Әңгіме басын, тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы жетістіктерден бастасақ. Осы тарихи кезең ешкімге жалтақтамай тәуелсіз мемлекет құрудың қамына кірісуге жол ашты. Біз азаттығымыздың арқасында өркениетті елдердің жолымен жүруге мүмкіндік алдық. Осы уақыт ішінде көптеген күрделі реформалар жүргізіп, қоғамымыздың бұрынғы бетпердесін түбегейлі өзгертіп, қазіргі заман талабына сай қайта жасауға кірістік.
Ұлан-ғайыр істердің алғашқы жылдарында әртүрлі себептерден туған батпандай қиындықтарды да басымыздан өткізуге тура келді. Оларды еңсере біліп, қол жеткізген жетістіктерімізді ауыз толтырып айтуға болады. Алғашқы онжылдықта мемлекеттік басқару жүйесі, ішкі-сыртқы саясат, әлеуметтік қорғау, нарықтық экономика жүйелері жасалып, іске қосылды. Әлемдік қауымдастықта демократия мен нарықтық экономикаға көшкен ел ретінде тиісті орнымызды алдық.
Біз жүргізген сыртқы саясат көптеген әлем елдерімен достасуымызға, олармен тығыз байланыс орнатып, жас мемлекетіміздің дамуына керек мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға жағдай жасады. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ешбір елмен дауласпады, жаға жыртыспады. Бүгінгі алай-түлей заманда байсалды, бейбіт қалпын сақтай білген бірден-бір ел – біздің Қазақстан.
Мемлекетіміз жүргізген ішкі саясат егемендік жылдарында еліміздегі ұлттар достығын, бірлігін сақтап, барша халықтың бір мақсатқа жұмыла кірісуін қамтамасыз етті. Әрбір қоғамның сапасы оның тұрақты дамуымен өлшенеді. Егемендіктің тұсында қазақ қоғамы тұрақты дамудың үлгісін көрсетті. Араласқан әлем елдері біздің қоғамның осы қасиетін әр уақытта айтып, үлгі етіп жүреді. Егемендік туын көтергенімізге он жылға жетпей, АҚШ, Германия, Франция, Италия, Австрия сияқты дамыған елдер Қазақстанды демократиялық үрдісті қабылдаған, нарық экономикасы елі деп таныды. Нәтижесінде, шет елдерден бізге керек миллиардтаған инвестиция келді, жүздеген кәсіпорын бой көтерді, өндірістің бізде бұрын болмаған – машина жасау, ақпараттық технология, ядролық энергетика, химия, құрылыс материалдары өндірісінің заманауи салалары, өңдеу, тамақ өнеркәсібінің көптеген нысандары салынып, іске қосылды.
Егемен елдің өзіне тән салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, бүгін осы салалардың барлығы да елімізде тұрақты түрде жұмысын жалғастыруда. Кәсіпкерлердің саны да, сапасы да өсті. Қазір бізде әлемдегі озық үлгіге сәйкес жасалған қаржы жүйесі бар. Қазақстан экономикасын келеңсіз жағдайлардан сақтандыратын, тығырықтан шығуына тікелей жәрдемдесетін өте қомақты қаржы жиналған Ұлттық қорымыз жұмыс істейді. Егемен елдің экономикасының айналымын қамтамасыз ететін ұлттық валюта – теңге бар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нарық экономикасы толыққанды жұмыс жасау үшін оның барлық тетіктері жасалды.
Тәуелсіз елдің көшін бастаған Тұлға
Тәуелсіздік асуларын баяндай келіп, еліміздің көшін бастаған, реформаларды табандылықпен жүргізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен деп айтуымыз керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихымыздың өте бір күрделі кезеңінде егемендігіміздің туын көтеріп, мемлекетімізді басқару ісінде кемеңгерлігін көрсете білген қайраткер. Оның сарабдал саясаты Қазақстан жұртының қол жеткізген жетістіктерінің демеушісі һәм жебеушісі болды.
Мемлекет басшысы халқымыздың келешегін анықтайтын, болашағын бүтіндейтін күн тәртібін ұсына білді және оның жүзеге асуын үлкен шеберлікпен, жасампаздықпен басқарды. Қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолдарын әлем елдерінің назарына ұсынғаны – оның халықаралық дәрежедегі қайраткер екенін танытты. Мұны әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің Президентіміз туралы шешіле сөйлеген сөздерінен, іскерлігін мойындаған пікірлерінен білеміз.
Бізді, қазақтарды, әлем сахнасына шығарып, елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Әбішұлындай қайраткер қазақ тарихында бұрын болған жоқ. Ол ұсынған, халық қолдаған саясаттың арқасында біз, қазақстандықтар барша әлемді шарладық, жер беті өркениетінің озық үлгілерімен сусындадық. Дамыған елу елмен иық тірестік. Елбасы көрегендігімен қолға алынған шаруалар елімізді әлі талай белестерден биіктетіп, асулардан асыратынына сенім мол.
Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзінің кемеңгерлігімен Астананы әлем елдері басшылары жиналып, заманымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне көтере білді. Астаналық форумдар шешімдері әлем елдері тарихында сақталатынына күмән жоқ.
Қазақ сахарасының елдік философиясы
Осыдан бір-екі жылдай бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан шыққан өзі туралы естелігін оның тамаша баяндалған өмір философиясы деп едім.
Міне, Елбасының қаламынан тағы бір тамаша туынды жарық көрді. Оқыдым, тақырыптарына көз жібердім, терең сырларына да бойлауға тырыстым. Осылардан кейін «Ұлы дала ұлағаттары» қазақ сахарасының ғасырлар бойы қалыптасқан елдік философиясы деген тұжырымға келдім. Тұрмыс, салт-дәстүр, дархан көңіл, қариялар мен жас ұрпақ, жақсы мен жаман, үкілеген үміт, әлем елдері мен қазақ қоғамы, Мәңгілік ел болу жолдары, осылардың бәрі де біздің дүниетанымымыз бен асқақ арманымызды көрсете білетін ұлы дала перзенттерінің адами қырлары. Олар терең ой, сұлу сөзбен ерекше безендірілген.
Кез келген қоғамның кемшілігі де бар. Президент бұл туындысында дәл қазіргі кездегі түйінді мәселелерді де, шешуі қиын проблемаларды да сөз еткен екен. Және оларды тарқату жолдарын да егжей-тегжейлі баяндай кетеді. Сондықтан қоғам назарын тіккен еңбекті ендігі даму жолымыздың бір жоспары деп те айтуға болады.
«Ұлы дала ұлағаттары» оқырманына ой салады, жас ұрпақтың өз Отанына құрметін арттырады. Елдігімізді паш еткен еңбек орыс, ағылшын тілдеріне аударып, әлем жұртшылығы назарына ұсынуға сұранып-ақ тұр. Елбасының өз халқын, оның өмір философиясын әлемдік қоғамдастықтың білуіне жасаған тағы бір сәтті қадамы болар еді.
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
Академик