2019 жылы Қазақстанда кезекті халық санағы өтеді. Оған бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінбек.
Қазақстанда халық санағы әр 10 жыл сайын өтеді (соңғысы 2009 жылы болды). Дәл осы уақыт принципі бойынша біраз елде халық санағы өтеді. Бірақ кей елдер, мысалы Канада әр 5 жылда өткізеді. Халық санағының арқасында мемлекет халықтың нақты санын, этникалық құрамын, тұрмыс жағдайын, алдыңғы санақпен салыстырғандағы өзгерістерді біліп, сараптай алады.
Алдыңғы санақтардың нәтижесі қандай болды?
1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы халық саны 1 млн 27 мың адамға өскен. Халықтың этгикалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26%, өзбектер 23,3%, ұйғырлар 6,8% өсіп, орыс, неміс, украин және өзге ұлттардың саны сәйкесінше 15,3 %, 49,5 %, 39,1 % және 4,8 % кері азайған.
Санақта не туралы сұрайды?
2019 жылғы санақ қағазында мекен-жай, неке статусы, табыс көзі, миграция, жұмысбастылық статусына қатысты стандартты сұрақтар болады. Бірақ биыл жаңа сұрақтар қосылған: респонденттің санақ кезіндегі орналасқан жері, денсаулық жағдайы (көз, есту, жүру, есте сақтау немесе концентрация); ҚР территориясында уақытша тұрып жатқан адамның азаматтығы және келгендегі мақсаты. Ұйымдастырушылар айтуынша, халық санағы кезінде жиналған мәліметтер қатаң түрде жасырын сақталады және тек жалпыланған түрде жарияланады. Бланктармен алдын-ала мына жерде танысуға болады.
Санақ қалай жүргізіледі?
Цифровизация санақ процесін де айналып өтпеді. Халық бланктарды онлайн толтыруына болады. Қазір санақтың екі кезеңнен тұратыны белгілі. Бірінші кезеңде (мамыр-маусым) интервьюерлер барлық тұрғын үйлерді аралап шығып, есептік аймақтарға бөледі. Екінщі кезеңде (1-15 қараша) веб-сайтта интернет-сауалнама жүреді. Сонымен қатар интервьюерлер планшетпен жаппай сауалнама жүргізеді.
Санаққа кімдер қатысады?
Қазақстанның барлық азаматы, оның ішінде кәмелетке толмағандар да кіреді. Санақ кезінде Қазақстан территориясындағы және шетелде жүрген (тұрақты немесе уақытша) ел азаматтары да қатысады. Сондай-ақ Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұрып шатқан шетел азаматтары да қатыспақ.
2019 жылғы санаққа қанша қаржы жұмсалады?
Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті халық санағына бюджеттен 8,8 млрд теңге сұраған. Оның ішінде: 3,3 млрд теңге персонал қызметіне; 1,9 млрд теңге санақ планшеттеріне; 1 млрд теңге "е-Статистика" ақпараттық жүйесін жетілдіруге; 2,6 млрд теңге жұмыс станцияларына, көпфунционалды құрылғыларға, жиһаз, кеңсе тауарларына, іссапар шығындарына, ғимараттар жалдауға және транспортқа жұмсалады.
Интервьюерлерге ақша төлене ме?
Ұйымдастырушылар айтуынша, халық санағына жалпы саны 30 мыңға жуық персонал (инструктор-контролёр, 1-ші, 2-ші деңгейлі интервьюер) қажет. Төлем істелген жұмыстардың акті бойынша төленеді, 1 айлық жұмысқа 72 143 теңге, 1,5 айға 108 214 теңге.