Шілде айының басында елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасы – "12-20-20" ипотекасы халыққа таныстырылды. Бағдарламаның әзірше толық шарты белгісіз, бірақ негізгі шарттары белгілі. Сондықтан бағдарлама толық нарыққа шыққанға дейін, үй алғысы келген азаматтың алдын ала дайындалғаны жөн.
Шарттары мынадай:
- Алғашқы жарна – 20%.
- Сома – Алматы мен Елордада, Шымкентте 35 млн теңгеге дейінгі үйлер, қалған аймақта 25 млн-ға дейінгілер.
- Ипотека пайызы – 11-12%.
- Ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.
Жаңа ипотеканың бір ерекшелігі – енді соғылып жатқан үйлердің өзін үлестік қатысым арқылы алуға мүмкіндік берілетіні. Мұны артықшылық дейтін себебіміз – енді соғылып жатқан үйдің бағасы әдетте қолданыстағы үйден әлдеқайда арзан болады.
"Жаңа ипотеканың жақсы жағы мынада. Біріншіден, берілетін сома әжептәуір үлкен. 35 млн теңгеге дейін. Үстіне ақша қосып, қалаған үйіңізді алуға болады. Екіншіден, салынып жатқан үйдің өзін үлеске қатысу арқылы алуға, сол арқылы арзан бағамен үй алуыңызға болады. Ондай үйлерді Қазақстан Тұрғын үй компаниясында кепілдік тұрған құрылыстан табасыз", - дейді Қазақстан Құрылысшылар ассоциациясының президенті Виктор Микрюков.
Оның айтуынша, бірақ үлеске қатысу арқылы үй алғанда абай болатын нәрсе көп.
"Үлеспен жұмыс істейтін құрылыс компанияларын дұрыс таңдау қажет. Көбінің тіпті құрылыс салуға лицензия мен рұқсаты жоқ. Кейбірінде тұрғын үй салатын жері де жоқ болуы мүмкін", - деп түсіндіреді Микрюков.
Қазір үй бағасы тұрақты. Мамыр-шілде айларында үйдің бағасы біршама түсті. Үйдің бағасының көтерілуіне қазір тек уақытша сұраныс пен құрылыс материалдарының қымбаттауы ғана әсер етуі мүмкін.
Ипотека шамамен 400-500 мың азамат үй алады деп жоспарланған.
Отбасының жалпы табысы 450-500 мың теңгені құраса, 27 млн теңгелік үйге мақұлдау алуға болады. Ай сайынғы төлем шамамен 230 мың теңге болмақ.