«100 қадам»: Өскелең ұрпаққа әлемдік деңгейде білім берілуі керек

«100 қадам»: Өскелең ұрпаққа әлемдік деңгейде білім берілуі керек
Фото: ru.sputniknews.kz

«Ұлт жоспарының 100 қадамы» Қазақстанның сыртқы қауіп-қатерлерге берген жауабы деуге негіз бар. Елбасының стратегиялық бастамасы еліміздің тұрақты дамуы мен 30 дамыған елдің қатарына енуге бағытталған. Осы тұрғыда Елбасы Ұлт жоспары аясында білім саласында бірқатар реформаларды жүргізуді тапсырды. Оның басты лейтмотиві - білім мен ғылым жүйесі уақыт талабына жауап бере алуы керек.  

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Қазақстанда жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланған. Оның басты мақсаты - даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру, қазақстандықтардың әлемдік қауымдастыққа және халықаралық процестерге еркін араласуына жол ашу. Сонымен қатар бұл жаңашылдық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеретін болады. Сондай-ақ, осы бағыт аясында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру жоспарлануда. Бұдан өзге, экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату жүргізіледі. «Ұлт жоспарының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында Қазақстан - ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізуге кіріседі. Осы бағытта біздің алдымызда 2 міндет бар.  

Біріншісі, ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыруға негіз болатын 2 инновациялық кластер құру. Екіншісі, ғылыми және ғылыми техникалық жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру жүйесін құру. Ол үшін арнайы заң жобасын жасау керек. Осы екі міндетті шешу мәселесі өте өзекті. Жалпы ғылым саласына соңғы жылдарда көп мән беріліп келеді. Осыған дейін 2 мыңнан аса ғылыми жобалар қаржыландырылды. Бүгінде 100-ден аса ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдардың ғылыми конкурстарға қатысудағы белсенділігі артып келеді. Биыл 5 мыңға жуық өтінім қабылданды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 есеге артық. Қазақстан ғалымдары 1,5 мыңға жуық патент алды.  

Мемлекет басшысы қазір Қазақстан мектептерінде үштілділік белсенді енгізіліп жатқандығын атап өтті. «Бұл - қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Бұл жоғары сыныптарда толықтай ағылшын тілінде білім алуға көшуге негізделген. Кейін біртіндеп университеттерде табиғи ғылымға баса ден қойылады. Келешекке осылайша бет бұрдық. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде жастарды 25 жылдан бері оқытып келеді. 20 мыңға жуық адам шетелде білім алып, бүгінде экономика саласында еңбек етуде. Біз үшін бұл ерекше жетістік!» - деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, ағылшын тілі - компьютер, әлемдік ғылым, мәдениет тілі. Қазақстан соңғы үш жылда 4 мыңнан астам шетелдік ғылыми маман тартты. Бұл - Қазақстанда ғылым тұтқасын ұстаған, ағылшын тіліндегі мамандарға сұраныс жоғары екенін білдіреді. Шақырылған ғалымдар саны соңғы 3 жылда 4401 адамды құрады, оның ішінде Еуропадан 1886, Оңтүстік-Шығыс Азиядан 237, АҚШ-нан 403, Канададан 11, Ресейден 1294, Беларусьтен 69. Мемлекет қазір шетелдерде жұмыс жасап жатқан отандық қазақстандық ғалымдарды қайтарудың және таланттардың кетуіне жол бермеудің белсенді саясатын жүргізуде. Ұлттық университеттерде және Назарбаев Университетте шетелдік ғалымдардың ел аумағына келуі үшін әлеуметтік-экономикалық шарттар қарастырылған. Оның ішінде, сақтандыру, біліктілікті арттыру, сыйақылар, материалдық көмек, баспана ұсыну, тұрғын үйге шығындарды өтеу, жатақханалар салу, спортпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған.  «Назарбаев Университет» АҚ-да осы жылдары 350-ден астам шетелдік ғалым тартылған, оның ішінде 26 қазақстандық ғалым. Олар негізінен Ұлыбританиядан, Канададан, Франциядан, Италиядан, Нидерландыдан және басқа елдерден келіп отыр. «Елбасы өз сөзінде: «Білім беру мен денсаулық сақтау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады», деп атап көрсетті. Яғни біз әлемдік талаптарға сай болуымыз керек. Жеткіншек ұрпаққа мектеп табалдырығынан бастап жоғары оқу орындарына дейін әлемдік деңгейде білім мен тәрбие берілуі керек. Қазақстанды жаңғырту - біздің ортақ ісіміз.  

Massaget.kz