- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Қолөнер шеберлері ЭКСПО-ға...
Қолөнер шеберлері ЭКСПО-ға қатыса алады
«EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымының төрайымы Салтанат Рақымбекованың айтуынша, ЭКСПО көрмесі кезінде арнайы этноауыл ашылады. Сол жерде еліміздің қолөнер шеберлері өз тауарларын ұсынып, келген қонақтарға сата алады. Алайда, әзірше аталған этноауылға іріктеудің нақты талаптары әзірленген жоқ. Дегенмен, республика бойынша көрмеге қатусға ниет білдірген шеберлердің тізімі бар.
«Енді, іріктеу талаптарын әзірлеу үшін бірнеше «дөңгелек үстел» өткізіп, осы мәселені кеңінен талқылап алу қажет. Өйткені. алдымен қолөнер шеберлерінің әлеуетін байқап алған жөн. Олар қанша тауар шығара алады, оның сапасы қандай, мазмұны және тағысын тағы. Біз осының бәрін зерделеп, ұсыныс жасаймыз. Соның негізінде нақты бір талаптарды әзірлеуге болады», - дейді С.Рақымбекова Астанада өткен «ЭКСПО-2017 – қолөнерді дамыту және кәдесый бұйымдар өндірісінің әлеуеті» атты дөңгелек үстел аясында.
Оның айтуынша, колөнер бұйымдарын сату орындары тек көрме алаңында ғана емес, бүкіл қала аумағында ашылады. Сондықтан Астана қаласының әкімдігі қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, осы саладағы отандық шеберлердің әлеуетін зерделеп шығуға мүдделі.
«Көктемде біз үлкен жәрмеңкені өткізген болатынбыз. Ал қыркүйектің 9-10 күндері тура сондай үлкен жәрмеңке ұйымдастырылады. Оған республиканың түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері қатысып, өз тауарларын көрсете алады. Міне, осы іспетті шаралардың арқасында біз өз мүмкіндіктерімізді байқап көрмекпіз», - дейді С.Рақымбекова.
Бүгінде Қазақстан бойынша 100-ге жуық қолөнер шебері бар. Олардың барлығы ЭКСПО-ға қатысуға ниетті.
Дереккөз: bnews.kz
Е. Жұмабайұлы