, сол ерекшеліктерге сай деректанулық талдау тәсілдерін қолдану қажеттігін көрсетеді.

Abai.kz 

T. Кіршібаев