- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- "2019 жыл –...
"2019 жыл – Жастар жылы" бастамасы қалай пайда болды?
ҚР Президенті 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған еді. Оның ашылу салтанаты 23 қаңтарда Астанадағы EXPO-2017 көрме орталығындағы "Нұр Әлем" павильонында өткен еді. Үкіметтің биылғы жылды Жастар жылы деп жариялау туралы жобасы қашан басталды?
Жастар жылы жобасы 2018 жылдың қазанында даярлана бастады. Нақтырақ 2018 жылғы 19-20 қазан күндері Астана қаласында «Инвестиция – жастарға! Ешкімді тыс қалдырмайық» тақырыбында халықаралық конференцияда алғаш рет айтылған еді.
Былтыр өткен конференцияда жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әрбір елде, әр қоғамда жастардың орны бөлек, олар қоғамның, халықтың, ұлттың болашағын қалайды, - деді. Осы жолда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бастап, жастар мәселесіне зор көңіл бөліп келе жатқанын атап өткен палата спикері, оладың барлығын жан-жақты қолдау үшін Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сонымен қатар жастар саясатына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Олардың барлығы жастардың рөлін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілетін күшейтуге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Олар халықтың белсенді бөлігі болуымен қатар, ұлттық бәсекеге қабілетін арттырудың маңызды факторы, – деді Нұрлан Нығматуллин.
Екі күн бойы өткен конференция Астана декларациясының қабылдануымен аяқталады. Қабылданған Астана конференциясы бүкіл Азия елдерінің жастар мәселелерін шешуге және жастарды қолдауға оң серпін береді. Конференция нәтижесінде атқарылатын іс-шаралар жастардың білім алып, денсаулықтарын сақтау үшін қолжетімділіктерін қамтамасыз ету, білім алғаннан кейін жұмысқа орналасу, сондай-ақ әлеуметтік мәселелермен қатар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуларына мүмкіндік бермек.
40-қа жуық мемлекеттен өкілдер келген форумды Қазақстан Парламенті Мәжілісі, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі, Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі Азия қауымдастығы, сондай-ақ БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қоры және Жапония үкіметінің қолдауымен ұйымдастырған еді. Форум жұмысы Азия-Тынық мұхиты аймағынан Парламент өкілдері, халықаралық сарапшылар және ғалымдардың, мүдделі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдар өкілдерінің, жас көшбасшылардың қатысуымен өтті.
Осылайша, «Жастарға инвестиция» халықаралық конференциясында әлемнің 40-қа жуық елінен келген депутаттардың Қазақстанның 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы шешімін, бүкіл Азия елдерінің жастар мәселелерін шешуге және жастарды қолдауға деген ұмтылысын жоғары бағалады.
Massaget